Білімдерін безбендеді

«Денсаулықтың қадірін ауырғанда білерсің» деп қазақ текке айтпаған ғой. Ауырған адамдарды дертінен айықтырып, ажалдан арашалайтын ақ халатты жандардың жұмыстары ауыр да маңызды.

Олар күн сайын алдарына көмек күтіп келетін адамдарды ауруларынан емдеп, ажалдарынан аман алып қалып жатады. Содан болар, қарапайым халықтың денсаулық сақтау қызметкерлеріне деген құрметі де ерекше.
Ерейментау қаласында өткен «Медбике-2017» байқауына қатысқан орта буынды медицина қызметкерлері өз білімдері мен біліктіліктерін және өнерлерін ортаға салды.  Шара барысында Серікболсын Зейнулов, Айдана Керейбаева, Шолпан Сейсенбаева, Мәдина Қазкенова, Нұргүл Тілеубердинова және Татьяна Морскова өздері қызмет атқаратын аудандық аурухана бөлімшелерінің намысын қорғап, білімдері мен біліктіліктерін, таланттары мен қарым-қабілеттерін көрсетті.
Ауруларды қабылдап, олардың дерттерін емдеу шараларын сахнада нанымды көрсеткен орта буынды медицина қызметкерлері өздерінің  кәсіби біліктіліктерін ғана емес, бойдағы басқа қабілеттерін де жан-жақты ашты. Жұмыста адам жанының арашашысы бола жүріп, үйде ардақты ана екендіктерін де жұрт алдында тамаша бейнелеп көрсеткен байқауға қатысушылардың өнеріне баға беру де әділ қазылар алқасына оңай болған жоқ. Десе де, жарыс болған соң жеңімпаз да болатыны белгілі. «Науқастың арманы» аталымы бойынша бас жүлдені Айдана Керейбаева алса, «Алтын қолдар» аталымы жүлдесіне Нұргүл Тілеубердинова, «Жеңіл қол» жүлдесін Мәдина Қазкенова жеңіп алды. Атаулы жүлделерден Татьяна Морскова мен Шолпан Сейсенбаева да құр қалмады. Байқау жеңімпаздары арнайы грамоталармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Гүлдана ҚАНАПИЯНОВА.
Ерейментау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар