Өнерде орны бөлек киелі өлке

«Көкшетау» мәдениет сарайында «EХPO-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне және Қазақстан Республикасы мемлекеттік рәміздерінің 25 жылдығына арналған «Қуатты Қазақстан – баянды болашақ!» атты «Ақмола жұлдыздары» облыстық халық шығармашылығы байқауының гала-концерті болып өтті.

Концертке облыс әкімі Мәлік Мырзалин қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, үздік өнері мен шығармашылық жетістіктері үшін бас жүлденің иегерлері атанған Көкшетау қаласы, Бұланды, Целиноград аудандарының әкімдері мен мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдеріне  «Лада», «Нива» автокөліктерінің кілттерін табыс етті. «Көкшетау» мәдениет сарайының алдында ұйымдастырылған этноауылда ұлттық рәсімдер көрсетіліп, астрахандық «Әжелер» ансамблі ән-жырдан шашу шашып, Атбасар, Бұланды, Бурабай аудандары мен Степногорск қаласының  сән театр студиясының көрсетілімі қойылды. Қолөнер шеберлері дайындаған көрме көз тартар әсемдікпен ерекшеленді. Одан әрі көрме ұлттық костюмдер шеруімен жалғасып, декоративті-қолданбалы халық шығармашылығы шеберлерінің және Ақмола облыстық суретшілердің туындыларымен астасып гала-концертке ұласты.
Атаулы шара ең үздік шығармашылық ұжымдар – көкшетаулық домбырашылардың орындауында Құрманғазының «Адайы» және Зеренді аудандық «Арқа әуендері» фольклорлық ансамблі, Қорғалжын, Көкшетау халық би ансамбльдері өнерімен басталды. Әсіресе, «Мираж» халық би ансамблінің «Тұлпар» биі (Аршалы ауданы) өнер десе ішер асын жерге қояр көрерменін бір серпілтіп тастады. Ерейментаулық «Ақбұлақ» қобызшылар ансамблінің орындауындағы «Дала дастаны», Көкшетау қаласының «Арай», Атбасар ауданынан «Родничек» би ұжымы, Еңбекшілдер аудандық дуэті, Целиноградтан «Інжу-маржан», Бурабайдан «Гауһартас», атбасарлық «Вайнах» би ансамбльдеріне қоса, Сандықтау ауданынан «Реверанс» би ансамблінің композициясы көрерменін тәнті етті.
Одан әрі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзіне жазылған Төлеген Мұхамеджановтың әні «Город мой», Степногорск балеті, Целиноград ауданынан бірнеше республикалық байқаулардың жүлдегері Мұратбек Хайролда, көкшетаулық Асхат Байтілеу мен Айнара Бұзаубасова, ерейментаулық Алдияр Алдасүгіров, бұландылық Алина Левченконың жеке дауыста шырқаған әндері жүректі тебірентпей қоймады.
Гала-концерттің соңы «Қамажай» биімен көмкеріліп, сахнаға көтерілген облыс әкімі Мәлік Мырзалин үлкен ризашылыққа толы құттықтау сөзін жолдады.
– Көркемөнерпаздар байқауына қатысушылардың саны жыл сайын көбейіп келеді. Жылма-жыл дәстүрлі түрде өткізілетін бұл ауқымды шара  бүгінгі күні өнердің ең биік шыңына жеткендей әсерге бөледі, – дей келе, аймақ басшысы байқауға қатысушыларды марапаттау рәсіміне көшті.
Байқауда үздік шығармашылық жетістіктері үшін Аршалы, Астрахан, Зеренді, Жақсы аудандары компьютер, Бурабай, Ерейментау, Ақкөл аудандары  сахналық  жарық беру жиынтығымен және дипломдармен марапатталды.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар