Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қосбармақта туған Батыр - АРҚА АЖАРЫ

Қосбармақта туған Батыр

Шағын ғана Қосбармақ ауылынан  соғысқа елуге тарта азамат аттанған екен. Олардың көбі туған жерге оралмады. Отан үшін жандарын құрбан еткен сол ауылдастарымыздың арасында Кеңес Одағының Батыры Ақан Құрманов та бар еді.

Мен Ақан ағаның туған қарындасы Рақила Мұқанованың көзі тірісінде бауыры жайында айтып отыратын әңгімелерін талай тыңдаған едім. Ақанның анасы Бәтима жолдасы Жапардан ерте айырылып, бес баламен жесір қалады. Ақан үйдегі үшінші бала болыпты. Ол жас кезінен өте қайсар, әділ және қайырымды болып өскен. Рақила әжей былай деп есіне алатын:
–Ашаршылық жылдарында анам бізді алып, Қызылжарға барды.  Сол кезде 8-9 жастағы баламын. Ақан болса, 12-13-тер шамасында. Анам күн ұзақ жұмыста, біз болсақ,  базар жаққа барамыз. Онда орыс әйелдері тұздалған қырыққабат сатып отырады. Қарнымыз аш. Жейтін тамақ сатып алуға ақша жоқ. Содан Ақан  әлгі қырыққабатты уыстап ала қашады. Солай істететін сұм аштық қой. Соны үшеуміз бөліп жейміз. Өзі аш болса да, үлесінің көбін маған береді.
Ақан Құрманов 1918 жылы шілде айында дүниеге келді. Мектеп бітірген соң ұжымшарда жұмыс істеді. Содан 1939 жылы әскер қатарына алынып, кіші командирлер даярлайтын қысқа мерзімді оқу-жаттығудан өтеді. Алғашқы күннен соғысқа қатысып, 76-шы гвардиялық дивизияның құрамындағы 234 атқыштар полкінде бөлімше командирі болады. 1943 жылы ауыр бір шайқаста жаудың он солдатын өлтіріп, сол үшін «Ерлігі үшін» медалін алады.
Днепр өзенінен өткен ұрыстар аса ауыр  болғаны белгілі. Өзен жағалауын алынбас мықты бекініске айналдырған неміс әскерлерінің шебін бұзып өту оңайға соқпаған. Осы шайқастарда совет жауынгерлері нағыз көзсіз ерліктің үлгісін көрсетті. Сол қанды шайқастарда жеті жүзден астам жауынгер Кеңес Одағының Батыры  атағын алды. Солардың арасында Ақан Құрманов та бар еді.  Өкінішке орай, ол өзінің осындай жоғары атаққа ұсынылғанын білмей, қыршын кетті.
Батырдың зираты Украинаның Мысы селосында. Аяулы есімін ел есінде сақтау бағытында біраз жұмыстар атқарылды. Ол туып-өскен Қосбармақ ауылында мемориалдық ескерткіш ашылған. Ал,  Атбасар қаласы мен Новоалександровка ауылында Ақан Құрманов көшесі бар.  Астана қаласындағы №17 орта мектепке де Батырдың есімі берілген. Сондай-ақ, Атбасар ауданында жыл сайын Ақан Құрмановты еске алуға арналған дәстүрлі спорт жарыстары өткізіліп тұрады.
«Ер есімі ел есінде» деп текке айтылмаса керек. Отан үшін жанын қиған Ақан Құрмановтың есімі елінің есінде мәңгі жасай бермек. Дүниеге сондай ердің ерін әкелген Қосбармақ ауылы үшін де қалай мақтанбасқа!

Әсел ҚЫРҒАБАҚОВА.
Атбасар ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар