Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Медициналық сақтандыру туралы не білеміз? - АРҚА АЖАРЫ

Медициналық сақтандыру туралы не білеміз?

 

Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу туралы» заң жобасына қол қойғаны белгілі.  Бұл жүйе бойынша 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап жұмыс берушілер жарна аудара бастамақшы. Ал,  халық жаңа жүйе туралы біле ме?

 

Гүлнәр МОЛДАҒАЛИ-ҚЫЗЫ,  зейнеткер:    
– Еліміз жылдан-жылға дамып келеді.  Денсаулық сақтау саласына да көп көңіл бөлінуде. Осы салада жаңа реформа жасалып, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры құрылатынынан аз-мұз хабарым бар. Көңілге жаққаны, зейнеткерлер мен әлеуметтік жағынан аз қамтылғандар үшін жеңілдіктер қарастырылған дейді. Білуімше, әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жарнасын төлеуден азаматтардың 15 санаты босатылады, оның ішінде 12-сі халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал тобы. Жаңа өзгеріс халыққа ең алдымен өзіне ұнайтын емхананы таңдау мүмкіндігін береді. Дегенмен, әлі де болса,  бұл жүйенің тиімділігі неде екендігін түсініп, байыбына бара алмадым. Жалпы, жаңа жүйе
1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіле бастайтыны туралы да өзіңнен естіп тұрмын. Сондықтан, халықты әлі де болса ақпараттандыру қажет деп ойлаймын.       
Амангелді РАМАЗАН, құрылысшы:
–Астана қаласынан Көкшетауға келгеніме екі-үш күн ғана. Елордадағы құрылыс нысандарының бірінде жұмыс істеймін. Тұрақты жұмысым жоқ. Дегенмен, елімізде болып жатқан елеулі оқиғалардан хабардар болып отырамын. Меніңше, бізге мұндай жүйе қажет-ақ. Себебі,  дамыған елдердің басым көпшілігінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бар.  Құрылысшы болып еңбек еткеннен кейін, «жаман айтпай, жақсы жоқ» демекші, өз өмірімді сақтандырып қойғанмын. Сол себепті де, өз басым міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесін қолдаймын.
Бірақ, әлі де болса халыққа дұрыс түсіндіріп, дәрігерлер, арнайы мамандар елмен жиі кездесіп, насихат жұмыстарын жүргізсе жақсы болар еді. Мені мазалайтыны  жұмыссыздар жарнаны қалай төлейді?  Сұрақ көп, жауап аз…
Сағат ӘЛЗАМАР, ардагер ұстаз:        
– Қазақ халқы «Денсаулық – зор байлық» деп бекерден-бекер айтпаған. Демек, бар байлықтың төресі денсаулық үшін кім қолда барын аянып қалсын. Бірақ, сол ақшаның қайда, қалай жұмсалатыны белгісіз. Егер сіз жұмыс істесеңіз, сіз үшін 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап жұмыс беруші еңбекақыңыздан 1 пайызын аударады екен. Мәселен, ұстаздардың жалақысын алайық, өзі де азғантай айлықты шым-шымдап жұлмалай берсек несі қалады? Рас, әлеуметтік жағынан аз қамтылған жандарға арнайы жеңілдіктер қарастырылған. Қызмет сапасы да арта түседі деп сенеміз. Сонда да, меніңше, бұл жүйені жетілдіре түсу  керек сияқты.  
 Редакциядан: Көкшетау қаласының тұрғындары жаңа жүйе туралы тарқатып айтып бере алмай жатқанда,  шалғайдағы ауыл адамдарының бұл туралы терең білетініне күмәніміз бар. Сондықтан,  бұл бағытта әлі де болса, ел ішінде түсіндіру жұмыстарын ширата түскеніміз абзал.

Ұлмекен ШАМЕНОВА.

 

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар