Мың бұралып билеген «Гәкку»

«Көкшетау – тал бесігім» ІV музыкалық фестивалінің соңғы күні халықаралық байқаулардың жүлдегері «Гәкку» би ансамблінің 10 жылдық мерейтойына арналды.

Би ансамблінің құрамына арнайы хореографиялық білімі бар  бишілер кіреді. Биылғы жылы ансамбль өнер сүйер қауымның көзайымына айналғанына 10 жыл толып отыр.
Осы жылдар аралығында бишілер еліміздің түпкір-түпкірінде өнер көрсетуімен қатар, Үндістан елінің Нью-Дели қаласында мың бұрала билеп, қазақтың ұлттық билерін дүйім жұртқа паш еткен. Ансамбльдің жетекшісі Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын тәмамдаған Гүлмира Ордабаева есімді хореограф.  
Кеш барысында «Көктем көңілі», «Толғау», «Қос алқа», «Ханшайым-
дар вальсі», «Сирень», «Гәкку» және «Долан машрап» биін билеген бишілер шығармашылық өрісінің қаншалықты өскендігін жақсы көрсете алды. Талғампаз көрерменнің көңілінен шығу үшін  бишілер әдемі костюмдермен қатар, жыл сайын жаңа билермен қоржындарын толтырып отырады. «Айнакөл» фольклорлық ұжыммен бірге ансамбль  ұлттық билерді билесе, хореограф Мәдина Тілеулина жетекшілік ететін «Көкшетау» халық би ансамблі де мерекелік кеште «Атадан мұра» деген биді билеп шықты.
Еліміз қандай зұлмат замандарды басынан кешіргенін кешегі тарихтан білеміз. Ал, бишілердің  билеген осы биінде  атадан балаға мирас етіп тапсырған қазақ жерінің топырағы, салт-дәстүрін, тілі мен ділін осы күні сақтап қалу қажеттігін өз қимылдары арқылы әсерлі жеткізе білді. Ал, жергілікті «Muz band» әншілер тобы  «Welkome to Kazakhstan» және облыстық филармонияның әртісі Алмаз Оразалин «Қайда» әнін нақышына келтіріп шырқады. Сондай-ақ, «Гәкку» ансамблінің кіші тобына кіретін 5 пен 13 жас аралығындағы жас бишілер осы кеште  ұлттық билерді билеп, көрермендермен бірге би әлеміне саяхат жасады.  Би ансамблі өнер сүйер қауымның ыстық ықыласына бөлене береді деген ойдамыз.

Назгүл Рабилова.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар