Әр адамның өзінің сүйікті ісімен айналысқаны қандай жақсы. Облыстық тексеру комиссиясының бас маманы – мемлекеттік аудитор Дәулет Ахметов туралы осыны айтуға болады. Ол мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүйесінде он жылдан астам уақыт жемісті еңбек етіп келеді.
Ақмола облысы бойынша тексеру комиссиясының ұжымы айтарлықтай үлкен емес. Әріптестерімнің әрқайсысы өзіне тиесілі жұмысын адал атқарып келеді. Әрине, олардың барлығы туралы жылы лебіз білдіруге болады, бірақ, біз бүгін осы салада абыройлы қызметімен көрініп жүрген Дәулет Қанапияұлы жайында әңгіме өрбітпекшіміз.
Біздің кейіпкеріміз қызмет ететін мемлекеттік аудит бөлімі аудиторлық және сараптамалық іс-шараларды жүзеге асырады. Яғни, жергілікті бюджеттің, бюджеттік бағдарламалардың орындалуына, аумақты дамыту бағдарламаларының іске асырылуына талдау жұмыстарын жүргізеді. Сондай-ақ, осы бағдарламаларға қатысушылардың бюджет қаржысын, жеке және заңды тұлғалардың гранттарын, мемлекеттік активтерді, жергілікті атқарушы органдардың қарыздарын, бюджеттік инвестицияларды жоспарлау, қалыптастыру, бөліп, тарату және орындаумен байланысты болып келетін заңнамалық нормалардың сақталуын қадағалайды.
Бөлім осы орайда, біздің органның мемлекеттік аудит нысанын алдын ала зерттей келе, өзінің сараптамалық қорытындысын беретін басқа құрылымдық буындарымен де өзара тығыз байланыста жұмыс істейтіндіктен, жауапкершілік жүгі, жұмыс ауқымы жетіп артылады.
– Мемлекеттік қызметте жұмыс істеу қиын емес, керісінше қызықты. Біз күн сайын әртүрлі адамдармен кездесеміз. Басқа мекемелердегідей, қағаздармен де отырамыз. Сонымен бірге, мемлекеттік аудит жүргізу үшін облыс өңірлеріне жиі шығып тұрамыз. Аудит нысандарындағы тексерістер кезінде лауазымды тұлғалардың заң бұзушылық немесе әкімшілік құқық бұзушылық көріністері анықталған жағдайда, сол аудит материалдарын құқық қорғау органдарына немесе уәкілетті органдарға жолдау үшін рәсімдеуге де тура келеді. Осындай жұмыстарға байланысты мемлекеттік аудиторлар барлық заңнамалық нормаларды, ондағы жаңадан енгізілген өзгертулерді жете біліп отыруға міндетті, – дейді Дәулет Қанапияұлы.
Үздік мемлекеттік қызметші көптеген өз әріптестері сияқты, еселі жұмыс істеп қана қоймай, бос уақытында өзінің отбасына да баса көңіл бөледі. Аяулы қызы Меруерт Ақмола облысы бойынша статистика департаментінде қызмет атқарады.
– Мемлекеттік қызметшілер күн сайын мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырады, өздерінің лауазымдық міндеттерін дұрыс атқаруға ұмтылып, жергілікті жерлерде еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына лайықты үлестерін қосып келеді. Сондықтан, біздің мекеменің атынан барлық мемлекеттік қызметшілерді алда келе жатқан кәсіби мерекелерімен құттықтап, зор денсаулық, отбасы амандығын, жүктелген міндеттерді шешуде қажымас қайрат тілеймін, – дейді әріптесіміз. Осы жылы лепес-ке біз де қуана қосыламыз.
Бақтияр ХАСЕНОВ,
Ақмола облысы бойынша тексеру комиссиясының аппарат басшысы.