Экономика газеті – салалық жалғыз басылым

 «Баспасөзі мықты елдің – келешегі зор» деп өткен ғасырдың басында Алаш арысы Міржақып Дулатов атамыз бекер айтпаған шығар. «Кім ақпаратқа ие болса – сол әлемді билейді» деген де түсінік бар. Демек, қоғамдық өмірде ақпараттың алатын орны өте жоғары.

  Өкінішке орай, Қазақстанда халықтың экономикалық ой-түсінігі мен білім-білігінің дамуына қызмет ететін қазақ тіліндегі арнайы басылымдар жоқтың қасында. Тіршіліктің өзі негізінен экономикалық іс-қимыл, әрекеттердің есебінен қамтамасыз етілетін болғанымен, біздің қоғамда көбінесе әлеуметтік-мәдени тақырыптарды көтеру жағы басым. Күнделікті өмір қажеттіліктерінің 90 пайызы экономикалық сипатқа ие болса да біздің ақпарат құралдарымыз тура қарама-қарсы мөлшерде әдеби, мәдени, рухани тақырыптар мен әлеуметтік мәселелер төңірегінде хабарлар таратып жатады. Тәуелсіздік жылдарында ауыл экономикасы дамымай тұралап қалды, тіпті, «Болашағы жоқ ауылдар» деген түсінік пайда болды десек, оның да бір себебі, сол ауылда тұратын тұрғындардың төл тілінде қажетті экономикалық ақпарат алатын құралдары болмағанынан деудің де жөні бардай. Ал, қазіргідей қаржылық қиындық, экономикалық дағдарыс кезінде халықты экономика мәселелеріне қатысты қажетті ақпаратпен қамтамасыз ету тіпті де қажет. Осы тұрғыдан дәл жаһандық экономикалық дағдарыс тұсында өмірге келген «Экономика» газетінің бүгінгі қазақ қоғамында атқарар қызметі де аса маңызды дер едік.
«Экономика» газеті 2006 жылдың желтоқсан айынан бастап Қазақстандағы тұңғыш апталық экономикалық басылым ретінде қазақ және орыс тілінде жарық көріп келеді. Ол басқа да қажеттіліктермен бірге негізінен, қазақ тілді оқырмандардың экономикалық сипаттағы ақпараттарға деген сұранысын қанағаттандыруға бағытталған. Еліміздің ақпарат кеңістігінде бұл тұс іс жүзінде осы күнге дейін бос тұрған еді. Сол себепті де газет уақыттың өзі қойған талапқа сай өмірге келді.
Мемлекеттік тәуелсіздіктің өткен кезеңі экономикалық реформалар кезеңі болды. Оның негізгі стратегиялық міндеті еліміздің жоспарлы экономикасын нарықтық негіздерге ауыстыру болатын. Тиісінше барлық саяси және әлеуметтік жүйе, сондай-ақ, қоғамдық құрылыс тұтас күйінде түпкілікті өзгеруі қажет еді. Осылай барлық өзгерістердің локомотивіне айналған экономикалық реформалар материалдық өмірдің қалыптасқан бейнесін толық өзгертті. Соған байланысты қоғамның өмірге деген көзқарасы да айтарлықтай өзгерді. Мұның бәрі көз алдымызда өтіп жатты. Көп нәрсе көз ілеспес жылдамдықпен өзгерді. Тіпті, олардың кейбіреуін қоғамдық пікір қабылдап, түсінуге де үлгермеді. Әсіресе, бұл экономикалық реформаға қатысты өзгерістерге байланысты еді. Сондықтан, бұл өзгерістердің нәтижесі қоғам мүшелерінің бір бөлігін қанағаттандырмайтын тұстар да болмай қалмады. Осы кезге дейін ақпарат құралдарында еліміздің экономикалық өмірі қазақ тілінде мақсатқа сай және ізбе-із сәулеленбегендіктен де осылай болды. Әрине, телеарналар мен радио жекелеген бағдарламалар шеңберінде бұл олқылықтың орнын толтыруға тырысып, газеттер мен журналдарда жекелеген жарияланымдар басылды. Бірақ, күні бүгінге дейін толығымен осы тақырыпты көтеретін қазақ тіліндегі жеке ақпарат құралы болған жоқ.
Міне, енді ол «Экономика» газеті болып «Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрамында дүниеге келді. Бүгінгі күнге дейін газеттің 508 саны жарық көрді. 2009 жылдың 20 наурызынан А2 пішімінде 10 бет болып басылатын болды. Осы күнге дейін газет бетінде Үкімет мүшелері, облыс, аудан әкімдері, ірі кәсіпорындардың, оқу орындарының басшыларымен сұхбаттар, елімізді индустриалды-инновациялық дамыту мәселелеріне арналған көлемді мақалалар, отандық экономиканың дамуына өзіндік үлес қосқан азаматтар жайында көркем очерктер жарияланды. Келешекте көлемі бұдан да үлкеюі әбден мүмкін. Өйткені, қазіргі нарықтық экономика жағдайында қоғамда жаңа кәсіпкерлік психология, экономикаға деген өзгеше көзқарас пен қызығушылық пайда болып келе жатыр. Қарапайым қатардағы кәсіпкерден бастап, ірі бизнес өкілдерінде күнделікті экономикалық жаңалықтар мен ақпараттарға деген қажеттілік пен сұраныс өсіп келеді. Олар өздерінің экономикалық түсініктерін кеңейтіп, білімдерін нығайта түсуге мүдделі. Себебі, нарықтық жағдайды біліп үйрену және өз қажетіне жарату қажеттілігі кәсіпкерлерден осыны талап етеді. Бір қиындығы, біздің осы күнге дейінгі бүкіл экономикалық ой-пікірлеріміз, түсініктеріміз кешегі кездегі кеңестік білім жүйесі арқылы санамызға сіңді. Соған байланысты экономикалық мәселелерді қазақ тілінде жазып жеткізетін тілшілер мен авторлар қауымы да аз. Тәуелсіздік шарапатымен елімізде ана тілімізге деген қызығушылық артып, алыс-жақын шетелдерден ата-жұртқа бір миллионнан аса қандастарымыз көшіп-қоныстанғанын, олардың басым көпшілігі кәсіпкерлік саласында екенін ескерсек, төл тілімізде шығатын экономикалық басылымға деген сұраныс пен қажеттілік жеткілікті екенін сеземіз. Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев мырза да мемлекеттік басылымдарға үнемі қолдау көрсетіп, келешекте қамқорлықтың күшейе түсетінін бірнеше рет бөліп айтты.
«Экономика» газетінің негізгі мақсаты – ел аумағында болып жатқан экономикалық жаңалықтарды қазақ тілінде қарапайым да ұғынықты тілмен жеткізу, отандық экономиканың сан-саласы – ауыл шаруашылығы, құрылыс, өнеркәсіп, қаржы саласы, тұрғын үй және т.б. секторлардағы ұнамды өзгерістер мен түйткілді мәселелер жайында мамандардың, сарапшы ғалымдардың пікірлерін жалпы жұртшылыққа жеткізіп, оларды қажетті ақпаратпен қамтамасыз етуге, сол арқылы халықтың экономикалық ой-түсінігінің өсуіне қызмет ету. Осы мақсатта газет редакциясы жанынан құрамына белгілі экономист-ғалымдар, қаржыгерлер, заңгерлер кіретін ақылдастар алқасы ұйымдастырылды. Олардың қатарында Әбдіжапар Сапарбаев, Рахман Алшанов, Айтқали Нұрсейіт, Тілектес Есполов, Оразалы Сәбден, Әбдісағит Тәтіғұлов, Жантемір Хамзин, Нұрлан Темірбеков сынды белгілі кәсіпкерлер, экономист ғалымдар бар.
Күн өткен сайын қалыптасып, қазақ тіліндегі экономикалық басылым ретінде еліміздің ақпарат кеңістігінен өз орнын табуға ұмтылып келе жатқан «Экономика» газетіне келешекте оның қоғамдық-мемлекеттік маңызын ескере отырып, еліміздің әкімшілік-саяси және кәсіпкерлік ортасында қолдау күшейеді деген сенім мол.  

Ақас ТАЖУТОВ,
«Экономика» газетінің бас редакторы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар