Ұлт іздеушісі

 

Облысымызда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы бойынша жұмыстар жүргізу мақсатында «Дәстүр: кеше, бүгін, ертең» ғылыми-көпшілік жобасының жетекшісі, танымал ақын, белгілі Шоқайтанушы  Қасымхан Бегманов шығармашылық сапарда жүр. Есімі елімізге мәлім әдебиет өкілін облыс әкімінің бірінші орынбасары Дәурен Әділбеков қабылдап, жылы шырайлы әңгіме барысында ақынның Ақмола, Көкше өңірлеріне, осы топырақта туып-өскен айтулы тұлғаларға  білдірген ерекше ықылас-пейілі үшін ризашылығын жеткізді.   

 

Жалпы, Қасымхан Бегманов туралы айтқанда оның қаламгерлік қырын ғана емес, ғылыми-зерттеушілік, публицистикалық, басқа қырларын да қоса алып қараған дұрыс болады. Шоқтығы биік азамат тұлғасын сонда ғана жан-жақты тани аламыз.
Алматыдан келген ақын алдымен облыстық мемлекеттік мұрағатында болып, кездесу өткізді. «Мен қай өңірге  барсам  да мұрағатқа бас сұқпай кетпеймін. Барлық  құнды деректер мен тарихи мәліметтер сол мұрағатта сақталады. Әттең, уақытым жетпейді, әйтпесе мұрағатта отырып жұмыс істесем, талай құнды еңбектер жазуға болар еді» – деген өкінішін білдірді қаламгер. «Мұстафа Шоқай жолымен» атты екі томдық тарихи деректі еңбегін шығару үшін он жылдан астам уақыт зерттеу жұмыстарын жүргізіпті. Соның арқасында Түркістан мемлекетін құрушы ұлы тұлға туралы көптеген құнды деректер тауып, оның өмірі мен шығармашылығы, еңбек жолы жайында мол ақпараттармен танысқан. Міне, осы он жылдық зерттеулер кеңес заманында елін, ұлтын сатқан сатқын ретінде айтылып келген тұлғаның шын мәнінде қазақ халқының азаттығы мен теңдігі үшін күрескен ұлы күрескер, үлкен жүректі қоғам қайраткері болғандығын тануға көмегін тигізіпті.
– Мұстафа Шоқай туралы деректер жинау мақсатында ол оқыған Петербургтегі орталық музейге барған едім. Өзім ғана емес, жанымда осы мақсатпен елден келген бір топ адамдар да болды. Олардың арасында республикалық басылымдардың бас редакторлары мен ғалымдар бар-тын. Содан фототілшілеріміз бен телеарна операторлары суретке, бейнетаспаға түсіріп жатыр. Сол сәт кәстөм-шалбар киіп, галстук тағып, сықиған біреу «тоқтатыңдар, сендер кімсіңдер, суретке түсіруге кім рұқсат берді?» – деп тепсінсін. Сөйтсек, бұл осы мекеменің директоры екен. Біздің Мұстафа Шоқай жайлы дерек іздеп және деректі фильм түсіріп жүргенімізді естіп жетіп келіпті. «Мұстафа Шоқай деген халық жауы, сатқын. Сондықтан, ол туралы ешқандай  дерек берілмейді» дейді директор. Содан арындаған басшыға қарсы уәж айтып, Мұстафа Шоқайдың жау еместігін, өз ұлты, халқы үшін, оның бостандығы үшін бар өмірін сарп еткен күрескер екендігін дәлелдеп, түсіндіруге тура келді. Содан кейін ғана директордың түсі жылып, райынан қайтты, – дейді ақын ұлы тұлғаның жүріп өткен жолы жайындағы фильмді түсіру барысында кездескен бір қиын сәтті есіне алып.
Бүгінде мектептер мен жоғары оқу орындарында оқу құралы ретінде пайдаланылып жүрген «Мұстафа Шоқай жолымен» төрт сериялы деректі фильмін түсіру барысында ол бұрынғы Кеңестер Одағы елдері мен бірқатар Батыс мемлекеттерін де аралапты. Серік Шәкібаев сияқты КГБ офицері жазған кітап арқылы халық санасына сіңірілген теріс  көзқарастың жөнсіздігін дәлелдеу үшін де көп еңбек және уақыт қажет екенін мына бір жай да аңғарта түседі.
– Бір орыс тілді журналист Мұстафа Шоқай туралы Түркістан легионын құрған сатқын деп мақала жазғанда осы аяулы азаматымыз жөнінде деректі фильм түсірген мені де тілімен түйреп өтіпті. Соған әлеуметтік желіде өз пікірімді білдірген едім. Маған қарсы мыңнан астам адам пікір жазып, айтқанымды теріс етіп шығарды. Оларға Мұстафа Шоқайдың Түркістан легионын құруға қатысының жоқтығын нақты деректермен түсіндіруіме тура келді. Мұстафа Шоқай 1941 жылдың 26 желтоқсанында қайтыс болған. Ал, Гитлердің  Түркістан легионын құруға арналған жарлығы  сол жылдың 20 желтоқсанында шыққан екен. Жарлық шыққан уақытта Мұстафа ес-түссіз ауыр халде жатқан. Легион тек 1942 жылдың сәуірінде, яғни, Мұстафа Шоқай қайтыс болғаннан кейін бірнеше айдан соң құрылған. Сонда бұл іске оның қандай қатысы болмақ? – дейді Қасымхан Бегманов.  
Ақын сегіз жылдан бері шығып келе жатқан және өзінің тұрақты оқырмандарын тапқан «Дәстүр» ұлттық этнографиялық журналының редакторы бола жүріп, ұлтымыздың мәдениеті мен салт-дәстүрін, өнерін насихаттауға да зор үлесін қосып келеді. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында көтерілген ұлттық бірегейлік, салт-дәстүрді жаңғырту мәселесін ол сегіз жылдан бері үзбей көтеруде. Қазіргі күні «Дәстүр: кеше, бүгін, ертең» атты төрт томдық энциклопедиялық жинақ шығаруды қолға алып жатқандығын айтады қаламгер. Ұлтымыздың салт-дәстүрлері мен тіліне, діліне қатысты сол саланың білікті мамандары мен ғалымдарынан алынған сұхбаттар түрінде жазылған бұл кітаптардың әрбіреуінің көлемі бес жүз бет. Осыдан аңғарып отырғанымыздай, бұл кітап  қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрпы, мәдениетіне қатысты құнды ақпараттарды жинақтаған аса ауқымды еңбек болады деп күтілуде. Ақынның Ақмола облысына арнайы келу мақсаты да осы жинаққа жергілікті жерлерден тың мәліметтер тауып, қосу екен.
– Қазақ елі жер көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орын алатын, бірақ, халқының саны аз мемлекет. Осыншама жерді сақтап, қорғай  білуіміз үшін де рухымыз мықты болуы керек, – дейді ақын. Қасымхан Бегмановтың уақыты мен күш-жігерін, қарым-қабілетін аянбай жұмсап жүрген бұл үлкен шаруасының маңыздылығы да дәл осында жатса керек. Сапар аясында ақынның облыстық тарихи-өлкетану, әдебиет және өнер музейлерінде өткен кездесулері де тартымдылығымен ерекшеленді. Кешкісін облыстық теледидарда сұхбат берді.  Сондай-ақ, бүгін Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында ақмолалық зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, тарихшылармен де жүздесіп, пікір алмасатын болады.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар