Жолдар жөнделіп, спорт дамытылуы керек

 

Облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің төрағалы-ғымен өткізілген кезекті аппарат кеңесінде аймақтағы жол жөндеу жұмыстарының және дене шынықтыру мен спортты дамытудың барысы туралы мәселелер қаралды.

 

Күн тәртібіндегі мәселелерді қарардың алдында облыс әкімі жиналғандарға жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының жаңа басшысы Жоламан Бәкішевті таныстырып, қызметіне табыс тіледі. Осы басқарма  басшысының орынбасары Дудар Сағитовтың жасаған баяндамасында облыста 7890 шақырым жолдар бары айтылды. Оның 2260 шақырымы республикалық, 2665 шақырымы облыстық маңыздағы жолдар. Шынын айту керек, осы жолдардың біразы жөндеуді талап етеді.
2017 жылы басқармаға  осы мақсатқа 11,7 миллиард теңге қаржы бөлінді. Оның 5 миллиардқа жуығы республикалық, қалғаны облыстық бюджеттен бөлініп отыр. Бұл қаржыға 177,7 шақырым жергілікті маңыздағы жолдар жөнделуі тиіс. Бұл жұмыс бес бағдарлама аясында жүзеге асырылмақшы. Соның ішінде Астананың іргесіндегі елді мекендерді және Щучинск-Бурабай курортты аймағын дамытуға қатысты жұмыстар  ерекше орын алады.
Баяндамашы осы жұмыстардың барлығын егжей-тегжейлі айта келе, облыс әкімінің қойған сауалдарына да жауап беруіне тура келді. Аймақ басшысы әсіресе, жолдарды жаңартуға және жөндеуге бөлінген қаржының тиімді жұмсалып, толық игерілуіне баса екпін қойды.
Одан әрі қарай бұл тақырыпты «Қазавтожол» ҰК акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Талғат Смағұлов жалғастырды. Облыста республикалық маңыздағы жолдарға осы филиал күтім жасайтындығы белгілі. «Орталық – Оңтүстік» бағыты бойынша өткен кезеңде 54 миллиард теңгенің қаржысы игеріліп, 98 шақырым жол жаңартылған.  2017 жылы бұл жолдардың  жөндеу жұмыстарын жүргізуге 6,7 миллиард теңге қаржы бөлінген екен. Бұл қаржыға бұрынғы және жаңа жұмыстардың бәрін аяқтап, жолдарды уақытында пайдалануға беру көзделіп отыр. «Орталық – Шығыс» бағыты бойынша бөлінген 33,3 миллиард теңгеге де 117 шақырым жолды жөндеп, пайдалануға беру қарастырылуда.  
Жаз айларында осы жұмыстардың бәрін тиісінше атқарып, бөлінген қаржыны толық игеру бұлжымас міндет болуы тиіс. Сондай-ақ, алдағы перспективаны ойлап, қаржылық-сметалық құжаттамаларды да кешіктірмей уақытында дайындау қаперде болуы шарт.
Бүгінгі таңда салауатты өмір салтын қалыптастыруда дене шынықтыру мен спорттың алар орны бір бөлек екені даусыз. Облысымызда осы жұмыс қалай жолға қойылып отыр? Бұл туралы кеңеске қатысушылар дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Надежда Патюткинаның баяндамасынан естіп, білді. Былтырғы жылға қарағанда жаңадан 71 спорт  қондырғысы іске қосылған екен. Баяндамашы аймақта кейбір спорт түрлерінің дамымай отырғанын айтып, шеттен шақырылатын жаттықтырушыларға пәтер болса деген тілегін жеткізді. Бұл орайда, өзіміздің жаттықтырушылар қайда деген орынды сауал туады. Спорт  мектептеріне де керек кадрларды қалай даярлаймыз? Облыс әкімі осындай орынды сауалдармен ведомство басшысының назарын өз ішіміздегі мүмкіндіктерге аударды. Сонымен бірге, «Оқжетпес» стадионының қайта жаңартылатынын айтып, қуантты. Міне, соңғы үш жыл бойы  облысымыздың намысын қорғайтын «Оқжетпес» футбол клубы стадионның дайын болмауынан Көкшетауда біріншілік ойындарын кеш өткізіп жүр. Биыл Премьер-Лига командалары 15 турды артқа тастағанымен, оқжетпестіктер өз алаңында бірде-бір ойын өткізген жоқ.
Облыс әкімі өзінің қорытынды сөзінде Бұланды ауданындағы жүзу бассейнінің уақытында  іске қосылуы мен  спорт бөлімін сақтап қалуды тапсырды және маусымның 10-ында ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің басталуына орай меймандар келетін Бурабай курорттық аймағы мен облысымыздың басқа да аудандарында жол бойындағы сервисті, қоғамдық тәртіппен өзге мәселелерді күнделікті бақылауда ұстау міндетін жүктеді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.    

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар