Қоңыз тірлік

 

Ауылдағы құрдастар Көшеннің көп көрім атын бұрмалап, қалжыңға сүйеп Қоңыз деп те атайды. Тірлігіне қарап, істеген ісіне орай.

 

Шоқ жұлдыздай шағын ауылға оңтүстіктен бес отбасы көшіп келген. Біреуі Көшенмен қоңсы қонды. Атам қазақтың «құтты қонақ келсе қой егіз табады» дейтіні шын екен. Бұл жолы өзгенің қойы емес өзінің қойы қоздады. Ол енді былай: Тұңғышы аяқтанбақ. Бүгінгі жастардың қойсаңызшы, жаңа келген бозбала көрші қызбен екі рет киноға, бір рет биге барған. Жарасып қалыпты, жүдә.
Ендігі мәселе той қамы. Бұл ауылда мейрамхана мен асхана атымен жоқ. Ауыл үйдің кісілері жиын-тойын, жаназасын палаткада өткізе береді. Түсінбегендерге түсіндіре кетейін, балапан қайыңды кесіп әкеліп, әуелі сұлбасын жасап шегелейсіз де, үстін жаба саласыз. Май тоңғысыз жазда жарап жатыр. Бірақ, оңтүстіктен келген Адырбай ақсақалдың үйінің жанында палатка тігетін орын болмай шықты. Оң қанаты да, сол қанаты да бос емес. Жалғыз-ақ жол көршісі Көшеннің албарын қамтып орнату.
Бірақ, Көшен үш қадам бос жатқан жеріне көптен көзі түсіп жүрген құбақан бұзауды сұрайды. Ауыл ақсақалдары «қой мұның ұят болар, ертең тойға туысқандары дүмеп келгенде естісе сүйегімізді сындырасың ғой» деп басу айтса, Көшекең қарқ-қарқ күліп:
– Мен шақырып әкелген жоқпын ғой. Ояқ біздің салтымыз бен саудамызды қайдан білсін, – дейді.
Ақыры той өтті. Құбақан бұзау Көшеннің қорасына кірді. Бірінші қожайынын қимады ма екен, кім білсін, Адырбай ақсақалдың үйіне қарап мөңіреп-мөңіреп қояды.
Кеше Көкшетауға келген. Астана асып барады. Қызықтың бәрі, қызық емес, табыстың бәрі ЭКСПО-да екен деп күпініп отыр. Той қазанының түбінде қалған сорпаны екі бөшкеге құйып алыпты. Осының бір кесесі Астанада 2800 теңге тұрады. Ал, мынау сарқыт деп салып алған бауырсақтың бесеуі 300 теңге. Ал, Қасқабұлақтың суын апарып сатсам, қырып ақша таппаймын ба?
Астына мініп келгені марқұм Брежнев заманында алған көкқасқа «Жигули».
– Ара-арасында «таксовать» етіп жіберсем, теңге дегенің қалтама сыймай, жүк салғышқа салып алмаймын ба? – дейді Көшен күпініп,–анада бір пысық әуежайдан қонақ үйге дейін жеткізгені үшін 40 мың теңге алыпты. Кеше біреу бірер шақырым жерге жеткізгені үшін 19 мың теңгеге келіскен. Менің олардан қай жерім кем?!.
– Кемдігің жоқ, артықсың, – дедік біз, – тек біздің пейілімізден шошынып, әлгі шетелдіктер енді Қазақстанның топырағын басуға қорқатын шығар.  «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» дегендей, бірдің қырсығы мыңға тимес пе екен.
– Неге, бұл кәсіп. Темірді қызған кезінде соққан ләзім, – дейді Көшен, – Қазақстан дәл осындай әлемдік деңгейдегі шараны жылда өткізе бермейді ғой, біз де пайдасын көріп қалайық. Бұл кәсіпкерлік деп аталады.
Дәл осы сәтте кітап оқып жатқан кенжем ауылдан келген ағасына:
– Аға, бұл ашкөздік, обырлық, пайдакүнемдік деп аталады демесі бар ма.
Көшеннің көз алдына сонда да көкалалы көп ақша елестейді. Қайран, қоңыз тірлік-ай!..    

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар