Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Өңір тынысы – өмір тынысы - АРҚА АЖАРЫ

Өңір тынысы – өмір тынысы

Біз ол кезде  жас едік. Дүниені төңкеріп тастардай білек сыбана жұмысқа кірістік. Қадам басқан сайын кездесетін қиындықтар мен кедергілер бізді қорқыта алмады.

  Сөйтіп, менің және өзіммен қатарлас бірнеше қыз-жігіттердің жастық жігер, күш-қайраты мен құлшынысының арқасында дүниеге жаңа келген жас басылым аяғынан нық тұрып, еңсе көтеріп, нарық атты қатал заманда жел айдаған қаңбақтай құрдымға құламай, биіктерге бағыт алған замана көшімен ілгері басты.
Міне, содан бері де зымырап ширек ғасырға жуық уақыт өткен екен. «Атбасар» газетіне биыл 25 жыл толыпты. Бұл – жұлқынған жігіт жасы. Осы кезең ішінде газет өсіп, уақыт талабына сай тұрақты оқырмандарын тапты. Шын мәнінде Атбасар сияқты іргелі ауданның мемлекеттік тілде шығатын басылымының ашылуы ең алдымен, Қазақстан деп аталатын тәуелсіз еліміздің тәуелсіздігімен бірге келген игілікті құбылыс еді. Ілияс Есенберлин, Сейітжан Омаров сияқты атақты жазушылар, Ақан Құрманов сияқты Батыр шыққан ғасырларға созылған тарихы бар Атбасар ауданында қазақ тіліндегі газеттің болмауы – кеңестік озбыр саясаттың кесірі екендігі анық.
Мен Атбасарға 1993 жылдың 9 наурызы күні келдім. Иә, бәрі де күні кешегідей көз алдымда. Сол жылдың ақпан айында іссапармен келгенде қала әкімі Жылқыбай Саберлинов пен аудан әкімінің орынбасары Алмас Жұмабеков «үй береміз, барлық жағдайды жасаймыз» деп «Атбасар» газетіне редактор болуға қолқа салған. Мен Алматыда республикалық «Қазақстан мектебі» журналында қызмет ететінмін. Бұрын Қима ауданында газетте екі жылдай жұмыс істегенім бар, яғни, бұл өңірмен таныспын. Содан болар, ұсынысқа көп ойланбастан келісім бердім.
Келген күні Атбасар қаласының әкімі Жылқыбай Саберлинов қабылдап, газеттің атқарушы редакторы болып жүрген Кенжетай Көлбаеваны шақырып алып, жұмысты маған тапсыруды өтінді. Шынын айтқанда, тапсыратын ештеңесі жоқ екен. Газет айына бір рет Ақмолада бастырылады. Мөрі де, есеп-шотында бір тиын ақшасы да жоқ. Штаттағы жалғыз адам, Нұрлан деген фототілші ғана. Содан алдымен мөр жасатып, қызметке бухгалтер алдым. Бұрын бұл салада қызмет еткен тәжірибесі болмаса да Күлзейнеп Оспанова өз жұмысын жақсы атқарды. Тағы бір жасаған жұмысым, есеп-шотқа ақша түсірттім. Бұрынғыдай айына бір рет емес, айына екі рет шығатын болдық.
Қазақ газеті ашылады деген соң осында қызмет ететін бірқатар қазақ басшылары бірлесіп ақша жинап, Ленинградтан 1,2 миллион сомға баспахана станогын сатып алыпты. Баспахана директоры Анатолий Грибушенко әріп теруші маманды өзің тап деді. Содан өзім білетін Қима ауданына барып, баспаханада жұмыс істеп жүрген тәжірибелі әріп теруші Сағат Серікбаеваны үгіттеп, шақыртып алдым. Ол жылы орнын тастап келмес те еді, егер үй береміз деп уәде бермегенде. Обалы не, қала әкімі Жылқыбай Қожахметұлы мән-жайды естіген соң, үй алып беруге келісті. Қиындық келтірген ең бас-
ты мәселе – қазақ тілі газетіне керекті мамандар еді. Мұнда журналист атымен жоқ. Содан Қимада аудандық газетте істеп жүрген бұрын қызметтес болған Өмірсерік Шайхинге қолқа салдым. Ол бірден келісіп, жаңа газетті шығарысу бейнетін бірлесе көтерісті. Оның зайыбы Күләш орысша жазатын болса да, бір жылдай «Атбасарда» қызмет істеді. Сөйтіп, жаңа газеттің уығын шаншып, шаңырағын көтеруге ерлі-зайыпты Шайхиндердің елеулі еңбегі сіңгенін атап өткен артық болмас.
Баспахана басшысы кадр мәселесін ғана емес, қағазды да өзің тап деп мойныма ысыра салды. Жазған құлда шаршау жоқ, Ақмолада коммерция-
мен айналысып жүрген «Егемен Қазақстанның» облыстағы меншікті тілшісі Мұратбек Тоқтағазыға қолқа салып, ол бір тонна қағаз тауып беретін болды. Енді оны алып келу де біраз қиындық келтірді. Сонда зат алып баратын бір мекеменің басшысымен келісіп, машинасын алдық. Қыркүйек айының басы еді. Төбесі жабық будканың ішінде түрегеп тұрып, облыстық баспахананың қағаз сақтайтын қоймасына бардық. Сол жерде электрокарын жалдап, қағаз тиеттім. Сонда мекеме шопыры менен: «сіз жабдықтаушысыз ба?» деп сұрағаны есімде. «Жоқ, редактормын» деймін мен. Ол таң қалып басын шайқады. Редактор басымен қағаз тиеп әкелуге барғаны несі дейтін сияқты. Міне, сондай жайлар да болған.
Содан көптен күткен күн келіп, 1993 жылдың қыркүйегінде Атбасардың баспаханасында газетті шығаруды бастадық. Аптасына бір рет шығарамыз. Ақмолада бір кісімен келісіп, ол бізге бейсенбі күні апталық телебағдарламаны жіберіп тұрады. Соны сенбілік нөмірге саламыз. Ол кезде жұрт телебағдарлама үшін ғана газет сатып алатын. Шынын айтқанда, газетті тарату көп қиындық келтірді және жаңа шығып жатқан орыс тілді өңірдегі қазақша газетке жұртты қызықтыру үшін біраз шаруалар жасауға тура келді. Ең алдымен, «Простор» газетіне шыққан жарнамаларды орыс тілінде газетімізге тегін салып жүрдік. Бұл да жұртты қызықтырудың бір тәсілі еді. Содан апталық телебағдарламасы, жергілікті жарнамасы бар газетті базарда, басқа да көпшілік орындарда сатуды қолға алдық. Бір мектепте оқитын қазақ баласы газет сатуға көп еңбегін сіңірді. Ол үстіне қосып сатып, содан аздап ақша табатын.  Газетімізде бірнеше жыл қызмет еткен Талғат Құрманұлы жазуға онша шебер болмаса да, газет таратуға көп көмегін тигізді. Ол қазақ жігіттері басқаратын шаруашылықтармен келісіп, олар жүз газеттен жаздыратын. Ақша жоқ, астыққа. Содан бірде мынадай қызық жай болды. Ол бір шаруашалықтан жүз адамды жаздырып, соған астық алады. Пошта бастығы «егер ұн қылып әкелсең, алайын» депті. Содан ол диірменмен келісіп, әлгі астықты ұнға айналдырды. Дегенмен, пошта бастығы Камбаров алғашқы сөзінен айнып, енді тек ақша аламын деп шықты. Содан Талғат әлгі ұнды машинамен ауылдарды аралап жүріп сатып, ақшаға айналдырды. Екеуміз бір дорба ақшаны поштаға апарып тапсырғанымыз есте. Міне, газет таратуда осындай қызықты жайлар да болған.  Біздің еңбегіміз еш кетпей, бірер жылда «Атбасар» газетінің таралымы мыңға жетті. Бұл – орыстілді аймақта шығатын қазақ газеті үшін үлкен жетістік еді. Газетімізге мақала жазып, қолдау көрсеткен бірқатар авторларымыз болды. Түрлі тақырыптарда жиі жазып, сөзімен де үнемі қолдау білдіретін Қапан ақсақал, мұражайдың директоры Сәулет Балғазин, шымшымаларын жиі жіберіп тұратын Өміржан Мұстафин, орыс тілінде жазса да аударып, үнемі пайдаланатын байырғы журналист Леонид Седельников – бәрінің қолтаңбасы газетте сақталып қалды.
 «Атбасар» газеті туралы айтқанда, оны шығаруға белсене атсалысып, көмектерін көрсеткен бірқатар азаматтардың есімдерін атамаса, қиянат болар еді. Олар: сол кездегі Атбасар қаласының әкімі Жылқыбай Саберлинов, аудан әкімінің орынбасары Алмас Жұмабеков, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы Тасболат Қасенов, аудандық «Тіл және мәдениет» қоғамының төрағасы, теміржол тораптық ауруханасының бас дәрігері Бауыржан Ділдәбеков еді. Бұл азаматтар газеттің ашылуы және жұмыс істеп кетуіне тікелей көмегін тигізіп, үнемі жәрдем беріп тұрды. Сол тұста референт қызметін атқарған, кейін аудандық ішкі саясат бөлімін басқарған Сәбиолла Айпейісовтің де көмегінің көп болғанын айтпай кетуге болмайды. Газетке демеушілік көмек көрсетіп, жазылуға да жәрдемін тигізген шаруашылық басшылары Мұрат Ералин, Темірхан Мұқышев, Омархан Саханов, кәсіпкер Ажар Бәпішева, Ажыдар Тайшытаев сияқты азаматтардың еңбегін айтпасақ, қиянат болар еді. Газетті 1992 жылдың шілдесінен бастап жалғыз өзі шығарып, қоғамдық негіздегі редактор қызметін атқарған Кенжетай Көлбаеваның еңбегі де зор. Газетімізде алғашқы күннен жұмыс істеген, ең ауыр шақта еңбек еткен машинистка Нағима апайымыздың еңбегі де өлшеусіз.  
Мен «Атбасар» газетінде 1993 жылдың наурызынан 1998 жылдың желтоқсанына дейін қызмет істедім. Заманның ең ауыр кезінде, жарық, жылу берілмей, жалақы уақытында төленбей қиындық қысқан сол бір жылдар дегенмен, менің өмірімнің ең бір есте қаларлық тамаша сәттері болып жадымда сақталып қалды. Өйткені, маған орыс тілді аймақта, тәуелсіздігіміздің шарапатымен ашылған жаңа қазақ газетінің іргесін қалау бақыты бұйырған екен. Мен өзіме жүктелген сол міндетті атқарып шықтым деп ойлаймын. «Атбасар» газетін ұйымдастырып, тұрақты оқырмандарын тауып, таралымын біршама көтеріп, ойға алғандай деңгейге жеткізе алдық. Ең үлкен жетістік те осы еді.
Қазір өзім еңбек етіп жатқан «Арқа ажары» газеті биыл ашылуының 100 жылдығын атап өтпек. Ал, өзім негізін қаласқан «Атбасар» газеті 25 жылдық мерейтойын тойлағалы отыр. Ләйім, қуанышты күндер көбейе берсін, «Атбасардың» айшықты жолы 50, 100 жыл болып мәңгілікке жалғаса бергей!..
Қалкөз ЖҮСІП,
Қазақстан Республикасы Ақпарат  саласының үздігі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар