Мәңгі жазылмайтын жан жарасы

 

Достық үйінде облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркеновтың қатысуымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған шара болып өтті. Оған облыс орталығында тіркелген ұлттық мәдени орталықтар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері, мемлекеттік мекемелердің, оқу орындарының қызметкерлері қатысты.

 

Жұртшылық алдымен «Алаштың ұлы тұлғалары» атты сурет көрмесін көріп, тылсым сырдың тұңғиығына бойлады. Алаш арыстарына арналған көрмеде халыққа танымал тұлғалардың портреттері мен алаш тарихына қатысты суреттер қойылыпты.
Еске алу шарасы қазақ халқы үшін ең қаралы кезең болып тарихта сақталып қалған өткен ғасырдың 30-шы жылдарындағы миллиондардың өмірін жалмаған ашаршылық пен саяси қуғын-сүргінге арналған бейнефильмді көруден басталды. Содан кейін жиналғандар ашаршылық пен қуғын-сүргін құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды. Облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов 1998 жылдың 31 мамырынан бастап Елбасының бас-
тамасымен елімізде Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні дәстүрлі түрде аталып өтіп келе жатқандығын, тарихымыздағы ең ауыр кезең болып сақталып қалған отызыншы жылдардағы ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін туралы ақиқатты бүгінгі ұрпақтың білуі және құрбандарды еске алуы қажеттігін айтты. «30-шы жылдардағы ашаршылықта қазақ халқының қырық пайыздайы қырылды, ал саяси қуғын-сүргін кезінде жүз мыңнан астам адам жазықсыз сотталса, олардың  25 мыңы атылды. Ең сорақысы, қуғынға түскендердің бәрі ұлт қаймағы саналатын зиялы қауым өкілдері еді. Ақмола облысының өзінен  5,4 мың адам сотталып, олардың 1,5 мыңы атылды», – деп атап өткен облыс әкімінің орынбасары шараға қатысушыларға бүгін Елбасымен бірге «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешенінде жүрген облыс әкімінің ізгі көңілі мен сәлемін жеткізді.
Сталиндік солақай саясаттан тек қазақ халқы ғана емес, бұрынғы Кеңес Одағының барлық халықтары зардап шекті. Сол жылдарда Қазақстанға 1,5 миллиондай адам жер аударылып келді. Еліміздің аумағында 11 жазалау лагері жұмыс істеді. Осылайша Қазақстан  «халықтар түрмесіне» айналдырылды. Кеңестік осындай  қаскөй саясаттан зардап шеккендерге өздері қиындық көргендеріне қарамастан, жергілікті қазақ халқы зор кеңпейілдік танытып, нанын үзіп беріп, ауыртпалықты бірге көтерісті.
– Өткен ғасырдың 30-шы жылдарының басында қазақтар аштыққа ұрынып, көп ауыртпалық тартқаны белгілі. Ал, отызыншы жылдарда жер аударылып келгендерді үлкен кеңпейілдікпен қарсы алып, оларға жанашырлық танытты. Менің әкем 14 ағайынды екен, алыс жолдың ауыртпалығына шыдамай содан 4-еуі ғана аман қалыпты, – дей келіп, облыстық  «Вайнах» шешен-ингуш қоғамының төрағасы Герихан Яндиев сол бір қиын шақта қол ұшын беріп, көмектерін аямаған қонақжай қазақ халқына деген шексіз алғысын білдірді. «Биік тауда орналасқан Хайбах деген ауыл болған еді. Оларды теміржол стансасына жеткізу қиын болғандықтан жас демей, кәрі демей солдаттар түгел атып тастапты. Қазір бұл ауыл жоқ», – деп ол сол бір кездің сұмдық оқиғасын есіне алды.
1940 жылы әкесі халық жауы атанып, Ленинградтан алыстағы Оралға жер аударылғанда дүние есігін де ашпаған Виктория Волкованың балалық, жастық шағының көп жылдары айдауда өтеді. Әкесі халық жауы атанып атылса, жоғары білімді дәрігер мамандығы бар анасы алғашында Оралда, кейін Көкшетауда айдауда жүріп, жалғыз қызын өсіріп, жеткізеді. «Менің жастық шағым Қазақстанда өтті. Бұл жерде ешкім кемсітіп, кеудемнен итермеді. Жоғары білім алып, анамның жолын қуып дәрігер болдым. Отбасын құрып, ел қатарлы тірлік кешіп жатырмын. Кеңпейіл қазақ халқына, бүгінгі Мемлекет басшысының жүргізіп отырған ұлтаралық татулыққа бағытталған саясатына дән ризамын. Қазақстан менің Отаным және одан кетуді ешқашан ойлаған емеспін», – дейді Виктория Борисовна.
«Облыстық поляктар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Александр Суховецкий де бір кезде жер аударылып келген поляктардың ұрпағы. Жүк вагонына тиеп, аш-жалаңаш жер аударылғандардың 25 па-йыздайы жол азабына шыдамай мерт болыпты. Мұнда келгесін де жиырма жылға дейін жер аударылған деген атақтары сақталған және милицияның қатаң бақылауында ұсталған. «Сондай ауыр шақта кеңпейілдік танытып, барымен бөліскен қазақтардың қайырымдылығын атам мен әжем өле өлгенше ауыздарынан тастамай айтып өтті», – дейді поляк қауымдастығының төрағасы.
–Біз аштық дегенде тек 30-шы жалдардың басындағы  аштықты ғана еске алып жатамыз, ал  1919-1922 жылдардағы бір миллионға жуық қазақты жалмаған ашаршылық  жайында айтпаймыз. Бұл да большевиктер әкелген үлкен қасірет, – дейді облыстық мұрағаттың бас маманы Талапкер Уәлиев.
 «Тарих қайталанады, егер адамдар өткенді ұмытар болса» деген Олжас Сүлейменовтың сөзін мысал ретінде келтірген Көкшетау қалалық мәслихатының депутаты Тимур Ысқақов тарихымызда қара әріппен жазылып қалған өткен ғасырдың 30-шы жылдарындағы  аштық пен саяси қуғын-сүргінді қазіргі ұрпақ естерінде сақтау қажет деп атап өтті.
Саяси қуғын-сүргін күніне арналған шара облыстық филармонияның әншісі Сәрсенбай Хасеновтың  нәубет тақырыбын қамтитын  толғауымен аяқталды.

Суретте: саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алу сәті.
Суретті түсірген Берік Ескенов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар