Киелі орындарымызды біліп, қастер тұтуымыз керек

 

Облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған «Киелі қазақ даласы – қасиетті ерлер мекені» тақырыбындағы дөңгелек үстелде өңіріміздің киелі жерлері және оларды «Туған жер» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылатын іс-шаралар жоспарына енгізу  мәселелері қаралды.

 

Ақмола, Көкшетау өңірлерінде атаулары ескерусіз келе жатқан және бүгінгі жас ұрпақ мүлде естімеген қасиетті орындар бар. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында бүгінде осы орайда көптеген шаралар қолға алынуда. Қазақстанның сакральді географиясын жасау жобасы шеңберінде жер-жерде, өңір-өңірде түрлі экспедициялар мен іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен аталмыш іс-шараны «Туған жер» бағдарламасы бойынша құрылған сараптамалық кеңестің мүшесі, «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігінің  төрағасы Бақыт Смағұл жүргізді. Жиынға зиялы қауым өкілдері мен ғалымдар, тарихшылар, өлкетанушылар мен мәдениет саласының қызметкерлері қатысып, өздерінің ұсыныстарын білдірді.
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің магистрі, тарихшы Талапкер Уәлиев туған елдің, жердің тарихын зерттеуші ғалымдардың аздығын тілге тиек етті.  Бұдан соң облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл, өлкетанушы Жеңіс Темірханов, ақын Құдайберлі Мырзабек, ғалым Қасымхан Құсайынов секілді белді азаматтар сөз алды. Олар «Абылайдың қара жолы», «Ханның қызыл ағашы», «Хан ордасы», Кенесары үңгірі, «Жәнібек-Шалқар» мазары, туған жерінде жерленген жалғыз хан – Уәли ханның мазары, ЮНЕСКО-ның тізіміне алынған Ботай – ежелгі адамдар қонысы, Зеренді жерінен табылған ежелгі дәуірге тиесілі Кеңөткел мәдениеті, Кенесары ханның батырларының бірі болған Аңғал батырдың жерленген жері мен оған қатысты аңыздар жайында кеңінен әңгімелеп берді. Әлі күнге дейін мемлекеттің қорғауына алынбаған, бірде-бір белгі қойылмаған тарихи тұлғалардың бейіттері мен олардың мекен еткен киелі қоныстарының көптігі айтылды. Бұл тек сол жиынға келген зиялы қауым өкілдері мен тарихшылардың ортаға салып, талқылағаны ғана. Бурабай, Еңбекшілдер, Бұланды, Қорғалжын, Ерейментау, Зеренді, Атбасар аудандарында мұндай тарихи тұлғалар мен киелі орындардың көп екені ақиқат.  
Қаншама ой-пікір, көзқарас білдіріліп, ұсыныстар жасалған шарада арнайы құрылған комиссия құрамына өлкетанушы Жеңіс Темірхановты енгізу қажеттігі айтылды. Өз кезегінде ол өңірімізде зерттелмеген үңгірлердің көп екендігін, бір кездері бұл мәселе қолға алынып, кейін зерттеу жұмыстары қаржының жоқтығынан тоқтап қалғандығына тоқталып, оларды да бағдарламаға қосу орайы келіп тұрғанын жеткізді.        
Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айна Мысырәлімова «Туған жер» бағдарламасы туралы жанашырлықпен әңгіме қозғаған зиялы қауым өкілдеріне алғысын білдіріп, олардың ұсыныстары ескерілетіндігін алға тартты. Бұдан соң жиналған қауым Көкшетаудың тумасы Еркін Әуелбековке осы бағдарлама аясында бір ескерткіш белгі орнатса артық болмайтындығын да ортаға салды. Шынымен де, ел үшін жанын салған қоғам қайраткеріне басқа өңірлер ескерткіш орнатып жатқанда, туған жерінде бір бюстің болмауы елдігімізге сын.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар