Уақыт талабына сай дамытылуда

 

Елімізде денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы жұмыс істейді. Онда денсаулық сақтаудың ұлттық жүйесін одан әрі дамытудың негізгі қағидаттары бойынша жаңа міндеттер қарастырылған.

Осы орайда, бастапқы медициналық-санитарлық көмекті одан әрі жетілдіруге  басымдылық беріліп, саланы жаңғырту негізінде денсаулық сақтаудың барлық қызметтерін интеграциялау қолға алынуда. Мұның өзі жалпы заманауи білімді меңгерген білікті мамандардың арқасында жүзеге асырылады. Медициналық көмектің толыққанды интеграциясымен сабақтастығы көрсетілетін әрбір қызметтер мен ресурстардың қайталануын болдырмау үшін стационарлық мамандандырылған көмек көрсету қағидалары мен тәртібін жетілдіруді қамтамасыз ету жолға қойылуға тиісті.
Облыс тұрғындарына 588 денсаулық сақтау саласының нысандары қалтқысыз медициналық қызмет етуде. Салаға жыл сайын салмақты көмек көрсетіліп, материалдық-техникалық базаны нығайту және осы заманғы медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге мол қаржы бөлінуде. Осы арада айтылған пікірімізді нақты мысалдармен дәлелдеп, дәйектейтін болсақ, 2016 жылы 36,9 миллиард теңге бөлінгендігін айтар едік. Жыл соңында бұл қаржы жүз пайыз толық игерілді. Ал, үстіміздегі жылы салаға 40,3 миллиард теңге қаржы бөлініп отыр.  
Осы бөлінген қаржының арқасында медициналық мекемелерді салу, сол арқылы облыс тұрғындарына мінсіз қызмет көрсету жайы жыл өткен сайын жақсара түсуде. Өткен жылы денсаулық сақтау саласының 9 нысанын салу жоспарланса, оның 8-і пайдалануға берілді. Ақкөл қаласындағы 250 орындық емхана, Жарқайың ауданының Державинск қаласындағы емханамен біріктірілген аурухана, Астрахан ауданына қарасты Петровка селосындағы фельдшерлік-акушерлік пункттер ел игілігі үшін пайдаланылуда. Сондай-ақ, шағын ауылдардағы медициналық көмек көрсету қызметінің жағдайын жақсарту үшін Зеренді, Есіл, Бурабай, Целиноград аудандарында фельдшерлік-акушерлік пункттер салынды. Үстіміздегі жылы облыстық бюджеттен 107,3 миллион теңге қаржы бөлініп,  Бурабай ауданына қарасты Кенесары ауылында әр ауысымында 25 келушіге қызмет көрсету мүмкіндігі бар фельдшерлік-акушерлік пункт салу көзделуде.
Есепті кезең ішінде жаңа медициналық мекемелерді салумен қатар, 483,9 миллион теңгеге 28 нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Күрделі жөндеу жұмыстары алты нысанда жүргізілмекші. Бұл бағытта 917,7 миллион теңге қарастырылып отыр.
Саланың жұмысына серпін беретін шынайы қамқорлықтың арқасында соңғы жылдары материалдық-техникалық базаның нығайып келе жатқандығын айтуымыз керек. Өйткені, заман талабы жоғары. Қазір қай салада болмасын қарқын күшті. Ел денсаулығын сақтау мен қорғауды мерейлі міндеті санайтын денсаулық сақтау саласына облыстық бюджеттен 622,1 миллион теңге қаржы бөлініп, 274 дана осы заманғы медициналық құрал-жабдықтар алынды. Сонымен бірге, 12 автокөлікке ие болдық. Жергілікті бюджеттің есебінен 232 бірлік медициналық техниканы, 35 автокөлікті сатып алуға 1,7 миллиард теңге қаржы бөлінді.
Елбасының Жолдауын жүзеге асыру бағытында да қыруар іс тындырылуда. Әсіресе, мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің аясын ұлғайту бағытында көп  көрім іс тындырылуда. Мұның өзі түптеп келгенде әлеуметтік саланың бекемденуіне игі септігін тигізеді. Соңғы уақытта сатып алу құқығы жоқ сенімді басқаруға Бурабай көпсалалы ауданаралық ауруханасы мен аудандық емханасы берілді. Қосшы селосындағы бір ауысымда 150 адамды қабылдай алатын емхананың құрылысы қолға алынбақ. Қазіргі уақытта аудан әкімдігі жер учаскесін бөлу туралы мәселені қарастыруда. Астана қаласындағы №2 Ақмола облыстық ауруханасының жанындағы емдеу диагностика корпусының құрылысын жүргізу үшін жобаның концепциясы жан-жақты талқыланып, қазір ынталы органдар сараптама жасау үстінде.
Біздің салада өзге салалар тәрізді қызметтің жақсаруы алдымен білікті кадрларға байланысты. Әйтсе де бұл орайда, біршама олқылықтардың бар екендігін айта кетуге тиіспіз. Есепті кезең ішінде мемлекеттік медицина мекемелеріндегі дәрігерлердің саны екі пайызға азайды, ал, орта буын медицина қызметкерлері 8 пайызға кеміп отыр. Үстіміздегі жылы облыстың медицина мекемелеріне 359 медицина қызметкері тартылса, оның 70-і дәрігер де, 289-ы орта буын медицина қызметкерлері. Ауылдық жердегі денсаулық сақтау ұйымдарына 25 дәрігер мен 54 орта буын медицина қызметкерлері жіберілді.
Бұған дейін кадрлардың тұрақтап тұрып қалмауы әлеуметтік-тұрмыстық жағдай тудырылмағандықтан болатын. Соңғы уақытта осы мәселеге жіті көңіл бөлінуде. Адамды тұрмыс билейтіні ақиқат қой. Мемлекетіміздің байлығы болып саналатын халықтың денсаулығын сақтау жолында уақытпен санаспай еңбек етіп жатқан адамдардың да жағдайын туғызу басты міндеттердің бірі. Көңіл тоғайтатын тәуір жайдың бірі 74 медицина қызметкеріне тұрғын үйдің бөлінуі. Оның 22-сі ауылдық жерлерде. 64 жас маманға 9,9 миллион теңге көлемінде көтермеақы төленді. 34 жас маманға жалпы көлемі жүз миллион теңгеден астам қаржыға тұрғын үй сатып алуға
несие бөлінді. Қазіргі таңда жергілікті бюджеттің және шаруашылықтардың есебінен медициналық оқу орындарында облыстың 217 түлегі оқып, білім алуда. Келешекте біздің кадр тапшылығын жоятын осы жас мамандар болады деген үміттеміз. Кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында үстіміздегі жылдың сәуір-мамыр айларында жәрмеңке өткізілді. Жоғары оқу орындарының 163 түлегімен келісім-шарт жасалды.
Өткен жылдың қорытындысын сараптасақ, бұрнағы жылмен салыстырғанда біршама табысты жұмыс істегендігіміз тайға таңба басқандай анық көрінеді. Жалпы, мың адамға шаққанда адамдардың өмірден өту көрсеткіші 2014 жылы 10,18 болса, 2016 жылы 9,2 болды. Аналар өлімі, сәбилердің шетінеуі азайып келеді.
Республикалық денсаулық сақтау саласын дамыту орталығының 2016 жыл қорытындыларын безбендеген сараптамасына сәйкес, Ақмола облысы 19 индикаторды дамыту барысын жүз пайыз орындаған. Сөйтіп, республика бойынша төртінші орында тұрмыз.
Үстіміздегі жылы денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы міндеттерді жүзеге асыруға бар күш-жігерімізді жұмылдыратын боламыз. Сондай-ақ, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету жайы да жетілдіріледі. Салаға бөлінген бюджеттік қаржыны тиімді пайдалану басты назарда болады. Ең бірінші кезекте облыс тұрғындарын сапалы медициналық қызметпен қамту міндет. Ол үшін материалдық-техникалық базамызды нығайтып, медициналық мекемелерді осы заманғы құрал-жабдықтармен қамтамасыз етеміз. Сондай-ақ, Атбасар қаласында және Краснояр селосында екі инсульт орталығын ашу жоспарлануда.

 

Сергей КИЛАСЬЕВ, облыстық денсаулық сақтау  басқармасы басшысының міндетін атқарушы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар