Облыста көктемгі дала жұмыстары басталып, ауыл еңбеккерлері үшін сын сағаты соқты. Осыған орай, біздің тілшіміз облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Ж.Қ.Әбуовке жолығып, дала төсіндегі бүгінгі жұмыстың беталысы жайлы айтып беруін өтінген

 Іске сәт,  диқан қауымы!

– Биылғы жылы егіс жұмыстарын облыс аумағындағы 4 миллион 744,8 мың гектар алқапта өткізу жоспарланған болатын. Бұл көрсеткіш өткен жылғы деңгейден 6,7 мың гектарға көп. Оның ішінде дәнді және бұршақты дақылдар 4 миллион 338,3 мың гектар алқапқа сіңіріледі. Сондай-ақ, негізгі азық-түлік дақылы болып саналатын жаздық бидай 3 миллион 798,8 мың гектар жерге егіледі.
Қазіргі жағдайға тоқталсақ, жоспарланған 2,2 миллион гектар алқаптың ылғалы толық жабылды. 1,8 миллион гектар жерге егіс алдындағы өңдеу жүргізілді. Оның 600 мың гектары химиялық әдіспен өңделді. Егіс алдындағы өңдеу жұмысы одан әрі жалғасуда. Биылғы жылғы ауа райының қолайсыздығына байланысты облыс диқандары дәнді дақылдар егу жұмысын сәл кешеулетіп 15 мамырда бастады. Күні бүгінгіге дәнді дақылдар тұқымының 39 пайызы сіңірілді. Соның ішінде  1,5 миллион гектар алқапқа бидай егілді. Биыл майлы дақылдар тұқымын егу көрсеткіші тәуір.183 мың гектар жерге майлы дақылдар тұқымы сіңірілді. Біржылдық шөп егу жұмысы жүргізілуде. Біржылдық және көпжылдық шөп егудің жоспары ойдағыдай орындалады. Облыс тұрғындарын қоса есептегенде 16,8 мың гектар алқапқа картоп, 3,2 мың гектарға көкөніс отырғызылды. Бүгінгі таңда Бұланды мен Еңбекшілдер ауданы диқандарының қарқынды жұмысын атап өту керек. Олар барлық алқаптарының 47 пайызына дәнді дақылдар сіңіріп үлгерді. Өзге аудандардың көрсеткіші біркелкі. Ауа райы қолайлы болса, дәнді дақылдарды егу жұмысын 2 маусымда толық аяқтап шығу межеленіп  отыр.
– Егіс жұмыстарына тұқым, жанар-жағармай жеткілікті ме? Техника жөнінде не айта аласыз?
– Облыс бойынша көктемгі егіс науқанын өткізу үшін қажетті 522,2 мың тонна тұқым дайындалды. Бүгінгі таңда тұқымды тексерудің барлық жұмыстары аяқталды. Барлық тексерілген тұқымның 85 пайызы егіс стандартының 1 және 2 класына сәйкес келеді. Облыстағы тұқым шаруашылығының аттестатталған субъектілеріне сұрып жаңарту және ауыс-
тыру мақсатында 86,5 мың тонна ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымы құйылғанын атап өткен жөн.
Облыстағы көктемгі егіс жұмыстарын өткізу үшін 79,2 мың тонна дизель отыны, 7,4 мың тонна бензин және 4,6 мың тонна май қажет болса, бүгінгі таңда облыстың шаруашылықтары 91 пайыз дизель отынымен, 100 пайыз бензинмен және маймен қамтылған. Облыстың көктемгі егіс жұмыстарына Энергетика министрлігі 65 мың тонна кепілдендірілген дизель отынын бөлді. Мамырда бөлінген 15 мың тонна жанар-жағармайдың келісім-шарты мен төлемі бойынша жұмыс жүргізілуде. Облыс бойынша дизель отынының 14 тасымалдаушы операторы мен жанар-жағармай сатып алатын 6 шаруашылық анықталған. Дизель отыны бекітілген кестеге сәйкес тасымалдануда.
Қазір егіс науқанында 17 мың астық сеялкасы, 1145 өнімділігі жоғары егіс кешені пайдаланылуда. Жұмыс жос-парына сәйкес, өнімділігі жоғары егіс кешендерімен барлық алқаптың 63 пайызын егу жоспарланған. Бұл ылғал сақтау технологиясы бойынша егіс алқабын 3,3 миллион гектарға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Көктемгі егіс жұмыстарын өткізу кезінде пайдаланатын барлық ауыл шаруашылығы техникасы іске қосылуда.
– Биыл егіс алқабына қанша көлемде минералды тыңайтқыш енгізіледі?
– Облыстың ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері 47,3 тонна минералдық тыңайтқыш сатып алуға келісім-шарт жасады. Оның 26,5 мың тоннасының құны төленіп, 21,5 мың тоннасы тасымалданып алынды. Биылғы көктемгі егіс кезінде 17,5 мың тонна минералдық тыңайтқыш енгізу жоспарланған. Жалпы, облыс бойынша көктемгі егіс жұмысын уақытында әрі тиісті агротехникалық деңгейде өткізу үшін барлық қажетті шаралар қолға алынуда. Сәтін салып, күн ашық болса, жауапты науқанды ойдағыдай аяқтап, күздегі мол өнімге берік негіз қалаймыз деген сеніміміз бар.
  – Әңгімеңізге рахмет. Лайым солай болсын!
Сұхбатты жүргізген Рамазан ТІЛЕУОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар