Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге дайынбыз ба? - АРҚА АЖАРЫ

Медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге дайынбыз ба?

 

Облыстық мәслихаттың депутаты, қоғамдық кеңестің төрағасы Дулат Нұрмолдиннің төрағалығымен өткен отырыста міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге орай жүргізіліп жатқан дайындық жұмыстары мен оның нәтижелері, шешімін таппаған кейбір көкейкесті мәселелер талқыланды.
Отырыста алдымен медициналық қызметтерді төлеу комитеті облыстық департаментінің басшысы Фазыл Көпебаевтың баяндамасы тыңдалды.  
Елбасының  «100 нақты қадам» Ұлт жоспары мен 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жүйе бойынша жұмыс берушілер, жеке кәсіпкерлер, жекеменшік нотариустар, сот орындаушылары секілді азаматтық-құқықтық сипаттағы келісім негізінде жұмыс істейтін жеке тұлғалар арнайы құрылған қорға ақша бөлуді ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастайды. Ал, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл қорға тиісті аударымдар мен жарналарды өзін-өзі жұмыспен толық қамти алмай отырғандар және мемлекет тарапынан халықтың әлеуметтік осал тобына жататын тұрғындар үшін аударатын болады. 2019 жылдан бастап, жалдамалы жұмысшылар да тапқан табысының белгілі бір мөлшердегі бөлігін қорға аударулары тиіс. Баяндамашының мәлімдеуінше, мемлекет есебінен аударым жасалатын топтардың тізімі күннен-күнге кеңейіп келе жатқан көрінеді.  
– Қазіргі уақытта міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының аумақтық филиалдарын ашу жұмыстары ұйымдастырылуда. Облыс аудандары мен қалаларындағы барлық медициналық мекемелер мен облыс орталығындағы 22 мекемеде аталмыш жаңа жүйені енгізуге қатысты мамандарға арналған ақпараттық-түсіндіру жұмыстары өткізілді. Сондай-ақ, аудандардағы штабтардың мүшелерімен, әкім аппаратындағы жауапты қызметкерлермен, кәсіпорын, бюджеттік мекемелердің  басшыларымен де осындай жұмыс жүргізіліп жатыр. Әрбір медициналық ұйымда МӘМС-ді халыққа түсіндірумен айналысатын дәрігерлер мен медбикелерден құралған «бестіктер» деп аталатын мобильді топтар құрылған, – деді департамент басшысы.
Осындай жұмыстар тиісті деңгейде жүргізіліп жатса да, республика көрсеткішінде  халыққа түсіндіру жұмыстарының нәтижесі бойынша біздің облыс бір жерде төртінші орында деп көрсетілсе, енді бір Интернет сайттарында 14-ші орында деп беріліпті. Мәліметтердің арасындағы осындай айырмашылықтың себебін анықтау барысында түрлі сын-пікірлер айтылды.  
Азаматтарды тұратын жері бойынша есепке қою арқылы оларды медициналық мекемеге бекіту жұмыстары да бұл орайда барынша жедел жүргізіліп жатыр. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы, мемлекеттік кірістер департаменті, салық қызметтері, тарапынан да жұмыс белсенді ұйымдастырылған. Бірақ, көрсеткіштердің жаңағыдай төмен болуы сан сауалды туғызады.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сергей Киласьев осы орайда жүргізіліп жатқан жұмыстарды нақтылап айтып бере алмады. Тек қана медициналық мекемелер мен халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының тиімді жүргізіліп жатқанын айтумен шектелді. Бұдан кейін кеңес мүшелері ірі кәсіпорындарды аралауға арналған тізімге «Тыныс» АҚ, Степногорск қаласындағы «Подшипник зауыты», «Бестөбе», «Жолымбет» алтын кен-байыту өндіріс орындарын да енгізу қажеттігін ұсынды. Себебі, бұл жерлерде халықтың көп жұмыс  істейтіндігін ескеру керек.
Жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Дина Ахметжанованың айтуына қарағанда, азаматтардың қай топқа жататындығын анықтау бойынша жұмыс белсенді жүргізілуде. Бірақ, кедергі келтіретін кейбір жайлардың бар екендігін де атап өтті. Мәселен, кейбір аудандарда адамдардың бұрын тіркелген үйлері қазіргі уақытта мүлде жоқ. Сол сияқты шет елге кетіп, кейбірінің сол жақта қайтыс болуына байланысты да ақпараттарды жинақтау, студенттердің тұратын жерлерін анықтау секілді жайларды тізіп берді. Дегенмен, қоғамдық кеңестің төрағасы олардың атқарған істеріне көңілі толмайтындығын айтып, әлі де бұл бағыттағы іс-шараларды одан әрі жетілдіру қажеттігін, көші-қон полициясымен тығыз қарым-қатынас орнатып, жұмысты жандандыру керектігін тапсырды.
Жыл басынан бері айтылып келе жатқан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге қатысты республика бойынша жұмыс жүргізілуде. Бірақ, кейбір адамдар жаңа жүйеден мүлде бейхабар. Ендеше, әлі де бұл бағыттағы жұмыстарды жетілдіре түсуіміз тиіс. Бұл орайда, кеңес төрағасы Дулат Нұрмолдин баяндама жасаған басшыларға жұмыстың өнімділігін арттыру үшін әрі қарайғы жұмыстарды жандандыру және тиімділігін жоғарылату, республика бойынша облыстың бұл бағытта атқарып жатқан жұмыстарының көрсеткішін көтеру мақсатында өз ұсыныстарын жақын арада жіберулері қажеттігін  тапсырды.
Бұдан әрі қоғамдық кеңес отырысында бірқатар мемлекеттік мекемелердің құқықтық-нормативтік актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізуге қатысты жобалар қаралып, бекітілді.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар