Жаңғырудың негізі –тұрақтылық, бірлік, келісім

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылғы 26 сәуірде Астанадағы Бейбітшілік және келісім сара-йында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХV сессия-сына қатысып, сөз сөйледі.

«Жаңғырудың негізі – тұрақтылық, бірлік, келісім» атты тақырыппен өткен биылғы сессияға 1500-ден астам адам қатысты. Олардың қатарында елдің барлық өңірінен келген Ассамблея ардагерлері, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің төрағалары, Парламент депутаттары, орталық атқарушы органдардың, саяси партиялардың, діни бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, жоғары оқу орындарының ректорлары, шет мемлекеттердің дипломатиялық миссияларының, ғылыми, шығармашыл зиялы қауымның және БАҚ өкілдері бар.

 

Жиналғандар алдында сөйлеген сөзінде Елбасы 2017 жыл тәуелсіз Қазақстан тарихында еліміз үшін ерекше жыл болып саналатынын атап өтті.
– Жүйелі жаңғыру биыл біздің бүкіл жұмыстарымыздың өзегіне айналды. Біріншіден, экономикалық жаңғыруды қолға алдық. Екіншіден, саяси жаңғыруды бастадық. Үшіншіден, рухани жаңғыруға кірістік. Бұған мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаламды арнағанымды білесіздер, – деді Мемлекет басшысы.
Президент бағдарламалық мақаладағы негізгі міндеттерге назар аударып, Қазақстан қоғамының даму кезеңдеріне қатысты ойын ортаға салды.
– Мен ең алдымен болашақ қазақстандықтың болмысын айқындап, қандай болуы қажеттігін атап өттім. Біріншіден, ол – әлемдік бәсекеге қабілетті жасампаз тұлға. Екіншіден, алдына нақты мақсаттар қойып, соған ұмтылатын прагматик, әрі реалист. Үшіншіден, ұлттық бірегейлігін нығайтып, ұлтының дамуын тежейтін барлық нәрселерден бас тартатын адам. Төртіншіден, білімнің салтанат құруын ең маңызды іс санайтын, жаһандық білімнің шыңына шыққан жан. Бесіншіден, тек эволюциялық даму ғана халқының өсіп-өркендеуіне мүмкіндік беретінін жақсы түсінетін саналы азамат. Алтыншыдан, ол – түрлі тілдерді игерген, әлемнің үздік тәжірибелерін алуға және заман талаптарына сай өзгеруге қабілетті, сана-сезімі ашық жан, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен бірге, Елбасы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның рөліне тоқталып, бағдарламалық мақалада көрсетілген жобалардың терең зерттелуінің маңыздылығын айтты.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының рухани жаңғыруға белсене атсалысатынына сенім білдіріп, Ассамблея мүшелеріне өз әлеуетін іске асыруға мүмкіндік беретін бірқатар жобаға тоқталды.
– Бірінші. «Туған жер» жобасы Ассамблея үшін зор мүмкіндіктерге жол ашып береді. Екінші. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына Ассамблея тікелей қатысып, басы-қасында жүруі керек. Біздің қаншама замандастарымыз, қаншама Ассамблея белсенділері ел игілігі үшін риясыз қызмет етіп жүр. Ұлтына, қай өңірден екеніне, жынысына қарамастан біз олардың барлығын елге таныта білуіміз керек. Мұнда қойылатын талап біреу ғана, ол – азаматтың Қазақстан дамуына қосқан үлесі. Үшінші. Ассамблея «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасына табысты ат-
салыса алады, – деді Қазақстан Президенті.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев жастардың сана-сезімін қалыптастыру үшін айрықша маңызы бар «Жаңа гуманитарлық білім» жобасын атап өтті.
– Жоба әлемнің жетекші тілдерінен ең үздік оқулықтарды қазақ тіліне аударуды көздейді. Философия, әлеуметтану, экономика, мәдениеттану, шығыстану салалары бойынша ағылшын, орыс, француз, испан тілдерінде және басқа да тілдерде басылған тамаша оқулықтар бар. Оқу процесіндегі ғылыми айналымға олардың енгізілуі отандық білімді жаңа деңгейге көтеретініне сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.
Елбасы мемлекет пен қоғам алдында тұрған заманауи жаһандық сын-қатерлерге назар аударып, орталық және жергілікті мемлекеттік органдарға елімізде бейбітшілік пен келісімді сақтау үшін ерекше шешімдер қарастыруды тапсырды.
– Тұтас қоғам да, жеке азаматтар да бейбітшіліктің, тұрақтылық пен келісімнің өздігінен келе салмайтынын білуге тиіс. Мемлекет ұдайы этносаралық және конфессияаралық процестердің тамырын басып, жіті қадағалап отыр. Ұлттық бірлікті нығайта түсу үшін Қазақстан халқы Ассамблеясы мен барлық мемлекеттік органдар тұрақты, күнделікті жұмыс жасауда, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев қабылданып жатқан шаралардың дұрыстығын және өз уақытында атқарылып жатқанын атап өтіп, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен мемлекеттік органдар алдына жаңа міндеттер қойды.
– Бірінші міндет. Жүйелі жаңғырудың мақсаттарына жауап бере алатын қоғамдық сана-сезім қалыптастыру керек. Бұл процеске мемлекет пен азаматтық қоғам, білім беру мен әлеуметтік сала, жеке бизнес пен масс-медиа, бәрі де тартылуы қажет, – деп тапсырды Елбасы.
Мемлекет басшысы екінші міндет ретінде азаматтық бірегейлікті нығайтып, бірлік пен келісімді қамтамасыз ету қажеттігін айтты. Осыған орай, Қазақстан Президенті бірқатар нақты тапсырма берді.
– Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне облыс әкімдерімен бірлесіп, Ассамблеяның барлық деңгейдегі қоғамдық келісім кеңестерінің діни экстремизмге қарсы тұру жөніндегі 2017-2018 жылдарға арналған жоспарын дайындауды тапсырамын. Сонымен қатар, ҚХА қоғамдық келісім кеңестерінің жұмысын реттеп, олардың қызметтерінің нақты критерийлерін жасауы керек. Бұдан бөлек, Үкіметке қайырымдылықты дамыту, оның ашықтығын қамтамасыз ету жөнінде ұсыныстар енгізуді тапсырамын. Облыстардың, Астана  мен Алматы қалаларының әкімдері ҚХА жұмысының жаңа бағдарын – қоғамдық келісім кеңестері, қайырымдылық және медиация жұмыстарын күшейтуі қажет, – деп тапсырма берді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сессия барысында Мемлекет басшысы ақпараттық жұмыстарға ерекше мән беріп, 2018 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының көпфункционалды мультимедиалық порталын ашуды, сондай-ақ «Қазақстан халқы» интерактивті тарихи картасын жасауды тапсырды.
– Ел иесі – қазақтың мемлекет құраушы ретіндегі айрықша рөлін ескере отырып жасалуға тиіс электронды карта ежелгі қазақ жерінде сан түрлі ұлт өкілдерінің ұйысу процесін көрнекі және толық көрсетіп береді. Білім және ғылым министрлігіне ҚХА-мен бірлесіп ғылыми негізде осы интерактивті картаны жасап, келесі жылы «Алғыс айту» күніне орай, тұсауын кесуді тапсырамын, – деді Елбасы.
Сондай-ақ, Қазақстан Президенті бизнес, шығармашылық және ғылыми зиялы қауым өкілдерін «Туған жер» жобасына қатысуға және өз ауылдастарын қолдау үшін күш жұмылдыруға шақырды.
Сессияда Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сараптау тобының төрағасы, еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы бөлімінің бастығы, кешеннің жүк тиеу және түсіру жөніндегі докер-механизаторы, ақын, журналист, балалар ауруханасының
нефрология бөлімшесінің меңгерушісі, теолог, «Ұлттық еріктілер желісі» заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы, шаруа қожалығының жетекшісі, Росарио қаласындағы (Аргентина) Қазақстан мәдениеті орталығының директоры, режиссер, қоғамдық ұйым жетекшісі, кәсіпкер-инвестор және жоғары оқу орнының студенті сөз сөйледі.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерінің сөздерінде көптеген мәнді мәселелер көтерілгеніне тоқталып, БАҚ өкілдеріне оны терең талдау жөнінде ұсыныс айтты.
Сөзінің соңында Мемлекет басшысы барша қазақстандықтарды алдағы Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтап, бейбіт өмір, игілік пен бақ-береке тіледі.
Қазақстан Президенті сессия барысында ҚХА мүшесі, Ақтөбе облыстық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Сергей Викторович Вишнякті және ҚХА кеңесінің мүшесі, «Әзербайжандар қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абилфас Муслимович Хамедовті Ассамблея төрағасының орынбасарлары етіп тағайындау туралы өкімге қол қойды.
XXV сессия соңында Ассамблея қабылдаған мәлімдемеде рухани жаңғырудың заңдылық және қажеттілік екені, Қазақстан дамуының бүкіл стратегиясына оның тұтастық дарытатыны атап көрсетілді.
Іс-шара аяқталған соң Мемлекет басшысы салтанатты концертке қатысты.

 

 

Ақмолалықтар ассамблея сессиясы туралы

 

Мейрамбек ҚИЫҚОВ,
облыстық «Қазақ тілі және мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Қазақстан халқы Асссамблеясының мүшесі:
– Қазақстан халқы Ассамблеясының XXV сессиясындағы Мемлекет басшысының баяндамасы биылғы Елбасының халыққа арнаған Жолда-
уында көтерілген экономиканы жаңғырту мәселесіндегі еліміздегі тұрақтылық пен татулықтың қаншалықты маңызды орны барлығын тағы да нақтылап бергендей болды. Көпұлтты Қазақстан халқының қазіргі ең басты байлығы да осы тұрақтылық болып отырғандығы белгілі. Осы орайда, қазақтың «төртеу түгел болса төбедегі келеді, алтау ала болса ауыздағы кетеді» деген нақылының ақиқаттығын сезіне түсесің.
Мемлекет басшысы сессияда жасаған баяндамасында таяуда ғана «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы көтерілген мәселелерге тоқталды. Рухани жаңғыру бүгінгі күні бізге әсіресе, қажет. Туған жердің, елдің тарихын жастарға үйрету, олардың бойындағы отансүйгіштік қасиетті орнықтыру, қазіргі заман талабына сай білім алу, кәсіби біліктілікті дамыту – мұның бәрі қарқынды дамып бара жатқан қазіргі өзгерісті кезең үшін қажет шарттар. Елбасы отандық кәсіпкерлер мен инвесторларды ауылды көтеруге, ауыл шаруашылығын дамытуға қаржы салуға шақырды. Мұның өзі аталмыш мақалада «Туған жер» жобасы негізінде жүзеге асыру керектігімен түсіндірілген болатын.  Осы орайда, Мемлекет басшысы Үкімет мүшелері мен әкімдерге арнайы орталықтар ашып, мақалада көтерілген мәселелерді халыққа, оның ішінде жастарға түсіндіру, насихаттауды жүзеге асыруды тапсырды. Басқосуда сөйлеген делегаттар да Елбасы мақаласында көтерілген еліміздің болашағы үшін маңызды мәселелер
жайында айтып, оны қолдауға шақырды.

 

 

Светлана КОРНЕЕВА,
«Видергебурт» неміс ұлттық қоғамының жетекшісі, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі:
– Мен халқының бірлігі мен татулығы жарасқан кең байтақ Қазақстанның жарқын болашағына нық сенімдімін. Біздің елде ұлтаралық сыйластық, бейбітшілік, келісім, тұрақтылық нышандары ел тәуелсіздігін алғаннан бері қанатын кеңге жайды. Жаңғыру жолында Елбасының алға қойып отырған батыл қадамдары көрегенділік екендігіне сессияда айқын көз жеткіздім.
Бұл жолғы сессия жылдағыларға қарағанда, мүлде өзгеше болды. Мемлекет басшысы қоғамдағы жағдайларға, ел тыныштығын сақтау, туған халқыңның тарихын сыйлау, болашаққа бағдар жасай білу, ұлттық тәлім-тәрбие, салт-дәстүр, мәдениет мәселелеріне ерекше көңіл бөлді. Ұрпақты, ертеңгі ұлт жанашырларын тәрбиелеу қазақстандық отбасылардың ұстанатын әдет-ғұрпы, ата-дәстүрлерін сақтаудан бастау алады.
Елбасының әр сөзіне мән беріп тыңдағанда, сессияға қатысушылардың әрқайсысы бойына қуат алып, ерік-жігерлерін ұштай түскендей көрінеді маған.
Сессияда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жақында жарыққа шыққан «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар»  атты мақаласына тоқталып, онда келтірілген модернизация, прагматизм секілді терминдерді қарапайым адамдар ұғатындай түсіндіріп берді. Жаңғыру, әсіресе рухани жаңғыру елімізге қазіргі уақытта өте қажет. Туған елдің, жердің тарихын ұрпаққа үйрету, бәсекеге қабілеттілікті білім алудан бастау мәселелері көңілге қонымды. Сессия соңында орнымнан тұрып, Қазақстан келісім мен бейбітшіліктің символы деп бар дауысыммен айтқым келді. Өйткені, біздің бірлігі жарасқан халқымыз қандай да бір қиын-қыстау кезде өзінің қандастары мен жерлестерін жалғыз қалдырмайды. Қол ұшын беруге қашан да әзір. Сөз соңында, татулығымыз бен достығымыз ажырамасын дегім келеді.

 

 

Ғосман ТӨЛЕҒҰЛ,
облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі:
– Елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында  «Жаңғырудың негізі – тұрақтылық, бірлік, келісім» ұранымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXV сессиясына еліміздің әр түкпірінен ұлттар арасындағы өзара достық ұғымын кеңінен насихаттап жүрген алқалы әлеумет көптеп жиналды. Сол мыңдаған тілеулес, ниеттес ағайынның бірі болып мен де бардым. Алған әсерімді бір сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.
Көшбасшымыз тұрақ-тылықтың арқасында елімізде орнықты дамуға жол ашылғандығы жөнінде айтып,  осы бағыттан ажыратпай, ілгері басу үшін рухани жаңғырудың тұстарын нақты белгілеп отыр. Бұл арада рухани жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодымызды сақтау екенін әрдайым есте ұстап, әлемдік өзгерістерге сай жаңаша ойлау жүйесін қалыптастыруымыз керек. Ұлттық құндылықтарымызды заманға сай одан әрі байытып, дамытып, оны бүгінгі ұрпақтың санасы мен тұрмысына сіңіру арқылы жаңа ғасырдың жаңа ұрпағын қалыптастыру уақыт талабы. Болашақ – білімді жастардың қолында.  Бүгінгі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелестік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алатынына ел Президентінің ерекше назар аударып отырғаны бекер емес.
Сессияда бір шаңырақтың астында бір үйдің баласындай тату-тәтті тіршілік етіп жатқан жүздеген ұлт пен ұлыстың өкілдерінің пікірлері де бір арнада тоғысып, тілегі ортақ жүрегі бір жандар бұдан әрі де татулықтың тұғырын биіктетуге, бір мүддеге жұмылып, ортақ нәтижеге жұмыс істеуді басты мақсатқа айналдырып отыр.  Біздің елге тиер пайда мен олжаның үлкені мемлекетіміздің гүлденуіне, оның өзгелермен терезесі тең, керегесінің кең болуына әрбіріміз атсалы-суымыз қажет.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар