Жолың болсын жас түлек!

 

Облыс әкімі Мәлік Мырзалин Тәуелсіздік алаңында мектеп бітірген түлектердің салтанатты кешіне қатысып, үлкен өмірге қадам басқан жастарға сәт сапар тіледі.

 

– Бұл күнде Қазақстан қоғамдық тұрақтылықтың, экономикасы мен саяси жүйесі қарқынды дамыған және қалыптасқан жаңа мемлекеттің жарқын үлгісі болып отыр. Бұл Елбасының көрегенділігі мен салиқалы саясатының арқасында екендігі сөзсіз. Елдің іргесі берік, тұғыры биік, ынтымағы жарасқан.  Биылғы жыл ел жүрегі Астана қаласында өтіп жатқан «ЭКСПО – 2017» мамандандырылған көрмесімен ерекшеленіп отыр.
Қазақстанда оқимын деген жастарға білімнің даңғыл жолы ашық. Болашақта білікті маман болып қалыптасып, өз елін сүйетін елжанды, парасаты биік ұрпақ ретінде егеменді елге аянбай тер төгетіндеріңізге сенімім зор. Осы орайда білімді, адамгершілігі мен патриоттық сезімдері жоғары ұлағатты ұрпақ тәрбиелеп, оларға сапалы білім, саналы тәрбие беру жолында еткен еңбектері үшін ұстаздар қауымына алғыс айтқым келеді, – деді өңір басшысы өз сөзінде.
Иә, қазіргі таңда Қазақстан алға қарыштап дамып келеді. Басқасын айтпағанда, бүгінде балабақшадағы балдырғандардың өзі үш тілді меңгерген. Салтанатты жиында түлектер атынан сөз сөйлеген Көкшетау қаласындағы №5 «Таңдау» көпсалалы гимназиясының түлегі, «Үздік аттестат»  иегері  Инур Маратова өзінің ақжарма тілегін үш тілде жеткізді. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде еркін сөйлеп, жетік меңгерген өрімтал бойжеткен болашақта елінің өркендеуіне үлесін қосатынын айта келіп, келешегі кемел мемлекеттің қуаты білімді жастардың қолында екендігіне де баса тоқталды. Айта кету керек, үстіміздегі жылы Ақмола облысы бойынша 4331 түлек алтын ұя мектептерінен түлеп ұшты. Олардың 214-і «Алтын белгі» иегері болса, 97 бала үздік аттестатпен мектепті тәмамдады. Салтанатты шарада  56 «Алтын белгі» иегерлеріне 100 мың теңге көлемінде, 24 «Үздік аттестат» иегерлеріне 70 мың теңге көлемінде сертификаттар табыс етілді.
Құшақ-құшақ гүлдер, ақжарма тілектер, әсем әндер, шалқыған билер ақ шағала көңіл қанатында шарқ ұрып, алаңды айнала билеген түлектердің арман үмітін асқақтата түскендей. Ардагер ұстаздар мен құрметті қонақтарды мектеппен қоштасу кешінде вальс биіне шақырған түлектердің бал-бұл жанған жүздерінен қуаныштың лебі есіп, жүректер толқып, көңілдер көкке өрледі.
Жүректері лүпілдеп, балалықтан болашаққа қадам басқан ұл-қыздардың  арманы асқақ, қиялы шексіз. Ұлы өмірге адымдап алға ұмтылған ұл-қыздардың жолдары даңғыл, келешегі кемел болғай! Сапарың оң болсын, жас түлек!    
Салтанатты шара соңында мерекелік отшашу болып өтті.
 Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар