Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханада облыстық мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен «Рухани қазына» бағдарламасы аясында «Қазақстанның сакральді географиясы» жобасын жүзеге асыруға арналған дөңгелек үстел болып өтті.
Елбасының «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» мақаласында айқындалған міндеттерді орындау мақсатында қазақ халқының ұлттық бірегейлігін, оның бай тарихи мұрасын жаңғыртуда облыстық мәдениет басқармасы тарапынан тиісті іс-шаралар ұйымдастырылуда. Бұл орайда, ғылыми-танымдық тұрғыдан маңызды болып табылатын аймақтағы ескерткіштерді насихаттауға бағытталған кешенді іс-шараларды әзірлеп, дайындау үшін ғылым және қоғам қайраткерлері, мемлекеттік құрылым өкілдерінен құрылған арнайы топ жұмыс істеуде.
Басқарма басшысы Сәуле Бөрібаева шара барысында Елбасының мақаласын негізге ала отырып, әркім өзінің туған жерінің, елінің тарихына, елді мекендердегі киелі орындардың, мазарлардың, ескерткіштердің мән-маңызына жете бойлай түсуі керектігін, «Рухани қазына» бағдарламасына енгізуге өздерінің ұсыныстарын білдіруі қажеттігін айтты. Дөңгелек үстелге Астана қаласынан арнайы келіп қатысқан Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің археология және этнология кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Айман Досымбаева Ерейментау аумағындағы балбал тастардан жасалған көне ескерткіштерді зерттеген уақытта кездескен ауыртпалықтар, тіпті, түп орнымен алып кеткендерін тауып, орнына қойып, оларды қалпына келтіріп, арнайы белгі қою жұмыстарын қалай жүзеге асырғандығы және бұл жерді киелі орындар картасына енгізу қажеттігі жайында кеңінен әңгімелеп берді.
Қазақтың әрбір елді мекеніне бара қалсаңыз тұнып тұрған тарих. Кезінде абыз аталарымыздың аңыз-әңгімелерін естіп өскен ұрпақ бүгінде аз ғана қалды. Сол естіген, білгендерін пайдаға жаратуымыз қажет. Әр ауылдың сайы мен тасы, тауы мен көлі, суы, төбешіктерінің өзі аңыз-әңгімеге құрылған. Олардың бәрі де қасиетті, киелі адамдармен тығыз байланысты екендігі сөзсіз. Астаналық ғалымның ой-пікірі тыңдалған соң, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Қадыржан Әбуев жаңа бағдарлама жас ұрпақ үшін өз тарихымызды дұрыс жазып, қалдырудағы мәні зор екендігіне тоқталды. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің Кемал Ақышев атындағы археологиялық ғылыми зерттеу институтының директоры Марал Хабдуллина да өңірлерде жүргізген зерттеу жұмыстарының нәтижелері, жойылып кетуге шақ қалған ежелгі мазарлар мен киелі орындарды зерттеп-зерделеудің қажеттігі жайында айтса, аталмыш оқу орнының профессоры, философия ғылымдарының докторы, түркітанушы Раушан Көшенова атасы Иманжүсіп Құтпанұлының шығармаларында кездесетін жер-су атауларын Асан қайғының жер-жерді сипаттауымен байланыстырып, ұрпақтар сабақтастығына көңіл аударды. Ал, Ботай мәдениетін бірінші болып ашқан ғалым, Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Виктор Зайберт жобаға ұсынылатын ескерткіштер мен киелі орындардың мән-маңызына ерекше көңіл бөлуге, зерттеу кезінде мұқият болып, белгі қойылмаған киелі орындардағы тарихи тұлғаларды шатастырып алмау қажеттігіне басты назар аудару керектігін ескертті. Әрі облыста жылқы мен қымыз музейін ашуға ұсыныс білдірді. Абылай ханның баласы Уәли ханның жерленген жеріне де күмәнмен қарайтындығына мысал келтірді. Алайда, басқарма басшысы мұрағат құжаттары мен Алматыдан арнайы шақырылған ғалымдардың зерттеуі мен тастағы араб жазуында ханның аты болғандығы жайында толық ақпарат берді.
Қазіргі таңда облыс бойынша киелі жерлерді анықтау жөніндегі ғылыми-зерттеу экспедициялары облыста өз жұмысын бастап кеткендігі белгілі. Ерейментау ауданындағы тарихи ескерткіштер мен орындарда жұмыс тобы өз міндеттеріне қызу кіріскен.
Шара барысында Қазақстанның сакральді картасына «Хан ордасы – Көкшетау» деген атпен көрікті Бурабайдағы Абылай хан алаңы, «Ханның қызыл ағашы», Уәли ханның мазары, Кенесарының үңгірі, «Түрік қаған ордасы» деген атаумен Ерейментау ауданындағы Құмай этнопаркі – ежелгі және ортағасырлық мәдени мұрасы, Еңбекшілдер ауданындағы Біржан сал зиратындағы мемориалды-діни кешен, Қорғалжын ауданында орналасқан діни сәулет ескерткіштері, «Жәнібек-Шалқар» мазары, Бұланды ауданындағы Балуан Шолақ зиратындағы мемориалды стелла ұсынылатын болды.
Көкшетау мен Қараөткелдің аумағында сакральді жерлер, қасиетті де киелі тұлғалар жетерлік. Тек соларды саналы тұрғыда зерттеп, зерделеп бағдарламаға енгізу міндет. Мемлекеттен қыруар қаржы қарастырылып отырған маңызды бағдарламаға жауапкершілікпен қарағанымыз жөн болар.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.