Ұлт абыройы

Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында «Астана – еліміздің мақтанышы» деген тақырыпта дөңгелек үстел өтті. Оған мәдениет мекемелерінің қызметкерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Шараны ашып жүргізген облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сәуле Бөрібаева тәуелсіздігіміздің рәмізі іспетті саналатын Астананың  еліміздің өміріндегі ерекше орны туралы айтып, жиналғандарды Астана күні мерекесімен құттықтады. Облыстық мемлекеттік мұрағаттың бөлім басшысы Нәзира Қоқышева бір жарым ғасырлық тарихы бар Ақмоланың іргетасының қаланып, Астана аталуына дейінгі өткен тарихы жайында деректерге сүйене отырып, қызықты әңгімелеп берді. Бүгінгі Астана – мәдениет пен өнердің, білім мен ғылымның орталығы. Астанада әлем халықтарының дәстүрлі діндері съездері өтіп, түрлі халықаралық шаралар ұйымдастырылып тұрады. Қазіргі күні өтіп жатқан «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі Астанамыздың, жалпы мемлекетіміздің даңқын әлемге асқақтатуда.
Облыстық сәулет және құрылыс басқармасының басшысы Владимир Фелбелт бүгінде көркімен көпшілікті тамсандырып жүрген Астананың сәулет құрылысы жайлы баяндады. 1997 жылы болашақ бас қаланың бас жоспарын жасау үшін конкурс жарияланып, оған ондаған елдің жүздеген сәулетшілері қатысқан еді. Солардың арасынан жапондық атақты сәулетші Кисе Курокаваның ұсынған жобасы мақұлданып, бүгінгі Астана сол жоба бойынша дүниеге келді. Астана құрылысына облысымыздың құрылысшылары да қатысып, өз үлестерін қосқанын мақтанышпен айтуға болады. Бұрынғы «Көкшетауқұрылыс» тресі Елорда құрылысына қатысып, өз қолтаңбасын қалдырды. «2009 жылы еліміздің барлық аймақтары Елордада белгілі бір аумақты көгалдандырып, абаттандыру жұмыстарын жүргізуді қолға алған еді. Біздің облыс қазақ драма театры тұрған аумақты абаттандырып, біз отырғызған 120  көшеттің 119-ы өсіп, қазір жайқалған ағашқа айналды», – деп есіне алды сәулет және құрылыс басқармасының басшысы. Журналист Серік Жетпісқалиев Мемлекет басшысының еңбектері жайында әңгімеледі.
Дөңгелек үстел барысында облыстық мәслихаттың депутаты Геннадий Осиненко, Көкшетау қаласының құрметті азаматы, жазушы Виктор Терещук Астана жайлы ой-толғамдарын ортаға салса, республикалық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, ақын Мерген Тоқсанбай Астанаға арналған өлеңдерін оқыды. Үкілі Ыбырай атындағы облыстық филармонияның әншілері Астана жайлы әндерді шырқады.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар