Еліміз ғасырлар бойы ата-бабаларымыз армандаған тәуелсіздікке қол жеткізді. Қазір Қазақстан әлемдегі дамыған елдер қатарына қосылуды мақсат етіп, соған жету жолында іргелі жұмыстар жүргізуде.
Әрине, тәуелсіздік бізге өздігінен келе салған жоқ. Егер тарихымызға көз салып қарасақ, патша отарында болған кезде қазақ халқы қаншама рет көтеріліске шығып, азаттық үшін айқасқанын көреміз. Исатай-Махамбет көтерілісі, Кенесары хан бастаған қозғалыс – осылардың бәрі де ұлт-азаттық күрестері ретінде тарихымызда қалды.
Тарихты білмей, болашақта биіктерге жету мүмкін емес. Сондықтан, еліміздің өткен тарихын әсіресе, жастар жақсы білуі қажет. Ал, өткен тарихымызда халықты ерлікке, биіктерге бастап, рухтандыратын рәміздердің рөлінің зор болғанын білеміз. Қазақ тарихында ру, тайпа басшылары мен қол бастаған батырлардың бәрінің өз тулары болған. Бүгінгі күнге дейін сақталып қалған Ұлытаудағы таңбалы таста қазақтың барлық руларының таңбасы, яғни, бүгінгі тілмен айтқанда елтаңбасы салынған. Осыған қарап, қазақ халқы үшін рәміздердің қаншалықты үлкен рөл атқарғанын аңғаруға болады.
Рәміздер тарихы көне заманнан бастау алады. Сонау сақ дәуірінде ата-бабаларымыз ұрысқа өз туларын ұстап шыққанын дәлелдейтін тарихи деректер бар. Соғысқа ту ұстап шығу дәстүрі қазақтарда кейінгі кезге дейін болды. Абылай ханның туының түсі – ақ, көлемді үлкен жібек матадан жасалған. Ту сабының үш аша болып келетін басы хан таңбасын білдіреді. Кейін атасының ақ туын Кенесары хан да ұлт-азаттық күресі кезінде пайдаланған. Кеңес заманындағы КСРО туы болған қызыл ту қазақ халқы үшін де маңызды. Өйткені, Ұлы Отан соғысы аяқталғанда Рейхстагқа бірінші болып қазақ батыры Рахымжан Қошқарбаев ту тіккен еді. Рейхстаг төбесінде желбіреген бұл ту бүгінде Тұңғыш Президент мұражайында сақтаулы тұр.
Тәуелсіз еліміздің көгілдір түсті туы 1992 жылы қабылданды. Оның авторы белгілі суретші Шәкен Ниязбеков. Қазақтың көгілдір туы талай Олимпиадалық ойындарда желбіреп, еліміздің атын аспандатып, барша әлемге танытты. «Төбеңнен елдік нұрын тұрған құйып, өмірде еш нәрсе жоқ тудан биік» деп ақын Несіпбек Айтұлы жырлағандай, еліміздің мемлекеттік рәміздері барша қазақстандықтар үшін қашан да ыстық.
Әлия КӨПЕЕВА, Көкшетау қаласындағы №2 мектеп-лицейінің мұғалімі,
Нұргүл БЕРКІНБАЙ, 10-шы сынып оқушысы.