Жағдаймен танысты

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мұрат Теміржанов пен Сергей Звольский жұмыс сапарымен облысымыздың көктемгі су тасқынынан зардап шеккен Сандықтау және Атбасар аудандарында болып, сайлаушылармен жүздесті.

 

САНДЫҚТАУ.   Халық қалаулылары аудан орталығы Балкашин селосында және Сандықтау, Максимов селолық округтерінде болып, тұрғындармен  кездесті. Ауыл әкімдері су тасқыны зардабын жою бағытында атқарылып жатқан шаруалар туралы айтып берді. Депутаттар  табиғи апаттан зардап шеккендердің үйлерінде болды.  
Балкашин селосында тұратын сексен жастағы Тамара Галина бұл өңірде бұған дейін мұндай табиғат апаты болмағанын, күтпеген жерден келген су үйлерін басып, әбігерге салғанын, бірақ жергілікті әкімдік пен құзырлы органдардың, жалпы халықтың қолдап, көмек көрсетуі арқасында апат зардабы салдары оншалық ауыр болмағандығын айтып, қысылған шақта қол ұшын берген қайырымды жандарға деген ақ алғысын білдірді.  Ауданда 39 үй қатты зардап шеккен, оны жөндеп, қалпына келтіру үшін бюджеттен 700 миллион теңге бөлінген екен. Апат кезінде жан-жақтан келген көмектер тасқыннан зардап шеккендердің залалдарының орнын толтыруға септігін тигізіпті. Халық қалаулылары өз кезегінде апаттан зардап шеккендерге заң шеңберінде көмек көрсететіндерін айтты.
АТБАСАР. Мәжіліс депутаттары  Полтавка селосында болып, осындағы «Полтавка-2» серіктестігінің жұмысшыларымен жүздесті. Содан кейін көктемде орын алған су тасқынынан зардап шеккендермен жолығып, апат салдарының жойылу барысы туралы естіп білді. Мұнда отызға жуық отбасы су тасқынынан зардап шеккен еді.  Бірақ та, сол бір қиын шақта аудан, облыс, тіпті, республиканың әр аймағынан көмек келіп, азық-түлікпен, киім-кешекпен қамтамасыз етілді. Қазір апат салдарын жою бағытында мақсатты жұмыстар атқарылуда. Покровка ауылын да көктемгі су тасқыны айналып өтпеді. Мұнда елуге тарта үйді су алып, тұрғындар апаттан біраз зардап шекті. Депутаттар апат салдарын жою бағытында жасалып жатқан жұмыс жайында сұрап біліп, заң шеңберінде қолдан келген көмектерін беретіндіктерін айтты. Атбасар қаласында халық қалаулылары аудан активтерімен кездесіп, заң шығарушылық бағытта атқарылған жұмыстар жайында баяндап берді. Сондай-ақ, қаладағы №1 орта мектепте көктемгі су тасқынынан зардап шеккендермен кездесу болып, онда апаттан үйсіз қалған тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету жайы, осы бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтылды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.  

Суреттерде: Сандықтау ауданындағы кездесулердің бірінен көрініс;  атбасарлық сайлаушылар халық қалаулыларына өз сауалдарын қоюда.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар