Жаңа облыстық сот төрағасы

Ақмола облыстық сотында облыс әкімінің орынбасары Егор Каппельдің қатысып, сөз сөйлеуімен сот жүйесіндегі ауыс-түйістерге арналған алқалы жиын болып өтті.

  Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының мамандандырылған сот алқасының төрайымы Айгүл Қыдырбаеваның жетекшілігімен өткен алқалы жиында жаңадан тағайындалған облыстық соттың төрағасы мен бірқатар аудандық соттардың төрағалары таныстырылды. Жиынға қатысушылар таяуда ғана қайғылы қазаға ұшыраған облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрайымы Жанна Бердіғұлованы бір минут үнсіздікпен еске алды.
Облыстық соттың төрағасы Нұрғазы Әбдіқанов Алматы қалалық сотының төрағасы болып тағайындалуына байланысты өз қызметінен  босатылды. Оның жаңа қызмет орнында жемісті жұмыс істеуіне тілектестік білдірген Жоғарғы сот алқасының төрайымы Ақмола облыстық сотының жаңа төрағасын таныстырды. Осы кезге дейін Шығыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы болып істеп келген, сот жүйесінде 28 жылдық тәжірибесі бар Досжан Әміров Елбасы Жарлығымен Ақмола облыстық сотының төрағасы болып тағайындалды. Мемлекет басшысының Жарлығымен сондай-ақ, Раджаб Даминов облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы, Қазыбек Әбішев Есіл аудандық сотының төрағасы, Ринат Шақуанов Көкшетау қалалық сотының төрағасы, Айсұлу Жұматова балалар мен жасөспірімдер ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрайымы болып тағайындалды.
Облыс әкімінің орынбасары Егор Каппель облысымыздың дамуына сот жүйесінің да қосып отырған қомақты үлесі барын айта келе, облыстық соттың бұрынғы төрағасы Нұрғазы Әбдіқановқа облыс әкімінің Алғыс хатын тапсырды. Жаңадан тағайындалған облыстық соттың төрағасы Досжан Әміров Елбасына алғысын айтып, өзіне көрсетілген сенімді ақтайтынын жеткізді.
Қалкөз КЕЛДІҒҰЛҰЛЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар