Әділбек – үздік мемлекеттік қызметші

 

Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрында «Үздік мемлекеттік қызметші – 2017» облыстық байқауы өткізіліп, осы саладағы мамандардың кәсіби шеберліктері жан-жақты сыналды.

 

Мемлекеттік қызметшілерді қолдау, кәсіби шеберліктерін шыңдау, олардың мәртебесі мен беделін арттыру мақсатында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және  сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті ұйымдастырған байқауға облыстық мекемелер мен аудан әкімдіктері аппараттарының мамандары қатысты.
Облыстық байқауды аталмыш департаменттің басшысы, Әдеп кеңесінің төрағасы Берген Беспалинов мемлекеттік қызметшілерді төл мерекелерімен құттықтау сөзімен ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Зияткерлік, шығармашылық қабілеттерін байқау мен блиц турды қамтыған ақтық кезеңге үміткерлер тас түйін дайындықпен келгені көрініп тұрды. Алғашқы кезеңде қатысушылар  өздерінің бар өнерін ортаға салып, жеке тұсаукесерін өткізді, яғни, әркім өзін шығармашылық қабілетіне орай таныстырды. Бұл ретте, кейбір талапкер ән салса, оған бейнеролик, слайд секілді қосымшаларды ілеспе түрінде қоса көрсетті. Енді біреулері қазақ және орыс тілдерінде шығарған өлең-жырларын жиналған қауымның назарына ұсынды. Екінші кезеңде қатысушылар ұйымдастырушылар алдын ала берген тақырыптарға сай өздерінің шешендік және зияткерлік таланттарын сарапқа салды. Мемлекеттік қызметшілердің инновациялық технологияларды пайдалануы, көптілділіктің жағымды және жағымсыз қырлары, берік отбасы – мықты мемлекет, салауатты өмір салты, мемлекеттік қызметшінің қызметіндегі негізгі көрсеткіштер – бәсекеге қабілеттілік, бастамашылдық, жауапкершілік тақырыптары бойынша жас мамандар өздерінің ой-пікірлері мен ұстанымдарын жан-жақты тарқатып айтып берді. Бұл орайда, облыстық қоғамдық денсаулық сақтау,  Солтүстік Қазақстан аймақтарының геология және жер қойнауы байлықтарын пайдалану департаменттерінен қатысқан Әділбек Дәулетбек пен Нұрлыгүл Омарованың  жұмыстары, таңдап алған тақырыбы мен оны ашуда қолданған әдіс-тәсілдері көптің көңілінен шықты. Сонымен бірге, сахнада шешендік қабілеттеріне орай еркін сөйлеп, барын салса да тақырыпты аша алмаған жастар да болды. Үштілділік саясатын ұстанып, үш тілде қатар сөйлеген мамандардың да бар екендігіне сүйсіндік.
Ал, ең соңғы үшінші турда байқау қатысушыларының Қазақстан Республикасының заңдарын, мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексін, мемлекеттік тілді, Қазақстан тарихын қаншалықты меңгергендері сыналды. Мемлекеттік тілді барлығы да жақсы меңгергенімен, тарихи тақырыптан қойылған сұрақтардан сүрінгендер де болды.
Бұрынғы мемлекеттік қызметші Марат Құлмағамбетов бастаған қазылар алқасының шешімімен жүлделі бірінші орынды облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің техникалық регламенттер талаптарының сақталуын бақылау бөлімінің бас маманы Әділбек Дәулетбек жеңіп алды. Екінші және үшінші орындарды Еңбекшілдер ауданы аппаратының бас маманы Әсем Бейсембаева мен Целиноград ауданы Родина ауылының әкімі Белла Газдиева иеленді. Байқауға қатысып, өнерімен, шешендігімен көрермендерді баурап алған облыстық білім басқармасының бас маманы Есбол Төкеев «Көрермендер көзайымы» аталымына ие болды және басқа қатысушылар ұйымдастыру алқасының ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.  
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.

Суретті түсірген Ермұрат ДОСЫМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар