Ұлттық кодты қалыптастыру – міндет

 

Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері өңірлерге шығып,  «Рухани жаңғыру» жобасының мән-маңызын халыққа насихаттап, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Осындай мақсатпен біздің облысқа ат басын тіреген белгілі жазушы, ғалым Тұрсын Жұртбай маңызды бағдарламаны түбегейлі талдап, саралап айтып берді.

  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының ел азаматтарына, ұлтқа берер мол игіліктері талқыланған отырысты Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының хатшысы Марал Жақыпова ашып, жүргізді. Қаламгерлер қауымының төл мерекесі күнімен сай келгендіктен, жазушы алдымен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін Байланыс және ақпарат қызметкерлері күнімен құттықтады.
Елбасының мақаласы мамыр айынан бастап жергілікті жерлерде белсенді талқылануда. Жиында аталмыш мақаланың ел алдындағы басты бағыттарды айқындап бергендігі, қалыптасқан дәстүрлер мен рухани құндылықтарды сақтай отыра, туған тілді, қазақ халқының мәдениетін дамыту көзделіп отырғандығы айтылды. Біздің рухани мәдениетіміз – ол қуатты идеология. «Оның қайта өркендеуі біздің бірегейлігімізді, бірлігімізді сақтауға көмектеседі, діни экстремизмге, сепаратизмге, әлемдік революцияның жаңа формаларына қуатты бөгет болады», – деп атап өтті мақала жайында Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының хатшысы.
– Қазіргі заманда баспасөздің мемлекеттік ұстанымы мен даму бағдарына тигізер ықпалы зор. Оның бетінде  жарияланған әрбір мақала сол кезеңнің айнасы іспетті. Қолдарына қалам ұстаған жазушылар кез келген дүниені ой тезінен өткізіп, ардан аспай жазуы керек. Елбасының мақаласы жайында да бұқаралық ақпарат құралдарында көптеген материалдар жарияланды. Бірақ, солардың көбінде біз ұлттық мәдениет дегенді көбінесе өнермен, ән-күймен, салт-дәстүрлермен ғана шектеп жүрген сияқтымыз. Мәдениет деп Елбасының айтып отырғаны идеологияның, саясаттың соңында жүру ғана емес  ұлттық кодты қалыптастыру, өзіміздің ұлы халықтың ұрпақтары екендігімізді ұмытпау, тіл мен діл, ұлтты сүю, тарихты ұмытпау, –дей келе ғалым жаңғыру сөзін пайдаланғаннан гөрі қайта құрылу деп атаған дұрысырақ болатынын айтты. Одан әрі жазушы мақалада айтылған жер мәселесіне ерекше тоқталды. Ұлт болашағын алғашқы орынға қоятын қаламгер ең алдымен оқулықтарды дұрыстау мәселесіне кеңінен тоқталды. Мәселен, 3-4 сыныптарға арналған музыка пәні кітабының бірінде өзге ұлттардың ұлттық аспаптары жайында түсініктер берілсе, қазақтың төл ұлттық аспабы – домбыра туралы бірде-бір мәліметтің болмағанына қынжылатындығын білдірді. Сондықтан, тарих, әдебиет және басқа ұлттық салт-дәстүріміз бен құндылықтарымыз айтылатын оқулықтардың ішіндегі материалдарға мұқият болып, қайта жазу қажеттігіне ерекше көңіл бөлді. Бұдан әрі жазушы Тұрсын Жұртбай шетелге еліктеуден, жалғандық пен жасандылықтан арылу керектігіне тоқталып, мақалада осы жайында айтылған ойларды келтірді.
Көкшетау қаласының құрметті азаматы, жазушы Виктор Терещук мақала туралы өзінің ой-пікірін айтып, еліміздің мектеп бітіруші түлектерінің көбі шет мемлекеттерде оқуға құмартып тұратындығын, оларға туған елімізде де сондай білім алуға мүмкіндік барлығын мектеп қабырғасында түсіндіру керектігі жайында өзінің пікірін білдірді.
Ғалыммен кездесуге жиналған Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының, ғылыми-сараптамалық топтың, қоғамдық кеңестердің мүшелері мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері де мақала туралы ойларын айтып, ғалымға естелік кітаптар сыйлады.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар