Барлық жақсылық бірлікпен келеді

Татулығы мен достығы жарасым тапқан көптеген ұлттар мен ұлыстардың өкілдері Көкше өңірін өздерінің Отаны, туған елі, өмірінің киелі бесігі санайды. Облыс әкімі Мәлік Мырзалин 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні облыс орталығындағы Абылай хан алаңында өткен мерекелік іс-шараға қатысып, қала тұрғындарын көктемнің осы бір айтулы мейрамымен құттықтады.

Бұл күні ауа райы салқындау болғанымен, шуақты күн нұрын шашып, Абылай хан алаңына жиналған жұртшылықты өзінің сәулесімен жылытты. Түрлі ұлт өкілдері өздерінің ұлттық киімдерін киіп шығып, мерекелік шараға көрік бере түсті.
Мемлекеттік Әнұранның шырқалуымен басталған мерекеде облыс әкімі, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының төрағасы Мәлік Мырзалин құттықтау сөз сөйледі.  
– Қадірлі жерлестер, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында елімізде бейбітшілік пен келісімнің берік негізі қаланды. Қазақстанда жүзден астам ұлттар мен ұлыстардың өкілдері достығы жарасып, бейбіт өмір сүруде. Қазақстан халқының бірлігі мейрамы – қазақ жерінде тұрып жатқан барлық ұлттардың ынтымағының жемісі, – деп алаңға жиналған жұртшылыққа ізгі тілегін жеткізді.  
Өткен тарихымызды парақтайтын болсақ, түрлі қиыншылықтарды басымыздан өткергенімізбен, бірақ, ең бастысы бірлігімізді сақтап қалдық. Облыс әкімі осы саладағы жетістіктерімізді ұрпаққа жеткізу парыз екендігін айтып, Елбасының «Егемен Қазақстан» газетінде шыққан мақаласының маңызы мен онда айтылған «Туған жер» бағдарламасына тоқталды.
– Біздің де өңіріміздің өткені мен өз тарихы бар. 1824 жылдың 29 сәуірінде Көкшетау қаласының іргетасы қаланыпты. Небары 350-дей ғана тұрғыны болған елді мекен екі ғасыр аралығында 160 мыңдай халқы бар көрікті қалаға айналғанын көріп отырмыз. Ақмола облысына әкім болып тағайындалғаннан бері байқағаным, қала күні арнайы аталып өтілмейді екен. Осы орайда, ендігі жылдан бастап көктемнің шуақты күндерінің бірінде Көкшетау қаласы күнін атап өтуді ұсынамын, – деген аймақ басшысы одан әрі осыдан екі апта бұрын облыс аудандарында орын алған су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы тарапынан ұйымдастырылған қайырымдылық акциясына тоқталып, осы сауапты іске қол ұшын берген жандарға алғысын білдірді. Биылғы жыл облыс үшін жауапты да маңызды жыл екендігін, Елбасы алға қойған іргелі міндеттер биігінен көріну керектігін атап көрсетіп, жиналған қауымға зор денсаулық, отбасы амандығы мен ынтымақ-бірлік тіледі.  
Орталық алаңдағы мерекелік шара «Әр алуандылықтағы бірлік» атты хореографиялық қойылыммен жалғасып, мың бұрала билеген жастар мен ел ертеңі – бүлдіршіндердің тартымды өнерімен жұртшылықтың көңілінен шықты. Кезек-кезегімен облыстық филармония, «Көкшетау», «Достар» мәдениет сарайлары өнер ұжымдарының ән-күйлері қалықтады.
Елдегі бейбітшілік пен келісім, ұлттардың татулығы мен достығы кеңінен насихатталған мерекелік думанда облыс орталығындағы этно-мәдени орталықтардың ұлттық тағамдары мен көрмелері ұсынылды. Әр бірлестік өкілдері өздерінің ақ дастарханын жайып, ұлттық тағамдарынан алаңға жиналған жұртшылыққа ауыз тигізді.
Орталық саябаққа апаратын жолдағы қақпа алдында ұйымдастырылған «Ғасырлар тереңіндегі көркемдік» атты ХVІ-ХVІІ ғасырлардағы ұлттық киімдер тұсаукесерінен әр халықтың сол кездегі тыныс-тіршілігін, шаруашылығы мен салт-дәстүрін анық байқауға болады.  Сондай-ақ, балалар көркемсурет мектебі оқушыларының үздік суреттері де көпшілік тарапынан жоғары бағасын алды. Тіпті, балалардың суретін сатып алмақшы болған тұрғындар қарасы да аз болмағанын атап өткен жөн. Ал, халықтық-қолданбалы өнер шеберлерінің қолынан шыққан эстетикалық сәндік бұйымдардың көрмесіне қыз-келіншектер жағы баса назар аударды. Мұнда сәндік бұйымдардан бастап, ас үйге қажетті заттар, балалардың ойыншығына дейін қойылыпты. Сырттан қарап тұрып, қазақтың ұлттық нақыштағы заттарын алып жатқан аруларымыздың да көп екендігін аңғарып, іштей қуандық. Саябақ ішінде өткізілген түрлі ұлттық ойындарға қатысып жатқан балалар мен жасөспірімдердің жеңіске деген ынтасынан да намысқойлығы мен ерік-жігеріне тағы бір көз жеткізгендей болдық.
Кешкісін облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы мен жастар ресурстық орталығы алаңда мерекелік би кешін ұйымдастырды. Онда облыстың талантты жастары өнер көрсетіп, көңілділер мен тапқырлар клубының әзілдері ортаға салынды.

Ырысалды Шамшиева.

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар