Кеше Көкшетауда «2017 жылғы 28 маусымға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауын тағайындау туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес Парламент Сенаты депутатының сайлауы болып өтті
Мәслихат депутаттарының бірлескен отырысын ашқан облыстық мәслихаттың хатшысы Дулат Нұрмолдин заң бойынша Парламент Сенатының депутаттығына сайлау мәслихат депутаттарынан құралған таңдаушылардың құзырына берілгендігін және «Қазақстан Республикасының сайлауы туралы» конституциялық заңының 77 бабына сай, бұл таңдаушылардың бірлескен отырысында өтетінін айтты. Облыс мәслихаттарының 276 депутаты болса, бірлескен отырысқа 271 депутат келген екен. Заң талабына сай, депутаттардың елу пайыздан астамы келгенде ол заңды болып табылмақ.
Бұдан кейін облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Әділхан Шаяхметов сөз алып, депутаттарға дауыс беру тәртібі жайында түсіндіріп берді. Сайлау бюллетені арқылы таңдаушылар өзі қалаған үміткердің тегінің тұсына белгі қояды. Бір таңдаушы бір дауыс бере алады және жарамсыз болып қалған бюллетеннің орнына екіншісі берілмейді.
Айта кетелік, биылғы Парламент Сенатының депутаты сайлауына облысымыздан екі үміткер: Дәурен Әділбеков пен Дамир Досхожин қатысқан еді. Сайлауға дауыс беретін таңдаушы ретінде қатысқан мәслихат депутаттарынан бөлек, үміткерлердің сенім білдірген өкілдері және бақылаушылар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Айта кетерлігі, бақылаушылардың арасында облысымызда тіркелген түрлі саяси партиялардың өкілдерімен бірге, шетелдік бақылаушылар да болды.
Дауыс берудің алдын ала шығарылған қорытындысына сай, депутаттықтан үміткер Дәурен Әділбековке барлық таңдаушылардың 94,5 пайызы дауыс берсе, Дамир Досхожинге 5,5 пайызы өз дауыстарын беріпті. Дегенмен, дауыс берудің ресми қорытындысын Орталық сайлау комиссиясы бір жетіге дейінгі мерзім ішінде шығармақ.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.