Ата-ананың мұңы – жолдаманың құны

 

Соңғы қоңыраудың сыңғыры естілісімен ата-аналарды әбігерге түсіретін бір жай – бауыр еті балаларының жадыраған жаз айларында тынығып, демалуларын қамтамасыз ету. Тамаша табиғаттың аясында жүрген ауыл балаларының жайы бір бөлек те, қысы-жазы табандары қара жерге тимейтін, жалтыраған асфальттің үстінде өсетін қала балаларының жайы бір бөлек. Қара қарғаның миы қайнайтын шілденің аптап ыстығында көлеңке таппай, жазғы демалысын төрт қабырғаның ішінде, қапырықта өткізу жұқалап айтқанда, жас ұрпақ үшін оншалықты қолайлы емес.

 

Биылғы жылы облыста бірінші сыныптан оныншы сыныпқа дейін оқып, білім алып жатқан 110 480 оқушы бар. Күні бұрын екшеліп, аудандық, қалалық білім бөлімдерінің жасаған жоспарларына сәйкес, балалардың жазғы демалысы кезінде 107 228 оқушыны қамту көзделіп отыр. Өткен жылмен салыстырғанда, аздаған, 0,7 пайыз өсім бар. Ал, еңбекке баулу ісімен 93 900 оқушы қамтылмақ.
Міне, осынша оқушыға жазғы демалыстары кезінде 17 қала сыртындағы балаларды сауықтыру орталықтары қызмет көрсетеді. Осы арада қадап айта кететін бір жай, Қараөткел мен Көкшетаудай түгін тартса майы шығатын сулы, нулы, табиғаты тамылжыған өлкеде осы бір мәселенің әлі күнге дейін кешенді түрде шешімін таппай келе жатқандығы өкінішті-ақ. Дәл мұндай ауасы дертке дауа, тұмса табиғат өзге өңірде кемшін ғой. Жаратқан ие сыйлаған көл-көсір байлықты тиімді пайдалана алсақ кәнекей. Демек, осы арада оңтайлы істің орайын іздеп жүрген кәсіпкерлерге пайдалы жолды да көрсете кеткен жөн болар. Әр баланың бір маусымда демалу құны оншалықты арзан емес. Баға мәселесіне кейінірек тоқталамыз. Жазғы лагерьде әр маусым сайын орын жетпей, кезек күткен бала қаншама? Демек, істің көзін тапқан кәсіпкерге пайдалы. Балалар үшін екі бастан. Сауықтыру орталықтары көбейсе, қасқалдақтың қанындай болып тұрған жолдаманың құны да арзандар еді. Шиыра айтқанда, осы бір іс оңынан шешілсе, ешкім де зиян шекпейтіндігі анық. Әйтпесе, жүз мыңның үстіндегі оқушыға небары 17 сауықтыру орталығының аздық етері ақиқат.  
Үстіміздегі жылы мектеп жанындағы лагерьлердің саны сәл ғана көбейген. Қамтитын оқушылардың көлемі де артқан. Бірақ, мұның өзі ақиқатына жүгінер болсақ, амалсыздан істеліп отырған шаруа.
– Қалтаң көтерсе қала сыртындағы, табиғаттың аясындағы, көл жағасындағы лагерьге не жетсін. Әне бір жылдары үлкен балаларым Имантаудағы балалар лагерінде демалып келді. Айналдырған он күн болса да құр атқа мінгендей қунап, күнге күйіп, көлге шомылып, орман аралап, естерінен еш кетпестей керемет әсерге бөленген, – дейді қала тұрғыны Әбжан Сарымсақов, –
ал, кішкентай балаларым соңғы жылдары мектеп жанындағы лагерьлерде болып жүр. Бірақ, бұл жерде балалардың бой жазатын жері, жұтатын ауасы, түсетін көлі жоқ қой. Бұл жайды жақсы білгенімізбен, лагерьдің жолдама құны қазіргі күні қолжетімді емес.
Шынында да бұл ата-аналардың айықпас бас уайымына айналған дүние. Осы мақаланы дайындау барысында біраз ата-анамен тілдестік.
Бәрі алдын ала келісіп қойған адамша жолдама құнының қымбаттығын айтып, мұңдарын шағады.
– Әттең ауылдан көшіп кеттік. Қара шаңырақта да ешкім қалмады. Әйтпесе немерелерімді жаздыгүні елге жіберер едім. Қазақ мектебінде оқығанымен, өздері екі тілде қойыртпақтап, араластырып сөйлейді. Ауылға жіберсем, ауыл балаларымен сөйлесіп, үлкеннің мейірімін көріп, рухани жағынан да өсіп қалар еді. Ауылдың дастарханы дәл қазір ит басына іркіт төгіледі дейтін жағдайда болмағанымен, ағарған ішсе де аш болмайды ғой. Біздің Айыртау өлкесінде балалардың демалуына қолайлы жай бар ғой, – дейді Жәмила Сәрсенбаева, – ал, лагерьге жіберу үшін жағдайымыз жоқ. Қазақ баланы санамаса да айтайын, бес немерем бар. Біреуін жіберсең, төртеуі өкпелейді. Бәріне бірдей болайын деп ұстап отырмын. Ойын баласы емес пе, далаға шыққысы келеді. Күнімен үйде қамалып қалай отырсын. Далаға алып шығып, қаздың балапанын баққан сияқты бағып жүремін. Енді қайтейін. Ауыл баласы сияқты отын жармағасын, шөп шаппағасын, оны айтасыз тіпті, таза ауа жұтпағасын қала баласының әлжуаз болып өсетіні содан шығар.       
Шынында да, лагерьдің жолдама бағасы күйіп тұр. Сөзіміз дәлелді болуы үшін мысал келтіре кетелік, Зерендідегі «Сұңқар» демалыс лагерінің он күндік жолдамасы – 80 мың, 15 күндігі – 119 мың теңге, ал, Бурабай баурайындағы «Дискавери» демалыс лагерінде бір баланың он күн демалуы – 75 мың теңге. Оның үстіне баланы демалысқа дайындау, спорттық киім-кешегі, өзге қажеттері бар дегендей. Жиналып келгенде қомақты қаражат болып шығады. Бұл бір балаға жұмсалатын қаржы, ал, жоғарыдағы тілдескен апамыз айтқандай, бес балаңыз әйтпесе, бес немереңіз болса қалтаңыз көтере ме?   
Жалпақ жұрттың жеткіншектерінің бәрі бірдей қала сыртындағы лагерьлерде демалуы мүмкін болмағандықтан, тығырықтан шығар жол іздеген сала басшыларының өзге де мүмкіндіктер тудыруға талпынып жатқандары рас. Оқушылар спорттық, өлкетану бағытындағы лагерьлерде демалады. Бірақ, бұл сауықтыру органдарының мүмкіндігі шектеулі. Барлық оқушының жеті пайызына ғана жуық.
Қарапайым отбасы балаларының санасында сағым болып бұлдырайтын санаторийлер мен курорттық аймақтарда демалу бақыты бұйырып тұрған ауқатты ағайынның балалары да бар. Өткен 2016 жылы мұндай балалардың саны 11 мыңнан асып жығылған. Биыл да қалтасы қалың ағайын балаларын демалдыруға ынта-шынтасымен кірісетін шығар. Бірақ, бұл да жалпы көлемнің аз ғана бөлігі. Биыл 20 бала «Бөбек» сауықтыру орталығында денсаулықтарын нығайтады, 85 оқушы Бурабай баурайындағы республикалық оқу-сауықтыру орталығында кезектесе отырып демалатын болады. Жетпіске жуық оқушы Қапшағай қаласындағы сауықтыру орталықтарына бармақшы.
Жаз айларында оқушыларды еңбекке баулу мәселесі де жоспарланған. Шынтуайтында бұл өзі ақсаусақ болып өсетін қала балалары үшін керек дүние. Ауылдағы қой бағып, шөп шауып, отын кесіп жүрген балалар еңбек дейтін құдіреттің дәмін ерте тататыны, балғын саналарына қасиетін ерте сіңіретіні айтпаса да түсінікті. Сондықтан, бұл орайда әсіресе, қала балаларын қамтыған абзал. Кейінгі жылдары өз үйінде шеге қағуға қауметі жетпейтін «қарағымдардың» шығып жатқаны да соқталдай жігіт болғанша еңбекке тартылмағандықтан. Атам қазақ ұлын қабырғасы қатып, бұғанасы бекімей жатып, жүген-құрық тимеген асауға мінгізіп, он үшінде отау иесі қылғанда қайратын шыңдап, қажырын арттырайын деген ғой. Ол заманда он бестегі бала баспын десе, қазіргі заманда отыздағының өзі жаспын деп жүр.  
Үстіміздегі жылы экология, жас орманшы тәрізді лагерьлерде 93 900 оқушы қамтылуы жоспарланған. Оның үстіне балалардың жазғы демалысы кезінде әрқилы үйірмелер мен 98 аула клубы жұмыс істейтін болады. Оған қоса, «Жас ұлан», «Жас қыран», олимпиада резервтері мектептерінің жазғы демалыс лагерьлері, 314 тіл үйрететін лагерьлер жұмыс істейді.
«Туған жер» бағдарламасы бойынша «Ұлы дала елі» экспедициясы ұйымдастырылмақ. Міне, осындай шаруалар көзделіп отыр. Қолда бар мүмкіндікке орай. Барды қанағат тұтып, бірақ, соның өзі жалпы жұрттың қажетін аша бермейді.
Енді не істемек керек. Зайыры бұл мәселені сағаты соққанда емес, күні бұрын ойлап, пішіп, қамтыған дұрыс еді. Жазғы демалысты ұйымдастыру үшін не қажет? Әрине, табиғат. Бұл жағынан біздің өңір ешкімге өкпелей алмас еді. Үзіліп түскен моншақтай әсем, көгілдір көлдер мен қолдың саласындай ақ қайыңдар, мәңгі жасыл қарағайлар көмкерген таулы, тасты, ұсақ шоқылы, ну жынысты Қараөткел мен Көкшетаудың кез-келген жері құшағын жайып қарсы алады емес пе. Кәсіпкерлікті дамытуға да, жаз айларында уақытша болса да қаншама жұртты жұмыспен қамтуға да мүмкіндік тудырар еді. Тек өкініштісі, барды игере алмай жатқандығымыз.
Тағы бір ұсыныс айта кетелік, біздің басылым бұл жайды бұрын да көтерген. Тек құлақ асқан ешкім болмады. Ұлттық лагерь ұйымдастырса қалай болар еді? Ұлтқа бөлу үшін емес, біріктіріп, бірін-бірі жете тануы үшін. Ең бастысы, тіл сындыру үшін. Ұлттық ұлағатымызды, салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды жас толқынның бойына шым-шымдап сіңіру үшін. Әлгі лагерь киіз үй немесе киіз үй пішіндес етіп жасалған баспанада болса. Жазғы демалысқа келген балалардың дастарханына тек ұлттық тағамдар қойылса. Атқа мінсе. Балаларды облыс орталығындағы тарихи өлкетану мұражайының көшпелі көрмесі Алаштың ақтаңдақ тарихымен таныстырып, облыстық филармонияның дәстүрлі әншілері өз өнерлерімен сусындатса. Қиял емес, қолдан келетін-ақ шаруа. Бәрі де жетеді. Тек жетпей тұрғаны ынта мен ықылас қана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар