Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті қоры және Green Penguin креативті агенттігі «Қазақстанға саяхат кітабы» атты жинақты жарыққа шығарды.
Бұл еңбектің басты ерекшелігі, оның әр беті тарихи, географиялық және статистикалық мағлұматтар беретін инфографикалық үлгіде жасалған.
Кітап Ұлы Дала елінің тарихын зерттеп, көрікті жерлерін аралауға жігерлендіреді. Оқырман Әсел мен Дархан атты бүлдіршіндердің қызықты саяхаттары арқылы еліміз туралы 700-ден астам қызықты оқиғалардан хабардар бола алады. Кітап айшықты 19 карта, соның ішінде Қазақстан картасы, еліміздің 14 облысы мен республикалық маңызы бар екі қаласы, көрші елдер мен әлем карталарынан және интерактивті ойындар мен 12 ашық хаттан тұрады. Карталарда Қазақстанның маңызды нысандары бейнеленіп, қызықты мәліметтер берілген. Жалпы, кітап 130 табиғи және 48 діни нысан, 65 танымал тұлға, 64 жануар туралы ақпараттарды қамтыған. Бұл кітап Қазақстанның мәдениеті мен тарихын танып білу, жастарды отаншылдық рухта тәрбиелеу, ұрпақтар сабақтастығын сақтау, ішкі және сыртқы туризмді дамытуға ықпал етеді. Мұндай кітаптың ЭКСПО – 2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінде үлкен сұранысқа ие болатыны сөзсіз.
Күмісжан БЕКТҰРҚЫЗЫ,
Ілияс Есенберлин атындағы Атбасар аудандық орталықтандырылған кітапханасының әдіскері.