Көк тудың желбірегені жаныма қуат береді

 

4 маусым, жексенбі күні Тәуелсіздік алаңында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздерінің белгіленгеніне 25 жыл толуына арналған салтанатты шара болып өтті. Оған мемлекеттік органдардың, кәсіпорындардың басшылары, зиялы қауым, қоғамдық жұртшылық өкілдері, оқушы және студент жастар қатысты.

 

Салтанатты шара алаңға Мемлекеттік Туымызды жауынгерлердің әскери саппен алып шығуынан басталды. Содан кейін Әнұранымыз ойналып, жиналғандардың көбінің Әнұран сөзін қайталап айтып тұрғаны қуантты. Облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов ел тәуелсіздігінің  нышандары саналатын Мемлекеттік рәміздеріміздің қоғамдағы орны мен азаматтарымызды, оның ішінде жас ұрпақты отансүйгіштікке ынталандырудағы рөлі туралы жан-жақты айтып берді. – Спортшыларымыздың халықаралық жарыстарда жеңіс тұғырынан көрініп, Әнұранымыз ойналғанда және көгілдір Туымызды желбіретіп алаңға шыққанын көргенде кез-келген отандасымыздың көкірегін мақтаныш сезімі кернейтіні анық. Отанға, елге деген сүйіспеншілік те осындайдан көрінеді, – дей келе облыс басшысының орынбасары Мемлекеттік рәміздеріміздің тарихына тоқталды. 1992 жылдың 4 маусымында «Мемлекеттік рәміздер туралы» заңның қабылдануымен бірге тәуелсіздігіміздің нышандары – Мемлекеттік Туымыз, Елтаңбамыз бен Әнұранымыздың тарихи өмірі басталды. Міне, содан бері өткен ширек ғасырдың ішінде Қазақстан әлем қауымдастығында лайықты орнын алып, әлемнің озық елу мемлекетінің санатынан көрінді.
Шара барысында еңбекте, қоғамдық жұмыстарда белсенділігімен көзге түсіп жүрген бір топ адамға облыс әкімінің Алғыс хаты тапсырылды. Олардың арасында Щучинск қаласындағы өрттен сөндіру бөлімінің аға құтқарушысы Рустам Белхороев,  облыстық қан орталығының бас дәрігері Сәкен Қалымжанов, «Ақмола көңілді тапқырлар клубы жоғары лигасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Андрей Буров және басқалары бар.
«Жасыл ел» студенттік құрылыс отряды штабының жетекшісі Бекжан Әнуарбек отрядтың дайындығы туралы баяндады. Жаңа маусымға жас жасыл елшілер зор дайындықпен келіп отыр. Олар жаз бойы қоршаған орта тазалығын сақтап, көгалдандыру жұмыстарын жүргізетін болады.
Салтанатты шара еліміздің Мемлекеттік Туын көтерген автокөліктердің шеруімен аяқталды.
Мемлекеттік рәміздерімізге арналған осындай мерекелік шаралар облысымыздың барлық өңірлерінде өтіп, халқымыздың тәуелсіз еліміздің жарқын болашағы мен бейбітшілік сүйгіш саясатының төңірегінде тығыз топтасқандығының тағы бір жарқын көрінісіне айналды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар