Сатып алатын азық-түлігіңде, саудада адалдық болмайынша, шынайы халал да жоқ…

 

Бүгінгі мақаламды «Сөздің басы бісміллә, бісмілләсіз іс қылма» дейтін атам қазақтың салтымен бастайын. Оның үстіне қасиетті Рамазан айы да келіп қалды. Әуелі естігенімді айтайын. Біздің елдің адамдары естігеніне сене береді. Ал, жапондықтар көзімен көрген, дәлелденген дүниеге ғана сенетін халық.

 

Жапондықтардың тәжірибесі
Жапондықтар кәдімгі егеуқұйрықтарға эксперимент, яғни, ғылыми тәжірибе жасаса керек. Отыз егеуқұйрықты он-оннан бөліп, әрқайсысына ін жасап, әр ондықты бөлек қоршауда ұстайды. Сөйтіп, алғашқы ондыққа егеуқұйрықтар жейтін тамақтарды береді екен. Екіншісін шошқа еті, арақ, өлексе сияқты харам тағамдармен тамақтандырады. Ал, үшінші ондыққа тек қана халал тағамдарды беріп отырса керек. Уақыт өте бере, әлгі үш ондықты нәр татырмай аш қояды. Мына қызықты қараңыз. Алғашқы ондық аштық кезінде өзара екі топқа бөлініп, бірімен-бірі төбелесіп, жығылғандарының етін жейді екен. Екінші топтағылар, өзара бөлінбей, әрқайсысы жыртқышқа айналып, әлі жеткені әлжуазын жем қылады. Ғалымдар үшінші топтағы егеуқұйрықтардың жағдайын көрмекке барса, мұндағы ғажапты көріп, таң қалады. Өйткені, бірде-бір егеуқұйрық тор ішінен табылмайды. Сөйтсе, бұл егеуқұйрықтар әрқайсысы өз ініне барып, өлсе керек. Міне, халал тағамның егеуқұйрықтардың өзіне қандай әсер ететіндігін жапондықтар осылай дәлелдесе керек.
Біздің ата-бабамыз «ауру–астан» деп те тегін айтпаған. Ауру ғана емес, мінез-құлық та, пейіл де. Бүгінгінің жастары мұсылмандыққа бет алып, имандылық дейтін қасиетті жолға бір қадам жақындай түсті. Қазіргі таңда Аллаға шүкір ақсақалдарымыздың аузында «Бісміллә», апаларымыздың аузынан тәубе түспейді. Жастардың өзі ораза тұтып, намазға жығылуда. Тек осының барлығы жаппай сәнге айналып, ниет пен жүректің адалдығы көлеңкеде қалып немесе хиджаптың астында «көміліп» қалмаса екен. Бұны тегіннен-тегін тілге тиек етіп отырған жоқпыз.  Соңғы кездері азық-түлік дүкендерінде халал тағамдар сөрелерде сыңсып тұратын болды. Бұл әрине, құптарлық һәм қуантарлық жәйт. Қазақтың жалпақ тілімен айтар болсақ, халал дегеніміз адал деген сөзге саяды. Жасырары жоқ, «Білгеніміз бір тоғыз, білмегеніміз тоқсан тоғыз». Содан болар, сатылымда тұрған затты «мұсылман» деген жазуына қарап ала береміз. Қазақ халқы ежелден сенгіш, төзгіш, көнбіс халық. Сатып алған заты көңілінен шықпаса да, тіпті, сатушы ақшасын дұрыс есептемей артық ақша жесе де, құдайдан қайтар деп, шүкіршілік танытып, у-шу шығармай, сабырға жүгінетін қанағатшыл. Ислам дінін берік ұстаған мұсылман жамағатты айтпағанда, көкірегінде иманы бар қазақтың барлығы халал тағамдар өндіріле бастағанда бөркін аспанға атты. Әсіресе, адал ас ішетін болдық деп қала қазағы қуанды. Бүгінде сол халал тағамдардың құрамы күмән туғызып отырғандығы өтірік емес. Жасырары жоқ «Арам өлген малдың етін «колбасный» цехтарға өткізеді екен» деген қауесет бар. Сапасыз өнімге байланысты тұтынушылардың арыз-шағымдары да жиілеп кетті. Өзін Салтанат деп таныстырған бір келіншек сатып алған шұжығының ішінен құстың қауырсындары мен полиэтилен пакетінің қиқымдары шыққанын айтып, телеарналардың бірінде дабыл қақты. Базарда қара малдың етінің бір келісі кемінде 1300-1500 теңге тұрады. Ал, таза еттен тұратын шұжықтың арзан болғаны сонша, тіпті 600-700 теңгеге де сатып алуға болады. Рас, осы тақырып төңірегінде әңгіме қозғала қалса, адам айтуға жиіркенетін жағдайлар да сөз болады. Елдегілер ауру малдарды сатармандар бір келісін 300 теңгеден сатып алып жатыр деседі. Ауру малдың етінде қандай құнарлылық бар?  Таяуда ғана облыстық денсаулық сақтау басқармасының мамандары Шортанды ауданындағы «Мусулманский» деп аталатын шұжықта харам қоспаның барын анықтады. «Өлетін бала молаға қарай жүгіреді» демекші, адалдықты жамылып, Алладан қорықпай, айласын асыруды мақсат тұтқан саудагерлерді ойлаймын да ой түбіне жете алмаймын. Қиямет күнін ойламаған пенде, өмірдің бақытын қайдан табамын дейді екен?! Сөз басында ниет, жүректің адалдығы туралы айтқанда осыны меңзеген едік.
Қасиетті Құран
кәрімде айтылған
Жалпы, халал дегеніміз не? Бүгінгі тұтынушы халал тағам мен харамды қалай айыруы керек? Ертеңгі күні, жаман айтпай жақсы жоқ, ақ өлімді аңсаған қазақ, өн бойын харам аспен ластамай, халал асты тұтынуы үшін, нені, қалай және қайдан алуы керек деген сұраққа біз де жауап іздеп көрдік. Алдымен, Алланың үйін бетке алып, облыстық орталық мешіттің наиб имамы Серік Ергебекұлымен сұхбаттасып, тоқығаны мол зерделі азаматты сөзге тарттық. Наиб имамның айтуынша, халал –
барша мұсылмандардың күнделікті тыныс-тіршілігіне қатысты шариғат тыйым салмаған іс-әрекеттерді қамтитын тек Ислам дініне тән ұғым.     
– Халал деген сөз қазақ тілінде адал деген мағынаға саятын болса, орысша «дозволенный», яғни, шариғатта рұқсат етілген дегенді білдіреді. Құран кәрім үш бөліктен тұрады. Біріншісі, қиссалар, бұрынғы өткен тарих, екіншісі ақирет күнін, яғни, о дүниені қамтиды, үшіншісі, халал және харам деген нәрсені тарқатады, яғни, әмірлер. Біз әдетте халал дегенді тек тағамға байланысты ғана айтылады деп ойлаймыз. Қасиетті Құран кәрімде: «Ей, иман келтіргендер! Біз ризықтандырған (адал) тағамдарды жеңдер. Алла тағалаға шүкіршілік етіңдер. Оған ғана құлшылық етіңдер», («Бақара» сүресі, 172-аят) – делінген. Харам тағамдарға не жатады деген сұраққа біз алдымен, доңыз еті дер едік. Ол – абсолюттік харам. Демек, доңыздың еті, терісі, жүні де харам саналады. Содан кейін өлексе, арақ та харам. Әдетте халал өнім өндіретін өндіріс орындарында мал бауыздайтын қасапшылардың мұсылман болуы және сойылатын малдың ауру болмауы басты назарда болады. Сойылуға тиіс қай жануардың түрі болмасын, тоқпен немесе басқа да ауыр құралдармен ұрып өлтірілмеуі тиіс. Біз адамзат баласымыз. Бірақ, егерде біз оны «Бісміллә, Аллаху акбар» деген сөзбен соятын болсақ, біз оны Алланың атымен, оның рұқсатымен сойып, оны халал тағам ретінде тұтынуға хақымыз бар. Және бір айта кететін жәйт, Мысыр еліндегі бір атақты ғалым малды союдың мән-мағынасын түсіндіру жөнінде үш томнан тұратын үлкен ғылыми еңбек жазған. Мәселенки, малыңыз құдыққа түсіп кетті, сонда оның еті харам қалмас үшін кез-келген жерінен бісміллә деп кесіп, союға болады. Ондай малдың еті харам саналмайды делінген. Сондай-ақ, сол елде мынандай бір тәжірибе жасалса керек. Екі қойды алып, біреуі шариғат бойынша бісміллә, Аллаху акбар деп сойылса, екіншісі ештеңе айтпастан пышаққа ілінген. Ғалымдар екі қойдың етін арнайы сараптамадан өткізсе керек. Сонда бісміллә айтып сойылған қойдың еті бүкіл арам қаны шығып тап-таза болса, бісмілләсіз сойылған қойдың еті тырысып, әр жерде арам қаны ұйып қалған екен. Бұл дәлелденген дүние. Бүгінгінің ғалымдары суицид деген пәленің себебі осы харам еттердің кесірінен деген болжам жасап отыр. Бісмілләсіз сойылған мал – асылып қалған адаммен тең.
…Жүрегім шымыр етті! Қиястық қияметке бармайды деген сөздің жаны бар-ау!..
«Халалынан»
алайын десек…
Біз бұл мақаланы жазбас бұрын бірталай адамдармен дидарласып, сұхбаттастық. Солардың арасында халал тағам тұтынғысы келетіндер көп. Біз сол адамдарды өзара екі топқа бөлдік. Бірі халал тағам алайын десе бағасының қымбат екендігін айтса, екіншісі оның құрамына күмән келтіретіндіктерін айтады. Енді осы екі мәселенің байыбына бармаққа, «Орталық базар» қайдасың деп жол тарттық. Біздегі «Орталық базарда» «ақ қойдың» еті мен халал ас араласып жатады. Сатушы шошқа етін ұстаған қолымен халал тағамды ұстайды, мұның өзі тазалыққа жата ма? Жайма базарда, яғни, көшеде сатылып жатқан самса, орамалардың құрамында қандай ет бары бір Аллаға аян. Осындайда «асхана, дүкен көшеде, «Халалға» қолың жете ме?» деген сұрақ бізді де мазалайды. Ораманың сыртында «Сиыр еті» деген жазуды көрсе болды, бұл халал тағам екен деп, бағасы қалтасын қақса да, халық адалынан ас ішуге талпыныс танытуда. Сатушы Дана Шынғожинаның айтуынша, халал тағамға сұраныс өте жоғары. Бірақ, бағасы тым қымбат. Келісі 1200, кей жерде 1300-ден басталады. «Орталық базарда» жасы сексенді алқымдаған ақсақал Сағымжан Ыбыраевқа жолықтық. Ол кісі де осы тақырып аясында өзінің пікірін білдіруді жөн санады.  – Қазақ халқы «ауру – астан» деген. Бұрынғы ата-бабаларымыз неге ұзақ ғұмыр кешті. Өйткені, олар таза табиғи өнімдерді тұтынған. Қазақтың қымызы мен шұбаты, құрт-майы мен қоспасы тіл үйіреді емес пе? Және бұл тағамдардың адам денсаулығына пайдасын бүгінде барлық ел мойындап отырған жоқ па? Жылқының қазы-қартасы, жал-жаясы жаныңа шипа, дертіңе дауа ғой…
Иә, рас Сағымжан ата дұрыс айтады. Тіл үйіртер сары қымыздың құрт ауруына шипа екендігін бүгінгі ғалымдар дәлелдеп қана қоймай, бұл тәжірибе шетелдерде де енгізіліп жатыр. Өкініштісі, бүгінде ауылда тұрып, желіге құлын байламайтын ұрпақ өсіп келеді. Оны айтасыз, қораның иісі қолқа қабады, сиыр саумаймын деп сүтті дүкеннен сатып алуда. Міне, жаңалық!
Ендігі әңгіме халал тағамның құрамы жөнінде. Облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы директорының орынбасары Дана Жантемірова да осы тақырып тұрғысында өз ойын ортаға салды. – Естуімше, арам өлген жануардың етінде немесе «халал» емес ет өнімдерінде «үрей гармоны» пайда болып, ол етке сіңеді де, еттің дәмі бұзылады. Еуропа және АҚШ дәрігерлерінің тұжырымы бойынша, ағзаға пайдалы ет – қаны жоқ ет. Қан бұл бактериялардың көбеюіне оңтайлы орта. Және бір мәселе, әдетте сойылған малдың еті бір күнде сатылып, бір күнде пісірілмейді, бұл дегеніміз, етті бірде мұздатып қойса, ендігі кезекте ерітеді. Ал, бұл бактериялардың көбеюіне әкеліп соғады. Халал технологиясы бойынша сойылған етте қан болмайды. Оның үстіне халал тағам үшін өсірілген мал экологиялық жағдайы қолайлы таза жерде өсіріліп, таза сумен, құнарлы шөппен жемделсе, әлбетте ондай жануардың өнімі де таза әрі ағзаға сіңімді болады. Бірақ, бұл орайда да туындайтын сұрақ – ондай шұрайлы жер қайда екен? Өкінішке орай, өнімін өткізу үшін көптеген өндірушілер малдарын гармонмен «тамақтандырып», жемдеріне нитрат, пестицид қосса, енді біреулері натрий глутаматы сияқты дәмін күшейтетін химияны қосады. Бүгінгі күннің басты мәселесі – экологиялық тұрғыдан таза тағам өнімдері. Азаматтарымыз өз денсаулығы үшін қай тағам түрлері қандай технология бойынша дайындалғаны дұрыс екенін білуі шарт және біздің орталық дәл осы білімді халыққа жеткізу үшін жұмыс істеуде, – дейді Дана Асадқызы.

 

Біз бүгінгі мақаламызда түрлі мамандар мен қарапайым халықтың пікірлерін келтірдік. Ой қорытып, таразылайтын өзіңіз, оқырман.  

 

Мақаланың түйіні немесе әжемнің «рецебі»

 

Кеше ағамның үйіне қонаққа бардық. Жеңгем біз келісімен қазан көтеріп, ас қамдады. Қайын інісі жеңгесін әзілмен қағытып жатыр.     
– Жеңеше, тағамыңыз тағам емес екен! – деді інім қуланып.    
– Сал жігіт тағы нені ойлап таптың? – деді жеңешем ақырын жымиып.    
– Жәй, әншейін, тағамыңыз тағам емес екен, бал екен деймін, – деді інім жарқылдай күліп.
– Әжемнің «рецебі» бойынша жасалған ғой шамасы, – деді інім тағы да жұмбақтап.
Жеңгем түсіне қалды. Сөйтті де өзіне жарасымды жымиысымен:    
– Иә, иә, бісмілләні тұздыққа қостым, онсыз қазан көтермеймін, – деді.
Мен іштей: «Әжемнің мектебі!» деп қуанып отырмын.            
…Айтпақшы, ұмытып барады екенмін, әжемнің «рецебін» қаперіңізге алыңыздар, жеңешелер, тағамдарыңыз балдай болады!..

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар