Бейіті Воронеж жерінде екен

Мен ауылда қарапайым отбасында туып-өстім. Жастайымнан ата-әжем тәрбиеледі. Атам да, әкем де бір атадан жалғыз. Арғы атам Жәмшит Атымбаев соғыс басталғанда майданға аттанып, содан қайтып оралмапты. Үйде ауызекі әңгімеде осы атамыздың «жерленген жерін тапсақ қой» деген бір ынтызар сөз жиі ауызға алынатын.

 

Осы шаруамен атам марқұм аудандық әскери комиссариатқа жиі барып жүретін. Әкесінің жатқан жерін тауып берер деген үміті шығар бұл. Бірақ, ол арманынан хабар болмай, жылдар жылжып өтіп жатты.
Биылғы жылдың қаңтар айында облыс орталығына Қазақстан Респуб-ликасы Парламенті Мәжілісінің бір топ депутаттары жұмыс сапарымен келген еді. Сол күні әкем «Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдауына жазылып, Мәжіліс депутаты Михаил Чирковтың алдында болады. Мән-жайды түсінген ол қалта телефонын алып, тиісті орындарға хабарласа бастайды. Халық қаһармандары, Мәжіліс депутаттары Мұхтар Алтынбаев, Бақытжан Ертаев сынды әріптестерінен ақыл-кеңес сұрап, Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасының елшілігіне хабарласып, мән-жайды баяндап, көмектесуін сұрайды.
Арада екі апта өткен соң елшіліктен әкемнің атына депутаттың сауалына орай, ресми жауап келді. Онда атамның жерленген жері, басқа да қосымша деректер түгел жазылыпты. Енді міне, Ұлы Жеңістің 72 жылдығы қарсаңында әкем Ресей Федерациясының Воронеж облысы Лискинск ауданына арғы атасының қабірінің басына тәу етуге жол жүрмекші. Халық қалаулысы Михаил Чирков жол шығынын да өзі көтеріп,  үлкен адамгершілік танытқан  жайы бар.  
Мен мұны не үшін жазып отырмын? Өзім «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында қызмет етсем де, әріптестерім қоғамдық қабылдауға келген адамның менің әкем екендігін білген жоқ. Туған-туыс арқылы шешілген мәселе деген ой болмасын деп алдын ала ешкімге айтқым келмеді.  Әкем Мәжіліс депутатына менің қатысымсыз, қарапайым азамат ретінде кірді және өзін ұзақ жылдар толғандырып келген мәселенің шешілуіне мүмкіндік алды.
Кейде таныстарым  «Нұр Отан» партиясы халық үшін не істейді? деген мазмұнда сұрақ қойып жататыны бар. Жасырмаймын, бұрын менің де көкейімде  осындай сұрақ туындайтын. Алайда, партия көп мәселені шешетінін, қарапайым адамдардың мүддесін қорғап, оларға нақты көмек көрсетіп жататынын филиалға жұмысқа келгеннен кейін талай рет өз көзіммен көріп, куәсі болудың сәті түсті.  Жоғарыдағы жағдай да соның  бір мысалы. Біздің отбасы  үшін арман болып келген арғы атамыз Жәмшит Атымбаевтың жерленген зиратының табылуы да «Нұр Отан»  партиясы мен Мәжілістегі осы фракцияның депутаты Михаил Чирковтың бір шарапаты деп білемін.  

Динара ЖӘМШИТОВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар