Озат шаруашылықтың өнегесі

 

Облыс әкімі Мәлік Мырзалин кезекті жұмыс сапарымен Целиноград және Астрахан аудандарында болып, бірқатар әлеуметтік-экономикалық нысандардың жұмысымен танысты және алдағы міндеттерді белгіледі.

 

Аймақ басшысы алдымен, Целиноград ауданындағы «Родина» агрофирмасы» серіктестігінің бірқатар нысандарын аралап көріп, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында атқарылған жұмыспен танысты. Серіктестіктің өз қаржысы есебінен жаңа салынған 18 тұрғын үйді көріп шықты. «Жас-тар» шағын ауданында мұндай 28 тұрғын үй бар. Бұл тұрғын үйлерде агрофирманың және селодағы әлеуметтік саланың еңбеккерлері тұрады. Барлық көше жолдарына асфальт төселіпті. Өңір басшысы бұл селоның санитарлық тазалығы мен абаттандырылуы өзге елді мекендерге үлгі-өнеге болуы керектігін атап өтті. Бұдан кейін ол өткен жылы сүт зауытын кеңейтуге байланысты салынған №2 мал шаруашылығы кешенінде болды. Серіктестік басшысы Иван Сауэрдің айтуынша, қазір мал шаруашылығы кешенінде 2 мың бойдақ мал, 2 мың сауын сиыр бағылады. Бұдан соң Мәлік Мырзалин сүт өңдеу бойынша алдыңғы қатарлы еуропалық технологияны қолданып, жұмыс істейтін сүт зауытын аралап көрді. Кәсіпорын тәулігіне 37 тонна сүт өңдейді. Межені 50 тоннаға дейін жеткізу жоспарланған. Аймақ басшысы жақын арада ашылған «Лунный свет» сауда орталығы мен 200 орындық хоккей кортында, мәдениет және демалыс бағында болып, атқарылған ауқымды жұмысқа оң бағасын берді. Бұл нысандар да агрофирманың өз қаражаты есебінен салынған. Сауда орталығында жергілікті сүт зауытының сапалы өнімдері арзан бағамен сатылады. Селода спортты дамытуға серіктестік тарапынан ерекше көңіл бөлініп, қолайлы жағдай жасалуда.

 Жұмыс сапары барысында облыс әкімі Мәлік Мырзалин мен серіктестік басшысы Иван Сауэр облыс әкімдігі мен «Родина» агрофирмасы» серіктестігі арасындағы өзара әріптестік жөніндегі бірқатар меморандумға қол қойды. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі аясында агрофирма жергілікті маңызы бар жолдарды қалпына келтіру бойынша екі жобаны жүзеге асырады. Сондай-ақ, меморандум аясында екі жақ «Туған жер» бағдарламасы бойынша екі жобаны жүзеге асыру жөнінде келісті.

Зеленый Гай селосындағы мәдени сауықтыру кешенін қалпына келтіру және дәрігерлік амбулаторияны күрделі жөндеу мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі аясында жүргізіледі. Өңір басшысы өз сөзінде Елбасы мемлекеттік-жекеменшік әріптестігін дамытуға ерекше назар аударып отырғанын атап өтті.
 –Мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі селодағы әлеуметтік сала инфрақұрылымы дамуының негізгі тетігі болуы тиіс. Бұл бағытта «Родина» агрофирмасы еліміз бен облысымыздағы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің бірегей үлгісі, – деді Мәлік Мырзалин. Родина селосы өңірдегі бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі дамыған үлгілі елді мекендердің бірі екенін атап өткен жөн. Селоның өз авиациясы, зоология бағы, сүт кешені, хоккей корты, мәдениет орталығы, монша, шаштараз, шіркеу, орталықтандырылған су мен жылу жүйелері мен өзге де нысандары бар. Ұлы Отан соғысына қатысушыларға, тыл ардагерлері мен 1 топтағы мүгедек аналарға азық-түлік тағамдары елу пайыз жеңілдікпен сатылады.
Облыс басшысы Астрахан ауданының Новочеркасск селосында орналасқан «Нұр-А» ауыл шаруашылығы кооперативінде болып, жұмысымен танысты. Кооперативтің төрайымы Гүлбаршын Қожахмет өз сөзінде  «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» акционерлік қоғамы арқылы қомақты несие алып, сүт салқындатқыш пен сүт таситын арнайы көлік сатып алғанын, жақын арада сүт өңдейтін қондырғы сатып алатынын, бес адамды жұмыспен қамтып отырғанын айтып берді. Сүт өнімдері ауданның әлеуметтік мекемелері мен сауда орындарына өткізілетін болады. Аймақ басшысы мұндай нысан ауданның өзге елді мекендерінде де болу қажеттігін атап өтті. Бұдан кейін ол жақын арада пайдалануға берілген «Тасбұлақ» жеке кәсіпорнының минералды су өндіретін кешенінің цехтарын аралап көрді. Сегіз адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпорын тәулігіне 4 мың литр өнім шығара алады.

Кәсіпкерлік мемлекет тарапынан жан-жақты қолдануға ие екендігін айтқан облыс басшысы аудан орталығында орналасқан №6 агротехникалық колледжде болып, оқу бөлмелерін аралап көрді. Өткен жылы бөлінген қаржыға білім шаңырағының қосалқы шаруашылығының қорасына күрделі жөндеу жұмысы жүргізілген. Колледж аумағы абаттандырылып, жолдарға асфальт төселген. Мұнда 339 оқушы аспазшы, көкөніс өсіруші, механизатор, жүргізуші мамандықтары бойынша мемлекеттік және ресми тілдерде білім алады.

Облыс әкімі шаштараз дайындайтын арнайы курсқа назар аударып, бұл үрдісті өзге аудандарға үлгі ету қажеттігін атап өтті. Бұл курста Жарқайың мен Целиноград аудандарынан келіп оқитын оқушылар бар екен. Жұмыс сапарының барысында өңір басшысы аудандық мәдениет үйі мен Жалтыр селосындағы дәрігерлік амбулаторияның жағдайымен танысты. Аудан активін өткізіп, ауданның биылғы жылғы қаңтар-сәуір айындағы әлеуметтік-экономикалық дамуын қорытындылап, оң бағасын берді. Көктемгі егісті қысқа мерзімде аяқтаған диқандарға алғысын білдірді. Мал шаруашылығының кейбір мәселелеріне тоқталып, мал басы мен ауыл шаруашылығы кооперативінің санын көбейтуді, кәсіпорындардың толық қуатында жұмыс істеуін қамтамасыз етуді тапсырды. Ауданда балабақша кезегінде тұрғандар көп. Аймақ басшысы бұл мәселені мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі аясында шешуге болатынын атап өтті. Тиісті басшыларға медициналық сақтандыру мәселесін шешуді тапсырды.

Целиноград – Астрахан аудандары.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар