Жаңа елорда – тәуелсіз Қазақстан үшін жарқын келешектің нышаны

Құрметті Ақмола облысының тұрғындары!
Мемлекеттік мереке – Астана күніне орай, сіздерді шын жүректен құттықтаймын!
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың алысты болжайтын көрегендігі және жасампаз күш-қуатының арқасында Еуразияның нақ ортасында тамаша астана дүниеге келді. Аз ғана уақыттың ішінде жасампаз, жарқын уақыттың талабына сай, береке мен бірліктің, күш пен қуаттың айнымас айқын бейнесі тәрізді Елорда тәуелсіз Қазақстанның асқақ мерейін биіктетуде. Бүгінгі Астана әлем елдерінің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған  халықаралық саяси-экономикалық пікірлер тоғысатын, шешімдер қабылданатын орталыққа айналды.
Астанада «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу Қазақстанның әлем елдері арасындағы биік беделін, асқақ абыройын көрсетеді. Астана ел дамуының қуаты мол қозғаушы көзіне айналды. Ұлттың рухани тұрғыдан жаңғыруына, жаңаруына себепші болып отыр. Облысымыз астаналық өлке болғандықтан, Елорданың әлеуметтік-экономикалық дамуына айрықша үлес қосып келеді. Қоса да бермек.
Біз Астанамен мақтануға хақылымыз. Оның өткен тарихымен де, бүгінгі жетістіктерімен де көкірек керіп, мақтанышпен айта аламыз. Алдағы уақытта бұдан да асқақ әрі даңқты, сәулетті де дәулетті болуына шынайы тілектеспіз. Осы бір жарқын мереке күні сіздерді қызу құттықтай отырып, біздің сүйікті Отанымыз – Қазақстан Республикасы мамыражай бейбітшіліктің ыстық құшағында берекелі де мерекелі, мерейлі де мәртебелі ел болсын деген жүрекжарды тілегімді білдіргім келеді.

Мәлік МЫРЗАЛИН,
Ақмола облысының әкімі.

Құрметті ақмолалықтар!
Сіздерді еліміздің бас қаласы  – Астананың туған күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Сарыарқаның сайын төсінде ірге тепкен Астана – Қазақстанның жүрегі. Аз уақыттың ішінде Елорда сәулеті мен дәулеті келіскен, бағалы бастамалардың бесігі болған тәуелсіз Қазақстанды айдай әлемге танытты. Астана қазіргі заманғы әлемдегі әсем қалалардың біріне айналып, саяси-экономикалық және әлеуметтік-мәдени  мәселелерді талқылайтын әлем көшбасшыларының кездесулері өтетін орынға айналды. Мұнда жоғары деңгейдегі халықаралық іс-шаралар өткізіліп келеді. Бүгінгі күні Астанада өтіп жатқан «ЭКСПО – 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне әлемнің түпкір-түпкірінен жарты миллионнан астам меймандар келді. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіру міндетін қойып отыр.  Осыған орай, нақты бағдарламаларды іске асыра отырып, алға қойылған міндеттердің мүлтіксіз орындалатынына, Астананың одан әрі өркендеп, келешегі кемелдене түсетініне біздің сеніміміз зор.
Сіздерді осы тамаша мерекемен құттықтаймын! Баршаңызға мықты денсаулық пен бақыт, бейбітшілік пен табыс, Қазақстан Республикасының игілікті жолында жаңа жеңістер тілеймін. Сүйікті Астанамыз гүлдене берсін.
Дулат НҰРМОЛДИН,
Ақмола облыстық мәслихатының хатшысы.   

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар