Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Әлем «ЭКСПО-2017» көрмесіне көз тікті - АРҚА АЖАРЫ

Әлем «ЭКСПО-2017» көрмесіне көз тікті

 

Адамдар сияқты мемлекеттердің де жұлдызды сәттері болады. Қазақстанның жұлдызды сәті – «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің ашылуы десек, артық айтқандық болмас. Рас, тәуелсіз еліміздің жүріп өткен ширек ғасырдан астам тарихында талай-талай халықаралық айтулы шаралар өтті, десе де, ЭКСПО-ның орны ерекше.

Халықаралық көрмені әр төрт жылда өтіп тұратын Олимпиада ойындарымен теңестіруге болар еді. Миллиондаған, тіпті, миллиардтаған адамдардың жүрегінен өшпестей орын алатын ол ойындардың маңызын әркім де  айтпай-ақ түсінері белгілі. Ендеше, ЭКСПО-ның да қаншалықты маңызды екендігін солай ұғынатындар аз емес.

 

Көрменің ашылу салтанатын теледидардан көріп, тамашалаған оқырмандарға ол жайында қайталап  айтып, жалықтырып алмас үшін әңгімені  экранда көрсетілмеген, халықаралық айтулы шараның ашылуының басы-қасында жүрген журналист ағайындарға ұсынылған ақпараттарға сүйеніп, сабақтаған жөн болар. Жалпы аумағы 174 гектар жерді алып жатқан 35 нысаннан тұратын ЭКСПО қалашығын шын мәнінде болашақтың қаласы деуге болатындай. Көгілдір түсті шыныдан тұрғызылған сәулет өнерінің қайталанбас туындыларын көзбен көріп, көңілмен сезінгенде қиял-ғажайып шығармалардың сюжетіне азық болған шытырман оқиғалардың арасында жүргендей күйге түсеріңіз анық. Қалашық орталығында орналасқан алып шар бейнесіндегі «Нұрлы Әлем» көрменің ең басты және негізгі нысаны. Иә, Астананың, жалпы Қазақстанның болашақ бренді де осы алып шар бейнесіндегі «Нұрлы Әлем» болатын сияқты. Қазірдің өзінде ол отандастарымызды қойып, шетелдік журналистердің тамсана айтатын әңгіме өзегіне айналып үлгергендей. Ауқымы 5 мың шаршы метрді құрайтын, диаметрі 80, биіктігі 100 метрлік ғимарат шар тәрізді нысандардың әлемдегі ең алыбы болып табылады. Бұл қайталанбас сәулет өнерінің туындысы осынысымен-ақ тарихтан өзінің лайықты орнын алған секілді.
   Сегіз қабаттан тұратын сфераның әр қабаты әртүрлі тақырыптарға арналған. Ең жоғары қабатында 2050 жылғы болашақ Астананың бейнесі макет түрінде бар сәулеті мен сәнін алдыңызға тартады. Жетінші қабат ғарыш қуатына арналса, алтыншы қабатта күн қуатын алу және пайдаланудың келешек көкжиегі көрініс тапқан, бесінші қабатта бүгінде жиі қолданылып отырған жел қуаты сөз болса, төртінші қабатта биоэнергетиканың мүмкіндіктері таразыланады, үшінші және екінші қабаттарда жер қуатының мүмкіндіктеріне ой жүгіртіледі.  «Нұрлы Әлемге» кіріп, ол жайында толық ақпарат алып аралап шығу үшін кем дегенде 3-4 сағат уақыт жұмсауға тура келеді екен. Ал, жалпы халықаралық көрмені аралап, ол туралы толыққанды ақпарат алып, көрменің мақсаты мен мәнін түсіну үшін 3-4 күн қажет екен. Қазақстанның ғана емес, барша әлемнің болашақ көкжиегін көз алдыңызға әкелетін айтулы көрмені атүсті қарап, асығыс шола салмай мәні мен маңызын тереңірек түйсіну болашақ дамуымызға көз  жүгіртіп, көңілмен қабылдау үшін де қажет болары анық. Көрменің ашылу салтанаты өткен конгресс орталығы  мен амфитеатр, қалашық маңындағы алып мега ойын-сауық орталығы және медиаорталық – бәрі де ең соңғы сәулет өнерінің ғажайып үлгілерімен салынған көркем ғимараттар. Ал, көрменің негізін құрайтын павильондар сфераны қоршай орналасқан.  
     –  Сіздер, ақпарат құралдарының өкілдері, жұмысымызды кейде мақтайсыздар, кейде сынап даттайсыздар, бірақ соған қарамастан  біздің мүддеміз бір – ол халықаралық көрмені өз дәрежесінде өткізуге жағдай жасау, – деді «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» АҚ басқармасының төрағасы Ахметжан Есімов көрменің алғашқы күні журналистермен болған баспасөз мәслихатында. Шынында да, осы ЭКСПО төңірегінде қаншама дау-дамай, алыпқашты әңгіме болды десеңізші. Бұрынғы басшылық тарапынан жол берілген жемқорлық халықаралық көрмені уақытында және өз деңгейінде өткізуге деген сенімге селкеу түсіргені рас. – Біз уақытты жіберіп алдық, сондықтан асығуға тура келді. Бұрынғы басшылықты жаңа командамен ауыс-
тыру қажет болды. Оның үстіне ауа райының қолайсыздықтары да біраз қолбайлау болды. Дегенмен, мақсат орындалды. Көрме нысандары уақытында және талапқа сай пайдалануға берілді, – дейді Ахметжан Есімов.  Ұлттық компания басшысының айтуынша, 115 елдің павильоны ашылады деп күтілуде. Алғашқы күні 87 павильон ашылып, жұмыс істеген және 10 мыңға тарта адам келіп, тамашалапты. Таяудағы 3-4 күнде барлық павильондар ашылып, толыққанды жұмыс істейтін болады.
Бұл айтулы шараны елімізде өткізу үшін салынған ЭКСПО қалашығына 400 миллиард теңге қаржы жұмсалыпты. Доллар бағамына шақсақ, 1,3 миллиард доллар. «Қыруар қаржы жұмсап салынған ғимараттар болашақта қандай мақсатқа пайдаланылады?» деген сауалға Ахметжан Есімов қайталанбас сәулет ерекшеліктерімен салынған көрме ғимараттарына қызығушылықтың жоғары екендігі, ол туралы ұсыныстар түсіп жатқандығы, соған орай бұл нысандардың бәрі болашақта ел пайдасына жарайтындығы жайында айтып берді. Мәселен, алып сфера – «Нұрлы Әлем» сол қалпында еш өзгеріссіз музейге айналдырылмақ. Мұндай тәжірибе әлем елдерінде бар екенін айта кеткен артық болмас.
Халықаралық көрмені тамашалауға үш айдың ішінде Астанаға 5 миллиондай адам келеді деп күтілуде. Қазірдің өзінде 1,2 миллион билет сатылыпты. ЭКСПО-ның пайдасы тек келушілерден түсетін ақшамен ғана шектелмейді. Ол елімізде, оның ішінде біздің облысымыздың Бурабай курортты аймағында туризмнің дамуына жаңа серпін берері анық. Көрмені көруге келетіндер тек ЭКСПО қалашығын аралап, тамашалап қоймай, оларға Астананың көрікті орындарын көруге және жақын маңдағы курортты Бурабай аймағына барып, табиғат аясында дем алуға кеңес беріледі.
«Біткен іске мінші көп» демекші, «көрменің әлі бітпеген шаруалары көп екен, құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді» дейтіндер де жоқ емес. 10 маусым күні, ресми ашылғаннан кейін көрме қалашығына журналистер мен келушілердің алғашқы легі кіргізілді. Осы күні біз көптеген елдердің павильондарының ашылу салтанатын көзімізбен көріп, куәсі болдық. Түркіменстан павильонын Түркіменбашы Гурбанкулы Бердімұхамедовтың өзі келіп ашты. Кілем төсеп, ұлттық ою-өрнекпен әшекейленген павильон көркі көзтартарлықтай. Қан ойнатар музыка әуенімен мың бұрала билеген ұлттық киім киген түркімен қыздары жұртшылықты бір серпілтіп тастады. Көгілдір отын өндіруден әлемнің алдыңғы қатарындағы ел қоршаған орта тазалығына залалсыз көгілдір отынды әлемнің біраз елдеріне шығаруда.
Әріректе Ресей павильонында орыстың ұлттық киімін киген қыз-жігіттер ән салып, би билеп өнерлерін көрсетуде. Малайзия павильонының алдында тісімен таяққа қойылған құмыраны құлатпай тістеп, билеген жігіттің өнері де көпшіліктің көзін арбап, тамсандырды. Ұлттық жалаушаларын ұстап, сап түзеген Қытай  павильонының өкілдері қалашықты аралап, өздерін жарнамалап жүр. Ал, ұлттық саз аспабы гусли тартқан екі орыс қызы да жұртшылықтың назарын аударып, ән  әуезімен теңселе басып барады.
Үндістан павильонында сақина, сырға, білезік сияқты зергерлік бұйымдарды саудалап, киіп көріп алып жатқан қыз-келіншектер аз емес. Израиль павильоны өзгелерден біршама ерекшелігімен жұрт есінде қалғандай. Жан-жағының бәрі айна қабырғадан тұратын бөлмеде төбеден жанған шырақшалар шексіздікке созылғандай әсерге бөлейді. Айналасы мөлдір пластикалық қабырғамен қоршалған төрт бұрышты шағын бөлмеде энергияның пайда болуы 3 d формада  тартымды берілген. Ұзын көйлекті қыздың биімен ұштасқан қуаттың пайда болу тарихы шынайы да тартымды көрсетілді.
Ағыл-тегіл ағылған адамдардың сыртқы түрлері де, киім киістері де, тілдері де әртүрлі. Ағылшын, араб, қытай, жапон тілдерінде сөйлеген сөздерді естіп, сан түрлі ұлт өкілдерін жинаған осынау көрменің құдіретіне қайран қаласың. Ұзын ақ киімді араб шейхтарының жанында қара түсті африкалықтарды көресің. Жапон павильонының алдында жап-жас қыз-жігіттер қазақша «қош келдіңіздер!», «дабра пажалават!» деп келген жұртты жылы шыраймен қарсы алуда.  
Көрме ашылмас бұрын жұмыс істей бастаған медиаорталықтағы қарбалас бір тынбайды. Камерасын арқалаған операторлар мен компьютерде отырып, жұмыс істеген журналистер әлемнің әр түкпіріне ЭКСПО хабарын таратып жатыр.
Көрме аясында 6 мыңға тарта түрлі мәдени-көпшілік шаралар өтеді екен. Итальяның труппасының құрамының өзі екі мың адамнан асатын циркі, әлемді тамсандырған атақты әншілер мен өнер адамдары келеді деп күтілуде. Ендеше, қызықтың бәрі алда. ЭКСПО-да қызықты күндерде жолығайық, ағайын.

Көкшетау-Астана-Көкшетау.  

Суреттерді түсірген  Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар