Ортақ тәрбиенің берері мол

 

Еліміздің ертеңгі тізгінін ұстайтын жас ұрпаққа тәрбие беру мемлекеттік маңызды іс. Сондықтан, бала тәрбиесіне жеңіл-желпі қарауға болмайды. Жасыратыны жоқ, кейбір ата-аналар жұмысбастылықты желеу етіп, бала тәрбиесін толықтай мектепке артып қоятындары бар.

 

Мұндайда әрине баланың тәртібі де, сабақ үлгерімі де ақсап жатады. Осы орайда, бала тәрбиесін ата-ана мен мұғалімдер бірлесе жүргізгенде ғана игі нәтиже болатынын естен шығармау қажет.
Бала үй тапсырмасын белгілі бір мезгілде орындап үйренгені абзал. Ата-анасы тарапынан «отыр, сабағыңды оқы» деп ұрсу оның сабаққа деген ынтасына кері әсерін тигізеді. Оқушының мектептен, болмаса ойыннан көңілсіз ренжіп келетін жағдайы да болады. Ондайда ата-анасы «тез, сабағыңды дайындауға отыр» дегеннің орнына,  баланың неге ренжігенін  білгені жөн. Сонда бала ата-анасының өзіне тірек екендігін сезінеді, реніші басылып, сабағын көңіл қошымен  орындауға кіріседі.
Бала тілалғыш, әке-шешесінің, мұғалімнің тапсырмасын екі айтқызбай орындайтын болуы үшін ата-ана мен мұғалім бірлесе жұмыс жүргізуі қажет. Бала жүрегіне жол тауып, оны қажет болғанда көтермелеп, мақтап отырған да теріс болмайды. Кейбір оқушы үй тапсырмасын қалай болса, солай орындай салып «мен барлығын да орындадым» деп өтірік айтуға бой үйретуі мүмкін.  
Мұндай жағдайда ата-анасы баласының  сабағына көңіл аударып, оны қалай орындағанын байқап қарауы қажет. Ең бастысы, баланы жалғандықтан сақтап, шыншыл және еңбекқор болуға тәрбиелеу осындайдан басталатынын естен шығармаған дұрыс. Жақсы оқитын баланы көп мақтай бермеңіз. Оның оқуға деген ынтасын әрі қарай дамытуға көмектесіңіз. Сондай-ақ, «жақсы оқысаң, саған ананы-мынаны алып береміз» деп  баланың оқуға деген ынтасын саудаға  салу да қауіпті екенін ұмытпаған жөн. Бала орташа оқыса себебін анықтап, зейінін, ынтасын дамыта түсуге көмектесіңіз.
Бала нашар оқыса, оның себебі неде, үйдегі жағдайдан ба, денсаулығынан ба, болмаса басқа себебі бар ма, осыларды анықтау қажет. Ол үшін мұғаліммен, дәрігермен  ақылдасып отырған жөн болады. Баланы нашар оқығаны үшін жекіп ұрсу, сөгу оңды нәтиже бермейді. Сондықтан, әрбір ата-ана баланы ерте бастан, сәби жастан жақсы істерге  баулып өсіруі керек. Бұл ретте ұстаздардың пікірімен санасып отырудың маңызы зор. Міне, осылайша үйден де, мектептен де дұрыс тәлім алған баланың тәртібі де, сабақ үлгерімі де жақсы болмақ.

Ақсәуле МҰХАНБЕТЖАНОВА,
Көкшетау қалалық №19 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар