Қарымды қаламгер Оңалбек Кенжебеков Оңтүстік Қазақстан облысының Арыс қаласында туып, өмірінің соңғы жылдарын көрікті Бурабай баурайында өткізген еді.
Абай атындағы қазақ педагогикалық институтының филология факультетін бітірген соң, бірер жыл ауыл мұғалімі болып қызмет істеген. Әдебиет ісіне жастай араласқан ол Алматыдағы «Жазушы» баспасында 15 жыл еңбек еткен.
Сатирик қаламгердің соңында бірнеше прозалық және жыр жинақтары қалды. 1999 жылы Щучинск қаласына қоныс аударып, «Алаш үні», «Бурабай» газеттерінде қызмет істеді. Газет бетінде өзінің өткір тілімен ел жайын, ауыл тұрмысын қаузап жазған көптеген материалдары жарық көрген. Таяуда Щучинск қаласында ақын-жазушының өзі тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды. Тақтаның ашылу салтанатына қатысқан аудандық мәслихаттың хатшысы Өтелбай Бейсенов, қала әкімі Бекахмет Махметов, құдағиы Ақжан Сапарова, аудандық
«Бурабай» газетінің тілшісі Жеңіс Оспановтар жазушының шығармашылығы, кісілік келбеті, азаматтық ажары туралы әсерлі естелік айтып, толымды пікір білдірді.
Қаламгердің еңбектері топтастырылған көрме ұйымдастырылып, аруағына бағышталып құран оқытылып, ас берілді. Бар ғұмырын қалам қызметіне арнаған жазушының артында қалған жәдігері – әдеби еңбектері. Өлмес ғұмырын ұзартатын да сол.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Бурабай ауданы.