Аудандық мәдениет үйінде тұңғыш рет «Асар» қайырымдылық акциясы өткізілді.
Акцияға аудан орталығындағы балалар шығармашылығы үйінің тәрбиеленушілері жасаған әртүрлі бұйымдар мен қолөнер туындылары шығарылды. Осы жерде қайырымдылық акциясына қатысушылардың белсенділігінің нәтижесінде саудаға шығарылған лоттардың бастапқы бағалары үнемі өзгеріске ұшырап, белгіленген бағадан әлденеше есе қымбатқа сатылды.
Шара соңында «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әлия Таласбаева бастаған комиссия мүшелері жиналған қаржының көлемін жариялады. Бұл акция көмекке зәру жандарға қолұшын созуға әрдайым дайын мейірімді жандардың көп екенін тағы бір дәлелдеді. Осы шараның жоғары деңгейде өтуіне «Алтынтау Көкшетау», «Милк проджект», «Химик», Шағалалы агробизнес колледжінің ұжымдары, біршама жеке тұлғалар айтарлықтай үлес қосты. Акциядан түскен 830 мың теңге жерлестеріміз Настя Лакомкина мен Әсет Байжоловтың емделуі үшін ата-аналарына табыс етілді. Аудандық мәдениет үйі қызметкерлерінің бастамасымен мұқтаж жандарға үлестірілетін киім-кешек жинау акциясы одан әрі жалғасуда.
Қайрат ҚАЗИАКПАРОВ.
Зеренді ауданы.