Заңды сақтау – басты міндет

 

Ақмола облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Берген Беспалиновтың төрағалығымен өткен Әдеп кеңесінің отырысында заңның сақталмауына  жол берген бірқатар жауапты қызметкерлердің мәселесі қаралды.

 

«Еңбекшілдер ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің  басшысы В.Лебедев тұрғын үй құрылысын салған «Таир» серіктестігінің өздеріне жүктелген жұмыс ауқымын, толық аяқтамағанына қарамастан, қабылдап алған. Есептеу қорытындысы көрсеткендей, құрылыс нысаны ауданын абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары жасалмаған. Атқарылмаған жұмыс ауқымы 5,6 миллион теңге. Осы мәселеге қатысты Әдеп кеңесі мүшелерінің алдында есеп берген В.Лебедевтің айтуынша, құрылыс жұмыстары қараша айында аяқталып, қар жауып кеткендіктен абаттандыру жұмысы атқарылмай қалған. Дегенмен, екі жақты келісім бойынша құрылыс нысаны  2017 жылдың шілдесіне дейін бітуі тиіс екен. Сондықтан, мердігерге абаттандыру жұмысын күн жылынып, көктем шыққан соң аяқтау тапсырылып, сол үшін жұмсалуға тиісті 5,6 миллион теңге бюджет ақшасы кері қайтарылған. Яғни, мемлекет қаржысына еш залал келмеген. Десе де, құзырлы мекеменің тізгінін ұстап отырған бөлім басшысы аяқталмаған құрылысты аяқталды деп құжатқа қол қоймауы, заңдық негізге сүйене шешім қабылдауы тиіс еді. Осыған орай, Әдеп кеңесі бөлім басшысына ескерту түрінде тәртіптік шара қолдану қажет деп шешті.
Облыстық еңбек инспекциясы басқармасының  бас маманы А.Сұрағанов Есіл ауданындағы жалақы қарызы бар кәсіпорынға қатысты тексеру және шара қолдану жұмысын үстірт жүргізген. Ауданға арнайы жұмыс сапарымен барған бас маман жалақы қарызы бар кәсіпорын басшысын таппағандықтан, оның орынбасары арқылы қолына іліккен мәлімет бойынша өз құзыры шеңберінде шара қолданады. Атап айтқанда, ол алған мәліметте жалақы қарызы  1,2 миллион теңге деп көрсетілсе, кейін қайта тексеру барысында анықталғандай, қарыз көлемі 11,2 миллион екен. Бас маманның шала қарап, үстірт қабылдаған шешіміне басқарма басшысының орынбасары тексерместен қол қояды. Бұл арада әрине, мемлекет қаржысы талан-таражға түсіп, не орынсыз жұмсалып тұрған жоқ, ешкімге ешқандай залал да келмеген, десе де, әлеуметтік жағдайды ушықтыратын көздердің бірі саналатын – жалақы қарызына қатысты мәселені арнайы барған бас маман аяғына дейін жеткізіп, тексеріп барып шешім қабылдауы тиіс еді. Осыған орай, Әдеп кеңесі басқарма басшысының орынбасары мен бас маманға қатысты тәртіптік шара қолдануға ұсыныс жасады.
Целиноград ауданы прокуратурасы Әдеп кеңесінің қарауына ұсынған аудан әкімінің орынбасарынан бастап, бірқатар бөлім басшылары мен мамандарына қатысты жер телімдерін аукцион арқылы сатудағы жол берілген олқылықтарды қарай келгенде, заң бұзушылықтардың орын алмағандығы, бәрі заң негізінде жасалғаны белгілі болды. Комиссия біреуге бұра тарту сияқты заңсыздыққа жол бермеген.
Әдеп кеңесінде сондай-ақ, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы А.Дәрібаевтың қызметтік тәртіпті нығайту, сыбайлас жемқорлық пен қызметтік әдеп нормаларын бұзушылықтың алдын алу бағытында атқарған жұмыс жөніндегі  есебі тыңдалды.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар