«100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру бойынша мемлекеттік-жекеменшіктік әріптестік тетігін атбасарлықтардың тиімді пайдаланып жатқандығы өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз туры барысында анық байқалды.
Покровка елді мекеніндегі орта мектеп өткен жылы күрделі жөндеуден өткізілді. Білім ошағында 109 оқушы білім алуда және 3-5 жас аралығындағы балаларға арналған «Күншуақ» шағын орталығы да жұмыс істейді. Қазір бұл орталықта 25 бүлдіршін тәлім алуда. «Осы мектепте оқыған да, оқымаған да арманда», – деп бастады сөзін мектеп директоры Әйгерім Хасенжанова. Өткен жылы «Әріп-Агро» серіктестігінің басшысы Уәлихан Әріпов 90 миллион теңгеге күрделі жөндеу жасап беріпті. 32 жылдық тарихы бар бұл білім ордасының ескі есіктері мен терезелері жаңартылып, заман талабына сай жиһаздар әкелінген. Балалардың толыққанды білім алуы үшін бар мүмкіндік жасалынған. Үстіміздегі оқу жылында бастауыш сынып мұғалімі мен қазақ тілі, математика пәнінен сабақ беретін жас мамандар келген. Білім ордасының табалдырығын аттаған сәттен бастап қабырғадағы түрлі-түсті бояулармен безендірілген суретті көріп таң қаласың.
– Жалпы, психолог мамандардың айтуынша, ашық түстер адамның көңіл-күйін көтеріп, баланың оқуға деген зейінін арттырады. Сондықтан да, мектептің дизайны осындай болғанын қаладық, – дейді мектеп директоры.
Сонымен қатар, ауылдағы фельдшерлік-акушерлік пункт те осы серіктестіктің қаржысына жөнделіпті. Медициналық мекеменің меңгерушісі Жәмила Ақышеваның айтуына қарағанда бұрын ауыл тұрғындары жүректерін тексертіп, кардиограммадан өту үшін аудан орталығына баратын. Енді ауыл тұрғындары осы жерде-ақ тексеруден өтіп, ем-шараны алаңсыз алады.
Ең бастысы, қандай істе болсын жанкешті еңбекқорлық керек. Сонда адам өмірден қалағанын алады, – деп есептейді «Лакомка» кондитерлік цехының басшысы Татьяна Папушина. Ол кәсіпкерлікпен тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ айналыса бастаған. Ал, 2009 жылы Атбасар қаласындағы бұрынғы музыка мектебін жөндеп, кондитерлік цех ашқан. Ісі оңға басқан кәсіпкер осыдан екі жыл бұрын «Жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасының қолдауымен цехтың екінші қабатынан балаларға арналған ойын-сауық орталығын ашыпты. Осылайша атбасарлық балалар осы жерде асыр салып ойнап, бақытты балалық шақтарын өткізуде.
«Атбасар ұн» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Тәжікстан, Ауғанстан және Иран мемлекеттеріне өз өнімін жібереді. Өткен жылы диірменге арналған құрылғыны Түркиядан сатып алған. Осы серіктестіктің басшысы Омар Закаевтың айтуынша, сатып алынған құрылғы өзін ақтап жатыр. Сонымен қатар, 20 пайыз электр энергиясын үнемдеуге мүмкіндік береді. 30 адам осында өнімді еңбек етеді.
Аудан еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосуда. Мәселен, аудан орталығындағы «Лана» астық қабылдау кәсіпорны 130 адамды жұмыспен қамтып, өз жұмысшыларына барлығы 1000 шаршы метрді құрайтын 8 пәтерлік 2 үй берген. Жұмысшылардың орташа жалақысы 80 мың теңге. Кәсіпорында 50 орындық асхана мен наубайхана жұмыс істейді. Дән шығаруға арналған екі сепаратор, Альфа-300 станогы мен фотосепараторлар сатып алынған. Серіктестіктің атқарар жұмысы көп. Бастысы жұмысты сөзбен емес, іспен көрсету керектігін бірлігі жарасқан ұжым айтады.
Суретте: «Әріп-Агро» серіктестігі күрделі жөндеуден өткізген жергілікті мектептегі балалармен қызғылықты сабақтардың бірі.
Атбасар ауданы.