Көрермен көзайымына айналуда

«Халық – айна, халық  – сыншы»  деген қазақпыз. Ғұмыр жолым мәдениет саласымен байланысты болғасын ел, өңір жаңалықтарын қалт жібермей, үнемі назарда ұстап отыруға тырысамын.

Көзі қарақты көрермен ретінде қазіргі таңда облыс орталығындағы «Қазақстан-Көкшетау» облыстық телеарнасы жаңа хабарлармен толығып, хабар тарату аумағы да кеңейіп, көпшіліктің көкейінен шығатын мазмұны мен тақырыбы келіскен тартымды хабарлар, жаңа жобалар іске қосылғанын көріп, қуанамын.

 Дүбірлі дүниенің дүрмегін былайғы жұрт теледидар арқылы бақылап отырады. Отандық телеарналарды тарататын «Отау ТВ» жобасы арқылы жергілікті хабарларды бүкіл республика тұрғындары тамашалай алатын мүмкіндікке ие болып отыр. Қазіргі таңда облыстық филиал хабар тарату уақытын 14 сағаттан 17 сағатқа дейін ұлғайтып, көрермендерін қуантып отыр. Сонымен қатар, «Отау ТВ» Ұлттық жерсеріктік хабар тарату желісіне қосылу уақыты бұған дейін бар-жоғы 7 сағат қана болып келсе, бүгінде бұл уақыт 17 сағатқа дейін ұлғайған екен. Бұл бір жағынан көрермендердің санын көбейтетіні рас, дей тұрсақ та зор жауапкершілікті де жүктейді. Қалай дегенмен де жергілікті телеарнада оң өзгерістер баршылық. Жылтетпелер, аңдатпалар, хабарлардың атаулары да толықтай жаңартылған. Ең бастысы, мазмұны жағынан байып, көрермен көкейінде жүрген өзекті мәселелер мен тартымды тақырыптарды қаузайтын тың бағдар бар. Әсіресе, күндегі жаңалықтар топтамасын асыға күтемін. Өн бойына айшықты ақпараттар мен мәдени, спорттық оқиғаларды арқау еткен жаңалықтар қызметі көңілден шығады. Сонымен қатар, қабілетті жас журналист Әйгерім Бекмағамбетованың «Әй, керім» қыз-келіншектер теле журналы көңілге қонымды. Жасырары жоқ, қазіргі таңда ұрпақ тәрбиесі ұлттық проблемаға айналып отыр. Жас журналист еліне сыйлы айтулы әйел азаматшалармен кездесіп, олардың ғұмыр жолын зерделеп, кейінгі ұрпаққа үлгі етіп көрсетуге тырысады. Мәселен, белгілі қолөнер шебері Шәмшия апа Айтжанова туралы хабары қандай тартымды жақсы шықты. Осындай тағылымды хабарлар көп болса ғой дейсің.
Сонымен қатар, «Ой-ұшқын», «Әлеумет», «Сахна сиқыры», «Тартылыс күші», «Тіршілік», «Жұлдыз-Ай» сияқты өскелең ұрпаққа үлгі болатын аға буын мен кейінгі толқын жастардың диалог алаңына айналған тағылымы мол бағдарламалардың айтары бар. Қоғамдағы өзекті мәселелерді  сарапшылармен бірге талқылауға арналған бағдарламалардан көпшілік көкейде жүрген түйткілді  мәселелер жайында толымды ақпарат ала алады. Сонымен қатар, таңғы ақпараттық-танымдық сазды бағдарлама жанданып, жаңа форматта жалғасын тапты. Көрермен ретінде айтар тілегім әлі де болса танымы мол тарихи тағылымды бағдарламалар көп болса ғой деп ойлаймын. Ел тарихын паш ететін, еліміздің тарихын таразылайтын, тұлғасы биік адамдардың ғибратты ғұмыр жолын насихаттайтын жобалар көбірек болса.
Мен баспасөз, телевизия және радио қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында көрермен көзайымына айналған облыстық телеарна  қызметкерлерін шын жүректен мерекемен құттықтай отыра, шалқар шабыт пен шығармашылық табыс тілегім келеді.

Ермек МЕЙРАМҚҰЛОВ,
Қазақстан Республикасы Мәдениет  саласының үздігі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар