Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
ЕЛБАСЫНЫҢ ЖАСАМПАЗ ҚОЛТАҢБАСЫ - АРҚА АЖАРЫ

ЕЛБАСЫНЫҢ ЖАСАМПАЗ ҚОЛТАҢБАСЫ

Осыдан бір жыл бұрын «Естелікке автограф» атты мақаламда мен жекелеген, сонымен бірге, архивінде, кітаптарда және кәдесыйлар жиынтығында көп данамен Елбасының атына арнайы, естелікке және сыйлық ретінде қалдырылған қолтаңбаларға қысқаша шолуды ұсынған едім.

Аталған мақалаға арналған жылы лебіздер легін мен, әлбетте, Тұңғыш Президентіміздің тұлғалық қасиетіне деген жұртшылықтың үздіксіз қызығушылығымен, сонымен бірге, автографтар топтамасында үлкен саясат «кәдуілгі құрғақ ресмилік» формасында емес, адамдармен емен-жарқын кері байланыс түрінде берілгенімен байланыстырамын. Дәл сол кездің өзінде егер «Назарбаевқа» деген автографтар сыйға тартылған болса, әрине,
«Назарбаевтан» деген де автографтар тақырыптың бір тармағы болатыны белгілі еді. Сол себепті, бүгін мен оқырманды өзіммен бірге Елбасының қолтаңбалық әлеміне көз жүгіртуге шақырамын.

 

Махмұт Қасымбеков,
Қазақстан Республикасы
Президенті Кеңсесінің бастығы

Әңгімемізді бастамас бұрын «автограф» сөзі екі түрлі мағынаға ие екенін еске салу артық болмас. Автографтың жалпыға ортақ және кең қолданыстағы мағынасы өз қолымен жазылған жазу немесе қол қоюды білдіреді. «Автордан автограф алу» дегенді тілге тиек еткенде нақ осыны аңғартады. Филологтар ұдайы сүйенетін келесі мағынасы: автордың өз қолымен жазылған қолжазба мәтіні. Яғни, нақты адам жасаған және тасқа басқан кез келген ауызекі шығарма.
Бас құжатымыз – Ата Заңнан бастап, мемлекеттің өмірін реттейтін барлық негізгі қағидаттар, ережелер, нормалар мен бағдарлар Елбасының қаламынан туды. Президенттің актілері деп аталатын ресми құжаттар өмірдің барлық жағдайына бағытталған. Олардың толық тізбесі көп орынды алатындықтан, ең бастыларына тоқталайын. Олар: жарлықтар мен өкімдер, жекелеген жағдайларда заңдық күші бар, вето құқын қолданатын заңдар мен жарлықтар, Парламент ұсынған заңдарға қол қою, Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауы, Үкіметтің құрамын белгілеу, лауазымды тұлғаларды тағайындау, мемлекеттік бағдарламаларды бекіту, референдум өткізу туралы шешім қабылдау, халықаралық келісімдерге қол қою, мемлекеттік наградаларды табыс ету, әскери және басқа да атақтар, шендер, рангтар мен сыныптарды тағайындау.
Олардың әрқайсысының артында нақты адамдардың өмірімен өрілген еліміздің тағдыры тұр. Бұлардың қатарында Қазақстан азаматтығына қабылдау немесе жазаға тартылған азаматтарға рақымшылық жасау туралы мейлінше нәзік шешімдер де бар.
Президенттің жұмысында мәтіннің қыруар жүктемесімен айналысу әдеттегідей аса ауқымды. Мәселен, 2016 жылы 6 мыңнан астам құжат, оның ішінде 107 заң, 243 жарлық, 88 өкім, 16 кеңес хаттамалары, 1042 қызметтік жазба хат, 4200 сараптамалық және ақпараттық-анықтамалық материалдар, 309 азаматтар өтініштері қаралып, қол қойылды. Егер мұны елестетер болсаңыз, үйіңіздегі ең үлкен бөлмеде төбеге дейін үйілген қағаздар топтамасы көз алдыңызға келер еді. Десек те, Президент Әкімшілігінде қолданысқа енген электрондық құжат айналымы және іс жүргізу жүйесіне байланысты бұл әлдеқайда жинақы көрінеді.
Және аталған мерзімде Нұрсұлтан Әбішұлының шетелдерге сапарлары, өңірлерге жұмыс сапарлары, түрлі отырыстар мен кеңестерге, халықаралық форумдарға, конференциялар мен съездерге қатысуы, шетелдік мемлекет және қоғам қайраткерлерін қабылдауы, қоғамдық және еңбек ұжымдары өкілдерімен кездесулер, өнеркәсіп орындары мен әлеуметтік нысандарды аралауы сияқты хаттамалық іс-шараларды өткізгенін қоспағанның өзінде 700-ге жуық мәтінмен жұмыс істегенін көресіз. Президентке осындай тіпті, қысқа мерзімді әрі эпизодтық іс-шараларда өзінің сөйлейтін сөзін немесе диалогқа қатысқанда айтатын ойын тез арада зерделеп, алдын ала әзірлеуіне тура келеді.
Елбасының жанрлық-стильдік сан қырлы шешендік қасиеті мен тіл байлығы іскерлік және құжаттық тілмен шектелмейтінін атап өткім келеді.
Тіл мамандарының Елбасының шешендік шеберліктің барлық үздік үлгілерін: ресми сөздері, дипломатиялық тіл, бизнес қауымдастықтық іскерлік стилі, Жоғарғы Бас қолбасшының бұйрық сөзі, ғылыми лекциялар, рухани-адамгершілік тақырыптарын жұртшылықпен талқылау кезінде белсенді әрі өз орнымен қолданатыны жөніндегі менің ойыммен келісетіні анық.
Соңғысына қатысты мынандай фактіні көлденең тартсам деймін: діни көшбасшы болмаса да (мәселен, бір мезгілде ағылшын шіркеуінің басшысы болып табылатын Ұлыбританияның патшайымы немесе басшылығында аятолла тұратын Иран Ислам Республикасы) ол, соған қарамастан, әрдайым мереке күндері (Құрбан айт, Рождество), Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерінде, Қазақстанның руханият өкілдерімен кездесулерінде діни наным-сенім өкілдерімен ұдайы әңгімелеседі. «Таза берілген» діни және дін таратушылық жолда болмаса да, оның «Қалың елім, қазағым», «Бейбітшілік кіндігі», «Ұлы дала ұлағаттары» кітаптары мен «Ой бөлістім халқыммен», «Жылдар мен ойлар» жинақтары және басқа да сөйлеген сөздері мен мақалалары терең философиялық-дидактикалық мәнімен ерекшеленеді.
Аталған жайттар менің Нұрсұлтан Назарбаевтың тілдік ерекшелігі әмбебап шешендіктің жарқын үлгісі деп есептеуіме негіз бола алады.
Көптеген жылдар бойы Елбасының қағаздары мен құжаттары бойынша білімнің сан алуан салаларының мамандары үшін қайталанбас дереккөздік базаны құрайтын көлемі және ақпараттық құндылығы бойынша қыруар қор жасақталды. Бұл бойынша Мемлекет басшысының эпистолярлық дүниелерін де айтуға болады, мұны жүйелеу, жариялау және зерттеу қазіргі уақытта ең бастапқы кезеңінде тұр, сондықтан да, әлі де ол өзінің шын ниетімен беріле жұмыс істейтін қажырлы зерттеушілерін күтуде.
Мына сұрақтың төркіні қай тұстан басталады: Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің алғашқы автографын қашан және кімге жолдады?
Ашығын айтайын: бұл сұраққа жа-уап беру және адам өзінің саналы түрде алғашқы мәтінін қашан жазды және оның мерзімі туралы жауап беру аса қиын. Өйткені, адам естелік қолтаңбаны балдәурен шақтан бастап бере бастайды.
Алайда, Елбасының биографиялық кітабы туралы жұмысты бастағанымда, Нұрсұлтан Әбішұлы менің өтінішіме назар аударып, өзінің жеке архивінен көптеген хаттар мен жазба және фото материалдарды берді. Олардың ішінен мен болашақ Президентіміздің бала күнгі досы Хусейн Хаджиевпен түскен суретін және оның сыртына өз қолымен жазған «бізді ешкім ешқашан ажырата алмайды» деген қолтаңбасын таптым. Тарихтан білетініміздей, фото өнері ойлап табылғалы және оның мүмкіндігінше таралуына байланысты ХХ ғасырда фотокарточкалар естелік қолтаңбаларды көп тарататын құралға айналды.
Президенттің Қаскелең орта мектебіндегі сыныптастары оның ерте жастан-ақ достарына қысқа тілектері жазылған сыйлықтар беруді жақсы көргенін естеріне алады. Оның Рая есімді қатарлас құрбысының айтуынша: «Жаңа жыл қарсаңында мектепте мерекелік маскарад кеш ұйымдастырылды. Үздік карнавалдық костюм үшін алғашқы жүлде ретінде фотоға арналған альбом тарту етілді. Ал, Нұрсұлтан әрбірімізге негізінен открыткалар мен кітаптардан құралған жеке-жеке сыйлықтар дайындады. Біздің қуанышымызға қарай, менің құрбым Розаға ол С.Мұқановтың «Ботагөз» кітабын, маған да кітап және «Ұйқыдағы ару» парфюмерлік жиынтығын сыйлады. Бұл екі эпизод жоғарыда қойылған сұраққа нақты жауап бере алады: Нұрсұлтан Әбішұлының ең алғашқы автографтары оның открыткаларға, кітаптарға және дос-тарына арналған басқа да сыйлықтарға қол қойған мектептік кезеңіне дөп келеді.
Бұл жерде мен Мемлекет басшысының қолтаңбаларын зерделеуде белгілі бір шектеулер бар екенін атап өтуім керек. Және мәселе түгендеу проблемасында емес, десек те, қабылданған қолтаңбалардан гөрі жолданған «месседждер» санын есептеу аса қиын. Мәселе этикалық жағында: қанша дегенмен жеке хат алмасу (көбінесе автографтар да осыған жатады) – бұл құқықтық және адамгершіліктің көзге көрінбейтін шекарасын аттап кетпеу маңызды саналатын жеке адамның кеңістік аймағы болып саналады.
Көп жыл бойы Президенттің мәтіндері қалай жазылатынын бақылауға мүмкіндігім болғандықтан, мен оның жазу мәдениеті мен техникасы туралы белгілі бір көзқарас қалыптастырдым. Нұрсұлтан Әбішұлы – бірінші кезекте «клавиатуралық», «нүктелік», «сенсорлы» жазбаларға қарағанда дәстүрлі қолмен жазу мәдениетін жанына жақын көреді. Әрине, технократ ретінде ол жаңа ақпараттық-коммуникациялық құрылғыларды жеңіл меңгереді. Бірақ, оның таза ақ параққа, сенімді және жорға автоқаламға жақындығы сондай, басқаларының бәрін екінші кезекке ысырып қояды. Оқушылармен әңгіме кезінде де ол шынайы ақыл-кеңесін айтудан танған емес. «Желілерде ұзақ отырудың, гаджеттерге байланып қалудың қажеті жоқ. Виртуалды әлемде емес, нақты өмірде өмір сүріп үйренген анағұрлым пайдалы», –
дейді Елбасы.
Мемлекет басшысының бұрынғы резиденциясында орналасқан Тұңғыш Президент Музейінде оның кабинеті әдейі алғашқы қалпында, иесі бар-жоғы осыдан бес минут бұрын ғана шығып кеткендей күйде қалдырылған. Оның жазу үстелін көрген адам басы артық ешнәрсе таба алмайды. Президент өзінің жұмыс орнын жазуға қажетті құралдармен ғана қамтамасыз ететіндей деңгейде ұйымдастыратындықтан, ешқандай «шығармашылық тәртіпсіздікке» жол берілмейді.
Елбасының негізгі жазу материалдары – А4 пішіміндегі парақ, ескертпелер жазу үшін қолданылатын шағын пішімді парақша, белгі қоятын стикерлер, күнделікті жазбалар үшін пайдаланылатын кітапшалар. Ежелгі әдеті – төс қалтаға еркін сыйып кететін шағын қойын кітапшаларына жазу. Су белгілері бар ерекше қағаздағы президенттік бланкілер әдетте таза баспа мәтіндер үшін қолданылады, бірақ, автор оған да қажет кезінде түзетулер, өзгерістер, толықтырулар енгізіп тұрады.
Негізгі жазу құралдары − автоқалам, грифельді және түрлі-түсті қарындаш, фломастер және маркер. Шарикті қаламға (қолданбайды десе де болады) қарағанда, Президент қауырсын сиялы автоқаламға басымдық береді.
Ежелгі дала мақалы былай дейді: «Аңшыны қамшысынан таны, жазушыны қаламынан таны». Біздің бүгінгі әңгімемізге қатысты айтатын болсақ, бұл мынаны білдіреді: нағыз кәсіпқой өзінің еңбек құралына ерекше көзқарас танытады. Өзінің қаламына Нұрсұлтан Назарбаев та фетишизмсіз, бірақ, үлкен құрметпен қарайды. Бұл қазақтардың оптимизмге толы, арманшыл, ырымшыл ұлттық мінезіне сай келеді. Осы себепті, ол ұлт үшін тағдыршешті де маңызды құжатқа қол қойғаннан кейін: «Түпнұсқаны архивке, ал, қаламды музейге өткіземін»,  – дейді. Соңғы осындай жағдай Президент Конституцияға енгізілген өзгерістерге қол қойған 2017 жылдың наурызында болды.
1990-шы жылдарғы атышулы аукционда оны ұйымдастырушылардың талап-өтініштеріне үн қатқан Президенттің оған басқа заттарын емес, дәл автоқаламын қойғаны да мәселенің мәнін аша түсетіні анық.
Нұрсұлтан Әбішұлының жазуы туралы айтқанда, Президент жағдайға байланыс-ты белгілерді түсіруде негізгі барлық нұсқаларды: орташа, ірі, ұсақ, жиілетіп жазу нұсқаларын қолданады. Оның актілік жазбалары (мысалы, құрметті қонақтар кітабындағы, салтанатты және ескерткіш мәтіндердегі) түсініктілігі, мағыналылығы, мазмұндалуы тұрғысынан каллиграфты болып келеді. Оның жұмыс, қаралама (черновик) және шұғыл жазбаларында әріптер ірі әрі көлемді болып келеді, ал, қысқарған сөздер мен белгілердің (астын сызу, леп белгісін және сұрақ белгісін қою, т.б.), сондай-ақ формулалардың, есептеулердің, суреттердің, сызбалардың жиі кездесетіні басқа әңгіме. Ұсақ жазуларды ол мәтінді шағын пішімді параққа сыйғызу талап етілген кезде қолданады: мұндай жағдай қарарларға байланысты (аппараттық сленгте – «фишка») кездесіп тұрады.
Осының өзінде Президент, тіпті, қаралама (черновик) жазбаларында да таза жазуға тырысады. Өйткені, оның сөйлемдері ойластырылғандығымен, діттеген жеріне дөп тиетіндігімен және нақтылығымен ерекшеленеді.

Архивтен әр жылдарғы қолжазбаларды зерделей келе, мен Нұрсұлтан Әбішұлының жазуының өзгеріссіз келе жатқан тұрақты сипатын анықтадым. Мұның бір артықшылығы, көптеген адамдар, өкінішке қарай, жақсы жазуларымен ерекшеленбейді, ал компьютерлі-клавиатуралы және «нүктелі» дәуірдің өмірімізге дендеп енуіне байланысты, тіпті, кезіндегі орнықты жазу дағдысы бар адамдардың өзі онысын жоғалтып алатын тұстар да анағұрлым арта түсіп отыр. Президенттің жазу мәдениетінің осындай тәртіптілігі мен эргономикалығын көрген сәтте кім анық ойлай білсе, сол нақты мазмұндайды деген ежелгі шындықтың дұрыстығына кезекті мәрте көз жеткізесің.
Президенттің құжаттармен жұмысы туралы мен «Тұңғыш» деген кітабымда жан-жақты жазғандықтан, бүгін мен тек оның қарарының тілі мен стилін ғана қысқаша сипаттап өтейін. Жас кезінен-ақ аппарат жұмысының тар жол, тайғақ кешулерінен өткен ол бюрократ болған жоқ. Керісінше, ол – қоғам мүддесіне қайшы келетін бюрократизмнің, сөзбұйдалықтың нағыз бітіспес жауы.
Осы орайда Елбасы өзінің атына келетін әрбір корреспонденцияны ерекше бір оқиға және «шығармашылықтың жеке бір актісі» ретінде қабылдайды. Ол келген хат-хабармен мұқият, сараптау әрі сын тұрғысынан қарап танысады. Сондықтан оның қарарларының тілі де – ресми бланкілердегі жазбаша өкімдерде – шаблонды функционерлік клишелерден айтарлықтай алшақ жатады.
Оның сөзі жанды, эмоционалды, еркін, қысқа және көп жағдайда өткір. Бұған сенуге де, сенбеуге де болар, бірақ Нұрсұлтан Әбішұлы жұмысының нәтижесі белгілі бір корреспонденцияға қарағанынан-ақ білінеді: онда ол кей сәттері қуанышты кейіпте қозғалақтап қойса, келесісінде мәтінге баса мән бере отырып, қабағын түйеді, енді бірде шұғыл сұраныс жасату үшін телефонға қол созады, сондай-ақ шкафқа барып, қажетті кітабын тауып алады да ойлы көзбен терезеден қарайды… Және ақыр соңында проблеманы шешудің тәсілін тауып, жылы жымияды.
Жақында мен архивтен Үкімет пен орталық мемлекеттік органдардың 1990-шы жылдардағы қызметі туралы құжаттарды көтердім.
Сол кездегі премьер-министрлердің бірі кейде стилистикалық жағынан кемістігі жоқ, бірақ нәтижеге жұмыс істей алмайтын, мағынасыз, тіпті кейде теріс ақпарат беретін есеп-баяндаулар жолдауға бейім болатын. Президенттің тұтыну тауарларын шығаратын өнеркәсіп саласын тұрақтандыру мен дамыту бойынша тапсырмасын Үкіметтің орындау барысы туралы хабарланатын сондай қағаздардың бірін Нұрсұлтан Әбішұлы былайша қабылдады: «Бұл − сырғытпа жауап. Еліміздің ішкі рыногына бағдарланған салаларда: зауыттарымызда құрылыс материалдарын, жеңіл өнеркәсіп, тамақ өнеркәсібі, халыққа арналған басқа да тауарлар шығаруда күрт құлдырау жалғасып жатыр. Сендер шикізат сатумен әуестенудесіңдер, ал халықтың ақшасы өзге елдердің пайдасына жұмыс істеуде. Менің былтырғы берген тапсырмаларым аяқсыз қалды. Жұмысты дұрыс жолға қойыңдар, әйтпесе мұны басқаларға тапсырамын».
Салық қызметінің бір басшысы бұзушылықтардың анықталғаны, ақша мен материалдық құндылықтардың дер кезінде қайтарылғаны жөнінде жеңісті баяндау жолдапты. «Сен, бірақ тексер» қағидатына сүйенген Президент жоғарыдағы ақпаратты тексеру туралы Бас прокурорға тапсырма береді: «Көрсетілген фактілерді анықтап, хабарлауды сұраймын». Президенттің күмәні дұрыс болып шықты, кейін салық қызметкерінің шаш ал десе, бас ал деген қадамдарға барғаны белгілі болды.
Тағы бір жоғары лауазымды шенеунік сеніп тапсырылған учаскеде нақты жұмыс істеудің орнына кейде жобақұмарлыққа жол берген. Салдарынан ағымдағы жұмыстар жайына қалған. Ол өзінің кезекті бір желбуаз есебін ұсынған кезде, Президент: «Мұның не керегі бар?», – деп қысқа ғана қайырған еді.

Мемлекетшіл тұлға және транспаренттіліктің жақтасы ретінде Президент жұртшылықты азаматтардың құқықтары мен мүдделеріне қатысты мәселелер бойынша құлағдар етіп отыруды ешқашан есінен шығарған емес. Сондықтан оның қарарларының ішінде: «БАҚ арқылы жауап беріңдер» немесе «БАҚ-та тиісті пішімде көрсетіңдер», деген тапсырмалар жиі кездеседі.
Жекелеген азаматтар мен ұжымдардан да хат-хабар өте көп келеді. Олармен мұқият танысып шыққан Президент: «Авторға рахмет айтайық. Жауап дайындаңдар», деп жазады.
Егер еліміздің саяси тарихындағы Семей полигонын жабу, мемлекеттік тәуелсіздік туралы заң мен Конституцияны қабылдау, мемлекеттік рәміздерді дайындау, Қазақстан халқы Ассамблеясын құру, астананы ауыстыру, көрші елдермен тарихи келісімшарттар жасау, халықаралық ұйымдар мен жобалардағы өзара іс-қимыл, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін шақыру, ЕҚЫҰ-ның Астана саммиті, маңызды стратегиялық және жалпыұлттық бағдарламаларды жүзеге асыру, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі сияқты және тағы басқа негізгі және айтулы оқиғаларды еске түсірсек, осылардың барлығы Тұңғыш Президент тарапынан қол қою арқылы бекітілгенін көреміз. Ал бұл − Қазақстанның бүкіл жаңа тарихы, тікелей және ауыспалы мағынада айтқанда, Елбасының қаламынан шықты деген сөз.
Н.Ә.Назарбаевтың жеке қол қою үлгісі саяси бренд ретінде өзі басқаратын «Нұр Отан» партиясының эмблемасында немесе қазір айтылып жүргендей, логотипінде мейлінші көрнекі әрі тұрақты түрде қолданылады, мүшелік партбилеттерінде, партия кеңселерінде ілінетін атауларында, бланкілерінде, үгіт-насихат өнімдері мен партия атрибутикаларында жазылады.
Н.Ә.Назарбаев қолының «Н» әрпі түріндегі қысқартылған нұсқасы мемлекеттің жоғары лауазымды тұлғасының айырым белгісінде – Қазақстан Республикасы Президентінің төсбелгісінде қолданылған. Ол еліміздің Елтаңбасының астында шынжырға бекітілген шұғылалы жұлдыздың ортасында орналасқан.
Соңғы онжылдықта Н.Ә.Назарбаевтың нақыл сөздерінің жарыққа шығуына және қайта басылып жатқанына байланысты солардың ішіндегі ең маңызды цитаталарын Елбасының қолымен әртүрлі орындарда – жоғары оқу орындары мен мектептерде, кітапханалар мен музейлерде, сондай-ақ көшелердегі панноларда көруге болады.
Осы күндері отандық телеарналардың көрермендері Елбасының жұрт алдында сөйлеген сөздерінің үзінділері берілген роликтерді көре алады. Мұны, егер солай айтуға болатын болса, Елбасының «дыбысты қолтаңбасының» мысалы деуге болады.
Президенттің қаріптік емес суретті қолтаңбалары туралы көптеген кітапта, мақалалар мен деректі фильмдерде бұрыннан айтылып жүр. Көп жағдайда бұлар – Нұрсұлтан Әбішұлының бір кездері сызған және кейіннен Президенттік мәдени орталық (қазір әскери-тарихи музей), «Бәйтерек» мұнарасы және Астананың басқа да нысандары болып архитектуралық келбет алған, қазақстандықтарға жақсы таныс ғимараттар мен құрылыстардың эскиздері. Осындай шығармашылық шабыт келген сәттерде кейде қолда әдеттегі жазу қағазы болмай қалады, сондай кездері келіп қалған ойды қағаз майлыққа түсіруге де тура келген. «Тұңғыш» атты кітапта мен осыған ұқсас эпизодты келтірдім. Мысалы, Нұрсұлтан Әбішұлына «Үшқоңыр» әнінің бастапқы нұсқасын композитор Алтынбек Қоразбаевпен музыканттың… кәмпит қорабының сыртқы жағына асығыс жаза салған сөздер мен ноталарға қарап талқылауға тура келген.
Дәстүрлі емес жазу материалы ретінде, тіпті металл да қолданылуы мүмкін. Отандық өндірушілерді қолдау үшін Нұрсұлтан Әбішұлы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап олардың өнімдерінің үлгілеріне естелік жазу қалдырып келеді. 2014 жылы Қостанай облысындағы «Сарыарка Автопром» ЖШС-інде «SsangYong Nomad» және «Toyota Fortuner» автомобильдерінің шағынжелілік жобасымен танысқан Елбасы жаңа машинаның капотына: «Ақ жол! Н.Назарбаев. 03/IX/2014, Қостанай қ.» деп жазды.
Президенттің жеке қолжазбалық емес белгілерінің жекелеген түрін мен осы жағдайда «пластикалық қолтаңба» деп шартты түрде атаймын. 1996 жылы, мемлекетіміздің құрылуының 5 жылдығы қарсаңында, Алматыдағы Республика алаңында «Тәуелсіздік» монументі бой көтеріп, салтанатты жағдайда ашылды. Авторлардың сол уақыт үшін әдеттегіден бөлек әрі батыл ойына сәйкес, негізгі ескерткіштің төменгі бөлігіндегі барельефтер арасында Нұрсұлтан Әбішұлының алақан бедері бар «Аяулы алақан» скульптуралық композициясы орнатылды. Осында келген әркім де Президентпен сәлемдесуге және өз қолын оның алақан ізіне қоюына болады. Бұл жер тез арада-ақ алматылықтар мен қала қонақтарының ең тартымды орнына айналды және көптеген әдемі аңыздар мен наным-сенімдерге арқау болды. Ескерткіш авторлары Ш.Уәли-хан және А.Жұмабай 1999 жылы Мемлекет басшысына осы скульптураның тағы бір нұсқасын тарту етіп, оны «Отанымыздың оң қолы» деп атады және Н.Ә.Назарбаевтың президенттік сайлаудағы жеңісіне арнады. Сәл кейінірек, 2000 жылы дәл осындай алақан елордадағы «Бәйтерек» монументінде де пайда болды.
«Жанр классикасына» орала отырып, Президент қолтаңбасының негізгі функциясы оның тікелей мақсаты екенін, яғни сый, құттықтау және естелік жазба рөлін атқару екенін атап өтемін. Нұрсұлтан Әбішұлы жылына екі рет айрықша әсерлі миссия орындайды: Халықаралық әйелдер күніне және Жаңа жылға орай жеке құттықтау ашықхаттары мен хаттар жолдайды. Президент қолтаңбасын тақырыптық кездесуге қатысушылар да ала алады. Мысалы, 2016 жылы желтоқсанда Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай шақырылған Жастар форумының делегаттары Елбасынан сыйлыққа әкелік ізгі тілегі мен жеке қолы қойылған «Ұлы дала ұлғаттары» және «Жылдар мен ойлар» кітаптарын алды. Сол айда Нұрсұлтан Әбішұлы өз Әкімшілігінің ұжымымен кездесіп әңгімелесті және суретке түсті, кейіннен қызметкерлер Елбасы қол қойған суреттерін алды.
Қателесуім мүмкін, бірақ менің байқауымша, Президенттің ең беделді қолтаңбасының бірі – Мемлекет басшысының жазбаша алғыс хаты. Президенттің алғысы заңдық тұрғыдан мемлекеттік награда емес екеніне қарамастан, кей жағдайда өзінің жарқырата көрсетуге ыңғайлылығы жағынан, медальдар мен ордендерден ерекшеленеді дер едім. Адам өз медалін айрықша салтанатты жағдайларда ғана тағатын болса, Президенттің алғысын жұмыс кабинетінің қабырғасына немесе үйіне іліп қоюға, ал оған қосымша төсбелгіні пиджактың жағасына үнемі тағып жүруге болады. Бұл ретте нақты бір тұлға Президенттің жазбаша алғысымен атап өтілетін әрбір факт белгіленген тәртіпте тіркелетінін де айта кеткен жөн.
Президент поштасымен жұмыс істеген жылдары мен Мемлекет басшысына бір рет болсын хат жазған және оның өзінен немесе өкілінен ізетті жауап алған жекелеген адамдар осы ресми жауап хатты өз кітаптарында немесе басқа да баспа өнімдерінде жариялайтынын байқадым.
Нұрсұлтан Назарбаевтың қолтаңбасын «қорғаушы грамота» іспетті қолданған оқиғалар да бар. Осыған орай бір оқиға еске түседі. 1996 жылы Мемлекет басшысының дарынды балалармен кездесуі болды. Дендеп тұрған дағдарысқа қарамастан, оларға барлық жағдай жасалды: балалар Медеуге барар жолдағы «Горное солнце» элиталы балалар лагеріне орналастырылып, мәдени-танымдық және экскурсиялық бағдарлама ұйымдастырылды. Нұрсұлтан Әбішұлы Достық үйінде балалармен әңгімелесті, ал кездесу соңындағы концерттен кейін барлығымен суретке түсті. Сол кездесуде болған бір оралман бала Елбасымен түскен суретін көздің қарашығындай сақтап, әрдайым өзімен бірге алып жүріпті. Бір жолы шекарадан өтерде проблема туындаған кезде ең соңғы аргумент ретінде шекарашыларға Мемлекет басшысымен түскен суретін көрсетіпті…
Көпшілікті, әсіресе жастарды қызықтыратын тағы бір мәселені айналып өткім келмейді. «Елбасы қолтаңба-сессиясын жасай ма?». Бұл сұрақтың жауабы тіптен оңай. Нұрсұлтан Назарбаев соншалық тартымды әрі танымал тұлға болғандықтан, қолтаңба бере бастаса болғаны, ұзын-сонар кезек пайда болады және бұл процесс ұзаққа созылуы мүмкін. Шетелдерге сапар барысында да осындай аяқ астынан туындайтын жағдайлар болады, ондай кезде Елбасы барлығына ықыласпен және төзімділікпен қолтаңба береді.
Уақыт үнемдеу үшін Президенттің факсимилесі де қолданылады, бұл да бұрыннан бар, кең таралған нормалардың бірі.
Қолтаңба сұраған адам коллекционер болмауы да мүмкін. Бірақ бір нәрсе күмәнсіз анық: барлығы қолтаңба алғысы келетін адам өз саласында даусыз мойындалған беделді тұлға болып саналады.
Император II Николай атындағы қолтаңбалар музейі (Новосибирск, Ресей Федерациясы) 2005 жылы біздің Мемлекет басшысының қолтаңбасын сұратты. Бірнеше күннен кейін Нұрсұлтан Әбішұлының өз қолымен «Ресей халқына ізгі тілекпен. Н.Назарбаев. 08.09.2005 жыл, Астана қ.» деп жазған қолтаңбасы бар фотопортреті дипломатиялық арналар арқылы аталған музейге жолданды.
2014 жылы Қытайдың Наньцзинінен Хе Йайд атты баладан жеке өзінің және командасының рекордтары туралы әңгімелеген, сондай-ақ қолтаңба қойылған фото мен жауапты жарыс алдындағы батасын беруді сұраған хат келіп түсті. Өтініш орындалды, оған жазылған жауап хатта былай деп жазылған еді:
Саламатсың ба, жасөспірім дос Хе Йайд!
Сенің жазған хатыңнан 6 жасыңда-ақ биік мақсаттар қойып, жарқын жетістіктерге жеткеніңді және өзіңді үлкен әрі пайалы нәрсеге дайындап жатқаныңды білдім, осының өзі мақтауға тұрарлық.
Өз өтінішің бойынша саған қолтаңбам жазылған фотосуретімді жолдаймын және өзіңе, құрдастарыңа алдағы және болашақтағы барлық жарыста сәттілік жолдас болуын тілеймін.
Жеңіс қымбат және оған әділ бәсекеде қол жетсе ғана нағыз даңққа бөлейді. Нағыз жеңістер тілеймін!
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев

2015 жылы шілдеде алматылық мектеп оқушысы Сайхан Бациев Мемлекет басшысына туған күніне орай туған еліне деген махаббат пен құрметке толы өлең жолдарымен өрілген құттықтау жолдады. Автор хат соңында өзіне міндетті түрде жауап беруін өтініп: «…әйтпесе, Сізге жазғаныма сенбеуі мүмкін» депті. Оның да бұл өтініші орындалды.

***
Өмір жалғаса береді. Алдымызда бізді Елбасымыздың өмірбаянымен байланысты тағы да көптеген жарқын беттер мен қызықты жаңалықтар күтіп тұр деп ойлаймын…

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар