Таңертеңнен қас қарайғанша жұмыс істейтін, демалысты білмейтін полиция қызметкерлері үшін отбасы, бала тәрбиесіне уақыт табу да қиын сияқты көрінетіні рас.
Дегенмен, осындай ауыртпалықтарға қарамастан, үлгілі отбасын құрып, балаларына саналы тәлім-тәрбие беріп жатқан жандар аз емес. Сондай полиция отбасыларының бірі ретінде Әуезхан Кенжебеков пен Анар Ідірісованың шаңырағын атап өтуге болады.
Ауған соғысына қатысқан, өмірдің ауыртпалықтарын бір адамдай көріп, ысылған офицер шенінде қызмет етіп жүрген жігіт оқуды енді бітіріп келген, лейтенант шеніндегі полиция формасын киген бойжеткенмен бір бөлімде қызмет ете жүріп, оның соңы отбасы құрып, үйленумен аяқталған еді. Бұл – 2000 жылдың жазы болатын. Уақытпен санаспайтын полицияның алашапқын жұмысы жас жұбайлардың отбасылық өмірлеріне еш кедергісін келтіре алмады. Бірін-бірі қас-қабақтарынан танитын жұбайлар тату-тәтті тірлік кешіп, отбасынан шын бақыттарын тапты. Дүниеге Нұрлан есімді ұл мен Сәруар есімді қыз келді. Таңертең балаларды бала бақшаға апару, кешкілік алып қайту, демалыс күндері мүмкіндігінше оларды қыдыртып, көңілдерін аулау – уақыттары қанша тығыз болса да полиция отбасының айнымас дәстүрі болып алды. Содан болар, балалары да ата-аналарының үміттерін ақтап, жақсы тәлімді болып өсіп келеді. Ұлдары бүгінде Назарбаев интеллектуалдық мектебінде оқыса, қызы бала бақшада тәлім алуда.
Отбасы құрғандарына да биыл міне, он жеті жылдай уақыт өтіпті. Бүгінде полковник шеніндегі Әуезхан Оралұлы жедел жоспарлау басқармасының бастығы қызметін атқарса, подполковник шеніндегі Анар Төлегенқызы да департаментте жауапты қызмет істейді. Қызметте де, отбасында да бақытын тапқан қос полиция офицері биылғы төл мерекелерін көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алып отыр.
Қалкөз КЕЛДІҒҰЛҰЛЫ.