Ш.Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрында Мемлекеттік қызметші күні мерекесіне орай, салтанатты жиналыс болып өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Егор Каппель қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
2013 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітілген бұл кәсіби мерекені еліміздің мемлекеттік қызметшілері жыл сайын атап өтеді. Биылғы шара еңбек жолын енді бастаған бір топ жас мемлекеттік қызметшілердің салтанатпен ант қабылдауынан басталды. Жиналғандарды төл мерекелерімен құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Егор Каппель тәуелсіздігімізді алған ширек ғасырдан астам уақыт ішінде еліміздің биік жетістіктерге қол жеткізіп, мемлекеттілігін толық қалыптастырғандығын, осы жетістіктерге мемлекеттік қызметшілердің де қосып отырған үлесі зор екенін айта келе, қарапайым жұртшылықтың мемлекеттік қызметшілерден кәсіби жоғары біліктілікті, іскерлік пен әділдікті күтетіндігін, соған орай осындай биік деңгейден көріну қажеттігін атап өтті.
Бұдан кейін бірқатар мемлекеттік қызметшілерге «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісі, облыс әкімінің Алғыс хаты тапсырылды.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облыстық департаментінің басшысы Берген Беспалинов мерекеге жиналғандарды құттықтап, жылы лебізін білдірді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.