Мақсат– кәсіби мемлекеттік аппарат құру

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінің басшысы Берген Беспалинов пен облыстық әкімдіктің жанындағы мемлекеттік қызметкерлерді қайта даярлау және біліктілігін жетілдіру аймақтық орталығының директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Әлібек Баймағамбетов «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру аясында мемлекеттік қызметкерлерді аттестаттау және оқыту барысы жайында айтып берді.

 

Департамент басшысы өз сөзінде «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру аясында аттестаттау өткізілгеннен кейін мемлекеттік қызметкерлердің біліктілігін бағалау қорытындысы шығарылып, осыған байланысты одан әрі жұмыс жүргізілетінін атап өтті. Тоғызыншы қадамға сәйкес, мұндай міндетті оқу үш жылда бір рет өткізілетін болды. Ұлт жоспарының оныншы қадамы аясында қызметін жоғарылату конкурс арқылы жүргізіледі. Бұл ортақ сенімді нығайтуға және тек өз құзыреті негізінде қызметте жоғарылауға мүмкіндік берді. Ұлт жоспарына сәйкес, бүгінгі таңда мемлекеттік қызмет жөніндегі Заң құқық қорғау органдарын да қамтиды. Прокуратура, ішкі істер, төтенше жағдайлар департаменттері тәрізді өзге органдардың үміткерлері агенттікте заңнамалық білімі мен құзыретін бағалаудан тест тапсырады. Бірінші тоқсандағы тестіден 305 азамат ойдағыдай өтті. Ұлт жоспарының 15 қадамын жүзеге асыру аясында департамент 5 ай бойы «Д» корпусын аттестаттау-ды ұйымдастыру бойынша үлкен жұмыс атқарды. Аттестаттаудың мақсатына «Д» корпусына кәсіби дайындығының деңгейі мен лауазымына сәйкестігін анықтау кірді.
– Облыстық бірыңғай аттестаттау комиссиясының екінші деңгейінде 864 қызметші әңгімелесуден өтті. 77 мемлекеттік қызметкердің немесе 9 пайызының қызметін жоғарылатуға ұсындық. 778 қызметкер өз лауазымына сәйкес келді.Тоғыз қызметкер өз қызметінен төмендетілді. Тиісті бос қызмет орны болған жағдайда жоғары лауазымға жылжыту немесе лауазымын төмендету жөніндегі аттестаттау комиссиясының шешімі бір айдың ішінде Еңбек заңнамасы бойынша орындалады. Бос қызмет орны болмаған жағдайда лауазымын жоғарылату немесе төмендету жөніндегі шешім биылғы жылдың соңына дейін жүзеге асырылады. Мұндай жұмыс заң талаптары бойынша барлық әкімдікте жүргізілді. Азаматтардың өтініштеріне және аттестаттаудың қорытындысымен келіспейтін мемлекеттік қызметкерлердің арызына назар аударатын жедел топ құрылды.
Әрине, біз өзіміздің түзету актісін енгіземіз,– деді Берген Беспалинов. Облыстық әкімдік жанындағы мемлекеттік қызметкерлерді қайта дайындау және біліктілігін жетілдіру аймақтық орталығы құрылғаннан бері мұнда 13599 мемлекеттік қызметкер оқудан өткен. Орталықта жыл сайын «Мемлекеттік қызмет жөніндегі» ҚР Заңына сәйкес, қайта дайындау курсы мен біліктілігін жетілдіру семинарларында мыңнан астам өңірдің мемлекеттік қызметкерлері оқиды. Мәселен, өткен жылы орталықта 1356 мемлекеттік қызметкер оқытылып, жоспар 144 пайызға орындалған.
– Биылғы жылдың бірінші тоқсанында 303 мемлекеттік қызметкер оқытылды. Өңірлік орталықта мемлекеттік қызметкерлердің біліктілігін арттырудың жоспарланған 8 семинары мен мемлекеттік қызметкерлерді дайындаудың 3 курсы толық көлемде өткізілді. Бірінші тоқсандағы жоспардың орындалмауына мемлекеттік қызметкерлерді аттестаттаудан өткізу және жергілікті жерлердегі су тасқынына дайындық шаралары кері ықпалын тигізді. Екінші тоқсанда оқытудың жоспары 110 пайызға орындалады деген болжам бар. 2017 жылы қосымша семинарлар өткізу жөніндегі жұмыс жалғасуда. Жыл басынан бері мемлекеттік қызмет көрсету жүйесін жетілдіру жөнінде екі қосымша семинар өткізілді. Көшпелі семинарлар өткізуді жоспарлап отырмыз. Елбасының Жолдауын жүзеге асыру аясында мүмкіндігі шектеулі жандарға нақты назар аудару, оларға кедергісіз орта ұйымдастыру, сондай-ақ, мүгедектердің жеткілікті тұрмыс деңгейін қамтамасыз ету және әлеуметтік қорғау бойынша өткен жылы бірқатар семинарлар, кездесулер, Көкшетау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен «Шанс» мүгедектер қоғамымен бірге тәжірибелік сабақтар өткізілді,–деді Әлібек Баймағамбетов.
Биылғы жылдың қаңтар айында орталық қызметкерлері өңірдің мемлекеттік қызметкерлерін аттестаттау өткізуді ұйымдастыруға белсенді қатысыпты. Екі қызметкер Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясында оқыған. Кейін олар облыс әкімдігімен және Қазақстан Респуб-ликасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментімен бірге басқарма басшылары үшін түсіндіру жұмысын жүргізді.
Орталық ұжымы өз жұмысында методологиялық, әдістемелік және ғылыми негізделген ұсыныстарды басшылыққа алады. Сондай-ақ, мұнда мемлекеттік қызметкерлерді оқытуды одан әрі жетілдіру, оқу үрдісінің сапасын жақсарту, сабақтың жаңа түрлері мен әдісін тәжірибеге енгізу жөніндегі жұмыс тұрақты жүргізіледі. Соңғы үш жылда орталықтың материалдық-техникалық базасы нығайып, мемлекеттік қызметкерлерді сапалы оқытуға мүмкіндік туды. Брифинг соңында журналистер тарапынан қойылған сауалдарға тұшымды жауаптар қайтарылды.

Рамазан Тілеуов.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар