Адам алдына белгілі бір мақсат қойғанда, сол орындалғанша тағат таппай, тұрақты түрде оны іске асыруға жол іздеп жатады. Ол ұзаққа созылып кетсе, тіпті жайсыз күй кешеді. Мен де солай он жеті жыл бойы осы бір мақсатым орындалғанша өзіме де, басқаларға да маза бермей жүрдім. Ол мақсат – Қазақстанға белгілі жерлесіміз, жазушы-шежіреші Жайық Кәгенұлы Бектұровты еліне жете таныстырып, туған өңірінде аяулы есімін мәңгі есте қалдыру еді.
Жарқын тұлғаны халқымызға таныстыру тұрғысында біраз істер атқарылды. Облыстық «Арқа ажары», аудандық «Ақкөл өмірі» газеттерінде көптеген мақалалар шықты және шығып та жатыр. Ақкөл ауданында жылда қазан айында «Бектұров айы» деп аталатын түрлі мәдени-спорттық шаралар өткізілуде. Ақкөл қаласының бір көшесіне жазушы есімі берілді. Ал, өте ұзаққа созылып кеткен мәселе – бір балалар мекемесіне аяулы есімін беру болды. Осы арада оқырмандарда ойлар, неге сонша ұзап кетті бұл мәселе деп. Сондықтан, бәрі түсінікті болу үшін қысқаша толығырақ тоқталып өтейін.
Жақаңның туған топырағы – Амангелді ауылындағы шағын мектепке есімін берейік деп, жиналыс өткізіліп, қабылданған шешім аудандық ономастикалық комиссияға тапсырылды. Алайда, комиссия төрағасының салғырттығынан біраз уақытқа дейін ол шешім қаралмай жатты. Осы тұста ауданға жаңа басшы келді. Осыны пайдаланып сол мектепті ұзақ жыл басқарған қарт ұстаз, кезінде Жайық ағасын қарсы алып, ауыл ақсақалдарымен кездестірген Әубәкіров мырза мектепке жазушы есімін беруге қарсы топ ұйымдастырып, жаңа әкімге хат жолдайды. Мұнымен біреуді мұқатамын деп, Жақаңның рухына қиянат жасады. Одан Жайық ағамыздың мәртебесі түскен жоқ, қайта жоғарылады. Содан бұл мәселе біраз уақыт ашық қалды.
Осылай айтыс-тартыспен жүрген кезде Ақкөл ауданына әкім болып қазіргі сенатор Рәшит Әкімов мырза келді. Ол кісімен осы мәселені қараған кезімізде Ақкөл қаласындағы үлкен қазақ орта мектебіне Жайық Бектұровтың есімін беруге келістік. Осы мақаланы пайдаланып, сондағы білгендігі үшін Рәшит Қайыржанұлына рахметімді айтқым келеді. Содан мәселе оң шешіліп, құжаттар дайындалып, жоғары жаққа жіберілді.
Қайран, Жәкеңнің жолы ауыр ма, соңғы жылдардағы дағдарыстарға байланысты осындай мәселелер республика бо-
йынша кейінге шегеріле берді. Әйтсе де, таяуда облыстық ономастикалық комиссия құптағаннан кейін Үкіметтің шешімімен «Жайық Бектұровтың есімі Ақкөл қаласының қазақ орта мектебіне берілді» деген қуанышты хабар алдым. Міне, осылай 2000 жылдың басында алдыма қойған мақсатым орындалып, осы күндері үлкен қуанышта жүрген жағдайым бар. Өңір халқы да бұл хабарды үлкен өрлеумен қарсы алды.
Биыл Жайық ағамыздың туғанына 105 жыл толады. Ақкөл ауданының басшылығымен келісіп, осы айтулы күнге де дайындық жұмысы басталып жатыр. Есімін еншілеп отырған қазақ орта мектебінде музейі ұйымдастырылып, басқа да жұмыстар жүргізілуде. Мерейтойына, мектепке есімінің берілуіне байланыс-
ты біраз қосымша шаралар белгіленіп, атқарылуда. Мұның өзі жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге көп септігін тигізетініне сенім мол.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев соңғы рухани жаңғыру туралы мақаласында туған жерге тағзым етуіміз керектігін баса айтты. Осыған байланысты сол атамекеніміздің тарихын терең білу, оның халқына еңбегі сіңген айтулы перзенттерін ұмытпау басты парызымыз болып қала бермекші. Ендеше, өз өмірінде жазықсыз қуғын-сүргінді де көп көріп, басқа да небір өткелектерді бастан кешіп, соңында бай мұра қалдырған қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі Жайық Бектұровқа көрсетіліп жатқан бұл құрмет нағыз елдік пен адамгершіліктің өзі деп білемін.
Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,
Ақкөл ауданының құрметті азаматы,
жайықтанушы.
Астана.