Таяуда Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында «Алтын Арқа» ақпараттық-ағартушылық орталығының кезекті отырысы ұйымдастырылды.
Әдеби кеш барысында қалалық «Көкшетау» газетінің редакторы Серік Жетпісқалиевтің өмірі мен шығармашылығына арналған «Кеудемде жыр қайнағанда!..» деп аталатын электрондық басылымының тұсаукесер рәсімі болып өтті. Мәдени шара барысында кітапхана қызметкері Мәржан Мұқашева жиналғандарды аталмыш электрондық басылыммен жан-жақты таныстырды.
Серік Сапарұлы балалар әдебиетіне де айтарлықтай үлес қосып келеді. Оның қаламынан туған туындыларды мектеп оқушылары зор ынтамен оқиды. Оған дәлел, аталмыш іс-шараға қатысқан №1 Краснояр орта мектебінің 7 сынып оқушылары Жансая Сәкен мен Назым Жеңіс ақын шығармашылығын зерттеп, «Зерде» жобасы бойынша республикалық байқауда жүлделі екінші орынды жеңіп алған. Таңдайлары тақылдап тұрған шешен қыздар болашағынан үміт күттіретіні сөзсіз. Бізді қуантқаны, таудай талаптары. Әсіресе, жергілікті ақын-жазушылардың шығармаларына бойлап, көңілге тоқи жүрген талпыныс-
тары құптарлық. Осы кеште Көкшетау қаласының құрметті азаматы, қолөнер шебері Шәмшия Айтжанова сөз сөйлеп, Серік Жетпісқалиевке арнап жырдан шашу шашып, кеш иесінің бірнеше өлеңдерін жатқа оқыды. Әдеби кеш барысында Мұрат қажы Ыдырысов, Мейрам Ғибаділов және тағы басқа өнер иесінің шығармашылығына тәнті бір топ жанашыр жандар өз ойларын ортаға салды.
Өлең мен қара сөзді қатар өрген Серік Жетпісқалиевтей сан қырлы талант иесі өскелең ұрпақ жадында қалар әлі талай тың туындыларын жарыққа шығаратынына сеніміміз зор. Ал, облыстық кітапхана жарыққа шығарған электрондық басылымның ақынның ғұмыр жолын зерттеп білмекке ұмтылған жастарға берер мағлұматы көп.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.