Тағы да ата жұрттың дәмі тартты

 

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев кеше Астанада ашылған Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайына қатысты.

 

Мемлекет басшысы Астанаға әлемнің 39 елінен келген Дүниежүзілік құрылтайдың барлық қатысушыларына арнап сөз сөйледі.
Елбасы алғашқы Құрылтай өткеннен бергі 25 жыл ішінде Қазақстанның жеткен жетістіктерін және елімізде жүргізілген реформаларды атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев рухани жаңғыру аясында іске асырылып жатқан 6 жобаға, соның ішінде қазақ қарпінің латын әліпбиіне көшуі, гуманитарлық бағыттағы үздік 100 оқулықты қазақ тіліне аудару, «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің география-сы», «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет», «Қазақстандағы 100 жаңа есім» сияқты жобаларға ерекше тоқталды.
Қазақстан Президенті мемлекетіміз бен қоғам тарапынан қандастарымызды қолдаудың маңыздылығын айтып, «Отандастар» қорын құруды тапсырды.
– Қор Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығымен бірлесіп, қандастарымызға қолдау көрсетудің тетіктерін анықтап, тиісті кешенді бағдарлама әзірлеуі қажет, – деді Елбасы.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы елшіліктерге Қазақстанға оралушылардың құжаттарын дайындау және оларға кеңес беру жөніндегі жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
– Сонымен қатар,  жастарға қолдау көрсету қажет. Үкіметке отандастарымыздың жоғары білім алуын қолжетімді ету үшін оларға бөлінген квотаны 2 есе көбейтуді тапсырамын. Үкімет шетелдегі қандастарымыздың ана тілінде білім алу мүмкіндіктерін қарастыруы керек, – деді Нұрсұлтан
Назарбаев.
Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті іргелес елдерде мемлекеттік телеарналардың көрсетілуі мен мерзімді баспасөздің таралу мәселелерін пысықтау, қандастарымыз арасындағы дарынды және кәсіби мамандарды елге тартып, оларды бейімдеу тетіктерін қарастыру, еліміздің оңтүстігінен солтүстік облыстарына қоныс аудару бағдарламасына қатысқан азаматтарымыздың орналасуына жағдай жасап, оларды жұмыспен қамту жөнінде тапсырмалар берді.
Елбасы сөзінің соңында құрылтайға қатысушыларға Астананы аралап көріп, «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесін тамашалау жөнінде ұсыныс айтты.
Құрылтай соңында Мемлекет басшысы шетелдегі ағайынның Атамекенді ұмытпай, оны әрдайым құрмет тұтуға шақырды.
– Шетелдегі қазақтардың елге жиі келіп, туған жерімен байланыстарын нығайтып отырғаны дұрыс. Қай елде тұрсаңыздар да, әрдайым Қазақстанды жүректеріңіздің төрінде ұстаңыздар. Қазақтың тарихи отаны біреу-ақ. Ол – Қазақстан, – деп түйіндеді Нұрсұлтан Назарбаев.
– Енді біз төрағаның бірінші орынбасарын сайлауымыз керек. Жанымда отырған Талғат Мамашов 2004 жылдан бастап атқарып келеді. Біраз жұмыс істелді. Сырттағы отандастарымызбен рухани-мәдени байланыстар нығая түсті, – деген Мемлекет басшысы Талғат Мамашовқа жемісті жұмысы үшін ризашылығын білдірді. – Мен енді осы орынға Зауытбек Тұрысбековты ұсынғым келеді. Тәуелсіздік жылдары ішінде менің тапсырмаммен талай жауапты қызметтерді атқарды, – деді Қазақстан Президенті.  
Зауытбек Тұрысбековтың кандидатурасын құрылтай делегаттары бірауыздан қолдап дауыс берді.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар