Ауыл тарихын адамдары жасайды

Кеңес Одағының Батыры, академик, жазушы, қоғам қайраткері Мәлік Ғабдуллиннің музейінде жалғасып келе жатқан «Ауылым – алтын тұғырым» атты көрме байқауына Еңбекшілдер ауданына қарасты Казгородок орта мектебі ауыл тарихынан сыр шертетін мұрағаттарын  әкеліп, жұртшылық назарына ұсынды.

Бүгінгі таңға дейін сегіз мектеп аталмыш көрмеге қатысып, ауыл тарихын және мектеп  өмірін облыс көлемінде танытты. Аталмыш музейдің директоры Құдайберлі Мырзабектің айтуынша, осындай көрмелердің арқасында әр ауыл бір-бірінің тарихын біліп, сол елді мекеннен шыққан нар тұлғалы азаматтарын қадір тұтуды үйренеді. Себебі, қазір білім ошақтарынан бөлек, мұражайлар да адам тәрбиесінде маңызды рөл атқаратын орын болып табылады. Сондықтан, өсіп келе жатқан ұрпақтың бүгінгіні қадірлеуі үшін, кешегі тарихты білуі маңызды.
Казгородок ауылы – ежелден жыр мен дастанның, өнер мен мәдениеттің ордасы іспетті. Мектептегі тарихи өлкетану музейі 1967 жылы құрылған екен. Сол жылдардан бері жиналған 285 жәдігер сақтаулы. Бұл мұражайдың негізін география пәнінің мұғалімі Зоя Нагаева қалаған екен. Қазір мектеп музейі тарих және табиғат бөлімі деген екі бөлімнен тұрады.  Казгородок орта мектебінде оқыту қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Жалпы оқушылар саны – 221.  
Іс-шараның қадірлі қонағы  белгілі ақын-жазушы Төлеген Қажыбаев болды. Ол көп жылдар аталмыш ауылдың орта мектебінде басшылық еткен жазушы Елжас Бекеновтың ұлы Болат Бекеновтың ауылды көркейту мен халықты сауаттандыру жолындағы еңбегін кеңірек айтып өтті.
Ерін қадір тұтқан елден ғана, нағыз ерлер шығары анық. Шара барысында осы топырақта өсіп-өнген азаматтар, Ұлы Отан соғысының ардагерлері және мектеп ұстаздары жайлы келелі әңгімелер айтылды. Мектеп оқушылары өздерінің шағын концерттік бағдарламасын көрмеге келген қонақтар назарына ұсынды.

Назгүл Рабилова.

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар