Отанды сүю мемлекеттік рәміздерді құрметтеуден басталады

 

Мемлекеттік рәміздер қоғамның саяси мәдениетінің бір бөлігі ретінде тәуелсіздік идеясы мен елдің өзіндік келбетінің орнығып, дамуына игі ықпалын тигізеді. Сонымен бірге, әр азаматты өз Отанының жоғары идеалдарына, халықтың тарихи тамыры мен салт-дәстүріне құрметпен қарап, қызмет етуіне ынталандырады.

 

Қазақстан Республикасында жыл сайын 4 маусым рәміздер күні ретінде аталып өтуде. Биыл 25  жылдығын атап өткелі отырған бұл атаулы күн әрбір қазақстандық үшін қымбат. Өткен ширек ғасыр ішінде рәміздерімізге қатысты көптеген заң актілері мен заңнамалар қабылданды. Сөйтіп, рәміздерімізді құрметтеу, оны пайдалануға жағдай жасайтын заңдық негіздер толық жасалды деуге болады.
Біздің облысымызда да мемлекеттік рәміздерге қатысты жұмыстардың бәрі еліміздің Ата Заңы мен «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» заңын басшылыққа ала отырып жүргізіледі. Бүгінгі күні елімізде мемлекеттік рәміздерге, атап айтқанда, Мемлекеттік Ту мен Елтаңбамызға  қатысты үш мемлекеттік стандарт бар. Ол стандарттар рәміздердің формасы мен түсін, көлемін, дайындалатын материалдарды анықтайды. Енді соларға жеке-жеке тоқталайық.
«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы. Жалпы техникалық талаптар» Қазақстан Республикасының 988-2007 стандарты. Осы стандартқа сай Мемлекеттік Ту ағаштан жасалған сапқа ілінген геометриялық дұрыс формадағы көгілдір түсті, ортасында нұр шашқан күннің, оның астында самғаған қыранның  суреті бар мемлекеттік рәміз болып табылады. Тудың бір жақ қанатында ұлттық өрнек салынған. Тудағы күн мен  қыранның және ұлттық өрнектің бояуы алтын түсті.
«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы. Жалпы техникалық талаптар»  Қазақстан Республикасының 989-2014 стандартына сай Елтаңба көгілдір фонда дөңгелек шаңырақ формасында бейнеленген, одан жан-жаққа уықтар таралады. Елтаңбаның екі қанатында ертегіде айтылатын қанатты пырақтар бейнеленген. Жоғары жағында бес жұлдыз, ал төменде «Қазақстан» деген жазу бар.
«Қазақстан Республикасының Елтаңбасы бейнеленген мөрлер» Қазақстан Республикасының 1430-2005 стандарты. Бұл стандарт еліміздің мемлекеттік органдары мен мекемелерінің мөрлерінде бейнеленетін Мемлекеттік Елтаңбамыздың көлемі мен оған қойылатын техникалық талаптарын белгілейді.
Мемлекеттік Ту мен Елтаңбаны дайындау жұмысы мемлекеттік лицензиялау бойынша жүргізіледі. Лицензияны беру құзыры Инвестициялар және даму министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетіне берілген.
Қазақстан Республикасының 2011 жылдың 15 шілдесіндегі «Қазақстан Республикасының рұқсат ету мәселелерін жетілдіруге қатысты кейбір  заң актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына сай, Мемлекеттік Ту мен Елтаңбаны жасауға қажетті материалдар дайындау жұмыстары лицензияланбайтын болды.
Бүгінгі күні елімізде мемлекеттік рәміздердің мәртебесін бекіту бағытындағы жұмыстар жалғасып келеді. Ең алдымен, жас ұрпақты мемлекеттік рәміздерді құрметтеп, қадір тұтуға тәрбиелеуіміз қажет. Өйткені, әрбір азаматтың өз Отанын сүйіп, қадірлеуі ең алдымен, мемлекеттік рәмізден бастау алады.

Нұрлан СЕЙДАЛИН,
Ақмола облысы бойынша мемлекеттік бақылау жөніндегі мемлекеттік инспектор.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар